Фото: Qamshy.kz
Алматы облысы Кеген ауданы Шырғанақ ауылының әкімі сайлауынан кейін шыққан шу басылар емес. Шырғанаққа арнайы барып қайтқан Қамшы тілшілеріне тұрғындар "жаңа тағайындалған әкімді қабылдамаймыз" 5 сәуір күнгі ауыл әкімінің сайлауы әділ өтпеді, сайлау нәтижесі заңсыз. Сонымен қатар "Жергілікті өзін-өзі басқару туралы" заңның 36-бабы бұзылды» деп шағымдарын жеткізген. Облыс басшылығынан қозғау болмағанын айтқан тұрғындар енді президент Қ. Тоқаевтан көмек сұрайды. Шырғанақ тұрғындары ашық хатының толық нұсқасы төменде ұсынылып отыр.
Құрметті президент! Сіздің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауыңызды еліміздің басқа да республика өңірлерімен қатар біз де қуанып қарсы алған едік. Әсіресе "Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес, сол шараның алғашқы қадамы ретінде жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуынан бастауымыз керек" деген үндеуіңіз – қарапайым халықтың көңілінен бірден шықты. Себебі, ауыл әкімдерін тікелей сайлау – ауыл азаматтарына өздерінің конституциялық құқығын толыққанды іске асыруға мүмкіндік береді және де "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасының орындалуының айқын көрінісі болар еді. Әрине, аталған шараның дайындалуына, түсіндірілуіне, атқарылуына алдымен облыс және аудан әкімдері, мәслихат депуттаттары мүдделі болуға тиіс және жасаған шараларын жолдау шыға сала болашақ заңмен бір бағыта өрбітуі керек еді.
Алайда, сіздің жолдауыңыздан әлде хабары жоқ па, әлде сізге деген тікелей қарсылықтары бар ма, ауыл әкімдердін сайлау кезінде Алматы облысы Кеген ауданының әкімі, Сайлау комиссиясы және аудандық мәслихат көпе-көрнеу заң бұзушылық жасап, ауылдық округтердің азаматтарымен, заң бойынша қарастырылған жергілікті қоғамдық ұйымдарымен санаспай, ауыл әкімдері етіп өздерінің адамдарын тағайындап жатыр. Осылайша ауданда жемқорлықтың таралуына жағдай жасауда.
Жағдайды басынан баяндай кетсек, 2021 жылғы наурыз айының 10-да ауылымызда кенеттен Кеген аудан әкімінің орынбасары Елеусізова Бота Серікқызының, аудан әкімі аппаратының басшысы Исаев Медет Шайытқанұлының ұйымдастыруыменен 5 минуттық ауыл жиналысы болып өтті. Жиынға тұрғындар тарапынан әкімшілік қызметкері Мұқанова Маржан, ақсақалдар алқасы төрағасы Құрманғалиев Ермахан, ақсақалдар ұйымы мүшесі Қыдыров Жолдыбай, аналар кеңесі төрайымы Роза Батырханова, Мектеп директоры Мусаева Қуан, Имам Найзабеков Алиасқар, Емхана меңгерушісі Мусекеева Фарида, Кітапхана меңгерушісі Құсайынов Дариға қатысады. Күн тәртібінде болған жалғыз мәселе – Ауыл әкіміне үміткерлер олардың қатыстырылуынсыз таныстырылды. Жиналысқа жалпы Аудан қызметкерлерімен қоса 10 адам қатысқан, олардың ішінде 8-і ауыл тұрғыны. Ал ішіндегі тек 3-еуі (42%) ғана 7 адамнан құрылатын ауылдық қоғамдық ұйым мүшелері.
Артынан, наурыз айының 25 күні, аудан орталығы Кеген ауылында аудандық мәслихат тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтеді. Комиссия төрағасы болып Мәсімбаев Біләл Әукенұлы сайланады да сол күні бірден төрт мәселе күн тәртібінде қаралады: 1. Кеген, Саты, Қарабұлақ ауылдық округтерінің 2020 жылы өз құзіреті шегіндегі атқарған жұмыстары туралы есептері, 2-шісі – "Ветеринария туралы" ҚР 2002 жылғы 10 шілдедегі № 399 Заңының аудан көлемінде орындалу барысы мен оны жүзеге асырудағы алда тұрған міндеттер туралы Төкенов Қ.Я. баяндамасы, 3-шісі – ауданның "Дене шынықтыру және спорт бөлімі" ММ-нің 2020 жылы атқарған жұмыстары және алда тұрған міндеттері туралы есебі. 4-шісі – аудандық мәслихат депутаттары жиналысының бітуіне бар-жоғы 30 минут қалғанда жоғарыда айтылған 10 науырыздағы тізімге сәйкес Шырғанақ ауылдық округінің әкіміне үміткерлердің сайлауалды бағдарламаларына тындау жасалынады (Әр кандидатқа тек 10 минуттан уақыт бөлінеді). Яғни, Шырғанақ ауылының жаңа әкімі Сарыбаев Ернат Санақбайұлының, бұрынғы әкім Бекбатыров Оразбайдың және тағы бір үміткер Сейітқазыұлы Жомарттың алғаш рет сайлауалды бағдарламалары сол жерде ғана алғаш тыңдалады.
Кейіннен 5 сәуір күні, Кеген аудандық мәслихат отырысында ауылдық округімізге əкім сайлауы өтеді. Бас аяғы 15-20 минуттың ішінде Шырғанақ ауылдық округінің бұрынғы əкімі, сол ауылдың тумасы, Оразбай Бекбатыров орнынан кетіп, Кеген ауданындағы 12 округ ішіндегі ең аумақты, халқы жағынан да, жері жағынан да, тарихи тағылымы жағынан да алдыңғы орындағы ауылымызға, бұрын-соңды келіп, ауылға ат басын да тіремеген, бағдарламасымен таныстырмаған, Ауыл тіршілігінен хабары жоқ Сарыбаев Ернат Санақбайұлын әкімдікке кенет тағайындайды.
Осы тұста ауыл тұрғындары өзіңізге өткізілген сайлау қорытындысымен келесідей негізде келіспейтінін және заңбұзушылықтар болғанын құлағдар етіп, араша сұрайды:
1. Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару туралы N 148 Заңның 36-бабы бұзылған. Аталған бапта ауылдық округ әкімін ауданның мәслихаты аудан әкімі ұсынған және жергілікті қоғамдастық ұйымдармен келісілген кандидатуралар арасынан баламалы негізде төрт жыл мерзімге қызметке сайлайды делінген. Жоғарыда баяндалғандай, Аудан әкімдігі 2021 жылдың наурыз айының 10-ында өткізген ауыл кандидаттардын таныстыру жиылысын қоғамдық ұйымдармен келісілген жиылыс деп бүгінде заң бұзып отыр. Жиылысқа әкім қызметіне кандидаттар қатыстырылмаса, ауылдағы қоғамдық ұйым мүшелерінің ішінде бар-жоғы 7 адамнан құрылған ұйым мүшелерінің 3-еуі ғана қатысқан болса және жергілікті қоғамдық ұйым мүшелерінің қолдары хаттамаға қойылмаса, яғни келісілмеген болса, онда әкімдік сайлау – заңсыз.
2. Мәслихат – өзінің аудандық әкімдікті қадағалаушы функциясынан айырып отыр ауданда. Себебі аудандық мәслихатты құрап отырған 12 депутаттың 10-ы аудан басшылығына бағынышты мекеме басшылары мен қызметкерлері, балабақша мен мектеп және ХҚКО жұмысшылары. Олардың бөлекше ойы, жеке көзқарасы жоқ. Аудан әкімі не айтса-соны орындайды. Себебі – жалақысын мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардан алып отыр. Аталған депутаттардың тұрғылықты мекендері – аудан орталығы Кеген ауылынан болуы, елім мен жерім, ауылым деп жүрген қалған 34 елді мекеннің, 12 ауылдық округтің аптал азаматтары мен өз ойы, жеке өрісі бар тәуелсіз тұрғындарының ашу-ызасын келтіруде. Сайланып жатқан ауыл әкімдіктеріне Аудандық әкімдікке туыс адамдардың өтіп кетуі – тамырын жайған жемқорлықтың айғағы!
Жоғарыдағы айтылғандарды ескере келе, ауыл тұрғындары мәслихат депуттатарының 5 сәуірдегі ауыл әкімін сайлауын заңсыз деп тануыңызды және аудан әкіміне бағынышты жасақталған аудандық мәслихатты тарқатып, тәуелсіз мүшелерден қайта жасақтауыңызды сұраймыз
Ауыл тұрғындары және Қоғамдық ұйым мүшелері
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір