• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Қыркүйек, 12:02:39
Алматы
+35°

23 Желтоқсан, 2020 Барлық аймақтар

Қоғам зорлық-зомбылық туралы ашық айта бастады

БҰҰ соңғы мәліметтеріне сәйкес, Орталық Азиядағы әйелдердің 24%-дан астамы жақын серіктесінен немесе басқалардан физикалық және/немесе жыныстық зорлық-зомбылық көреді.

Фото: internews.kg

Еуропалық Одақ (ЕО) пен Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) «Жарық сәулесі» (Spotlight) бастамасы аясында «Орталық Азиядағы #НеМолчи қозғалысы жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің үнін естіртіп, қауіпсіз аймақ сыйлауда» атты аймақтық конференция өтті. 

Іс-шара барысында зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер мен Орталық Азиядағы әйелдер құқығын қорғаумен айналысатын азаматтық белсенділер өздерінің бастан өткізген оқиғаларын бөлісіп, әйелдердің құқықтарын қорғаудың үздік тәжірибелерімен алмасты және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты тоқтату үшін қажетті қадамдарды талқылады. 

Конференцияға сонымен қатар Қырғыз Республикасының вице-премьер-министрі Эльвира Сурабалдиева, Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Микаела Фриберг-Стори, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимова, Өзбекстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Алия Юнусова, Тәжікстан Республикасының парламент мүшесі (Заң және адам құқықтары жөніндегі комитет) Рано Бободжонион, «Үндемегеніңіз үшін рахмет» жобасының қатысушылары, #НеМолчи қозғалысының Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстандағы жетекшілері қатысты.

Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Микаела Фриберг-Стори өзінің кіріспе сөзінде: «Орталық Азия аймағы гендерлік теңдік саласында айтарлықтай жетістіктерге жетті және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты тоқтатуға толық мүмкіндігі бар. БҰҰ осы бағытта көмек көрсетуді жалғастыруға дайын», - деп атап өтті. Сонымен қатар ол Қазақстанның Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күрес туралы Еуропа Кеңесінің конвенциясына (Ыстанбұл конвенциясы) қосылу ниетін құптайтынын атап өтті. 

Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықты толығымен жою бүкіл әлемде, соның ішінде Орталық Азияда да күрделі мәселе болып отыр. БҰҰ соңғы мәліметтеріне сәйкес, Орталық Азиядағы әйелдердің 24%-дан астамы жақын серіктесінен немесе басқалардан физикалық және/немесе жыныстық зорлық-зомбылық көреді.  

– Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық – барлық елдерге, мәдениеттерге және қоғамдастықтарға қатысты қазіргі заманның ең үлкен әділетсіздіктерінің бірі. Бұл тұрақты дамуға қол жеткізудегі ең үлкен кедергілердің бірі. Орталық Азиядағы «Жарық сәулесі» бастамасы жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылық пен зиянды тәжірибелердің түпкі себептерін жоюға бағытталған, осал топтарға ерекше назар аудара отырып, көп салалы көзқарас ұстанатын бастама, – деді Мачей Мадалински, Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің саясат, баспасөз және ақпарат бөлімінің жетекшісі. 

Орталық Азиядағы зорлық-зомбылықпен күрес жөніндегі қоғамдық бірлестік жаңа серпін алды. Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстаннан #НеМолчи хэштегі бойынша жұмыс істейтін төрт бөлек жоба аймақтағы агрессия мен зорлық-зомбылыққа қарсы бірлесіп күресу үшін күш біріктірді. 2018 жылы төрт елдің белсенділері #НеМолчиCA жалпы хэштегі бойынша әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтың кез келген түрінен қорғау саласындағы бірлескен іс-шаралар туралы меморандумға қол қойды. 

– Біз Орталық Азиядағы әйелдер қозғалысының үлкен әлеуетін көрудеміз. Зорлық-зомбылыққа қарсы #НеМолчи әйелдер қозғалысының дамуы барысында қоғам зорлық-зомбылық туралы ашық айта бастады. Биылғы жылдың басында Қазақстан сексуалдық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту туралы заңнамаға түзетулер қабылдады. Бұл әйелдер мен балалардың құқықтары үшін күрестегі маңызды қадам, – деді Дина Смайылова, құқық қорғаушы, #НеМолчиKZ қозғалысының негізін қалаушы.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Не Молчи Зорлық

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір