• USD 424.68

  • EUR 499.76

  • RUB 5.77

  • CNY 65.6

25 Шілде, 22:47:58
Алматы
+26°

Медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик Төрегелді Шарманов елде өршіп тұрған жемқорлыққа алаңдаушылық білдіріп, онымен қоғам болып күресуге шақырды.

"Кезінде лауазымды қызметте жүрген тұста қандайда бір тараптан гүл немесе шампан сыйға тартылса біз мұның өзін «"орынсыз жағыну" деп танып, қабылдамадық. Ал қазір сол гүлдің де шампанның да көк тиындық құны болмай қалды. Қазіргі жемқорлықтың құлқыны өте кең. Қоғамда "түйені түгімен жұтатындар" көбейіп кетті. Негізінде, бұл жаман қасиет қазаққа тән емес еді.

Мына мен өз басым біраз кезеңді басымнан өткердім. Кеңестік кезеңде біреудің бір артық нәрсесін көрсе ол талқыға салынатын, тексерілетін, жауапқа тартылатын. Ол кезде пара беру де, алу да ұрлыққа саналатын. Қазір өлім мен өмірдің арасында арпалысып жатқан адамнан пара сұрайтын халге жеттік" деп жазады ғалым instagram парақшасында.

Төрегелді Шарманов қоғамды ілгерілету жолында жемқорлықты жою аса маңызды деп санайды.

"Бірақ жалақысы қомақты, отбасын асырауға толық қабілетті, қолынан іс келетін жоғарыда отырғандардың да осы дертке ұшырағаны жасырын емес. Сайып келгенде, бәрінің тонайтыны – қара халық. Сол қара халықтың парақорға жем болып жатқанын көргенде "қандай заманға тап болдық" деп баз кешетінім де рас. "Орамалын" жасап мәселені шешуге дағдылану – аса қауіпті дерт. Егер біз болашақта ұлт болып ұйысқымыз келсе алдымен осы індеттен арылуды ойластырғанымыз жөн. Жемқорлықпен қоғам болып күресуіміз керек. Бірден пара беруге ұмтылғанша мәселені басқаша шешудің жолдарын қарастырғанымыз абзал. Тіпті кейде заңды білмегендіктен, тілді жетік меңгермегендіктен оп-оңай болмашы нәрселерді шешуге "рахметін" айтып сый ұсынатындар да бар. Мұның барлығы күні ертең қазақтың даму үлгісіне кері әсер ететін жайттар. Сондықтан өркениетті елдердің қатарынан көрінгіміз келсе қоғам парақорлардан тазаруымыз керек" деп жазды профессор.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Төрегелді Шарманов

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір