15 Шілде, 2022 Саясат
Фото: orda.kz
Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты бопсалағанын теріске шығарды. Бұл туралы ол Orda.kz басылымына берген сұхбатында айтты.
– Бұл "барлығын білгіш" болып көрінгісі келетін Бапидың (Ермұрат Бапи – ред.) ойдан шығарғаны. Иә, жігіттер оларды (Назарбаев пен айналасындағыларды – ред) серуендеп жүргенде көріп, видеоға түсіріп алған. Содан кейін олар тоқтаған үйдің алдында шағын митинг өткізіп, тарап кетті. Бұл Бапи айтып отырғандай үлкен қоршалған коттедж емес, жоғары деңгейдегі тұрғын үй болатын. Егер бопсалау болса, сол кезде менің "қылмыстық ісім" қаралып, барлық мүліктерім міндетті түрде қайтарылатын еді. Өздеріңіз білетіндей, Назарбаев 2019 жылы мұны істей алатын жағдайда болды, – дейді Бергей Рысқалиев.
Ұлыбританияда тұрып жатыр экс-әкім Қазақстанға қайта оралу жөнінде де пікір білдірді.
– Бұл – менің қолымда тұрған дүние емес. Менің ісім саяси бейтарап деңгейде қаралуы керек. Сот жаңа қаулыларында менің және басқа сотталғандардың мемлекетке бір де бір шығын келмегені анық көрсетілген. Мен бұл туралы 2022 жылғы 20 маусымда Жоғарғы Сотқа кассациялық тәртіпте қайта қарау туралы екі өтініште жаздым. Жауабын күтіп жүрмін, – дейді Рысқалиев.
2019 жылғы қыркүйекте әлеуметтік желіде Нұрсұлтан Назарбаев Лондондағы Гайд-паркте серуендеп жүрген видео тарап, оны Бергей Рысқалиев түсіргені туралы ақпарат шыққан. Бұдан бөлек, журналист Ермұрат Бапи экс-әкім Назарбаевты бопсалаған видео бар екенін, оны көзімен көргенін мәлім еткен.
2020 жылғы 16 маусымда Жоғарғы сот Бас прокуратураның наразылығы бойынша Атырау облысы экс-әкімінің пайдасына шешім шығарып, Рысқалиевке мемлекет тәркілеген мүліктің бір бөлігі қайтарылған. Олардың қатарында Атырау облысында ғана емес, Алматы мен Ақтөбеде де орналасқан әртүрлі компаниялардың жері, қаражаты, жарғылық капиталындағы үлестері бар. Сондай-ақ құзырлы орган ағайынды Рысқалиевтердің әйелдерінің мүлкін тәркілеу туралы қаулы күшін жойды.
Осыдан кейін ел ішінде Рысқалиев "Назарбаевты бопсалау" арқылы мүлкінің бір бөлігінің қайтарылуына қол жеткізді деген әңгімелер тараған.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір