16 Қазан, 2020 NEWS
Көрнекі сурет
Алматы-Ақтау әуерейсінің жолаушысы бортта шу шығарып, есікті ашуға әрекеттенген, деп хабарлады Zakon.kz сайты.
Басылым мәліметінше, жолаушы FlyArystan КС 7175 рейсімен Алматы-Ақтау бағыты бойынша ұшып бара жатқанда шу шығарған.
"Өзге жолаушылар мен экипаж мүшелерімен ерегісіп, боғауыз сөз айтып, жолаушыларды итеріп, кейбіріне қоқан-лоқы көрсеткен. Бортсеріктердің маска тағып, орнына отыруды сұрағанына құлақ аспаған. Алматы-Ақтау бағытына билет алғанына қарамастан, Шымкентке баруы керектігін айтып, ұшақтың есігін ашуға әрекеттенген. Бортсеріктер нұсқаулық бойынша, тәртіпсіз жолаушыны тоқтатпақ болып, көндігу киімін кигізуге тырысқан. Осы сәтте жолаушы бағынғысы келмей, бортсеріктердің бірін буындырған. Қайта жолаушылар көмекке келіп, экипаж мүшесіне араша түсіп, әйелді бұзақыдан құтқарып қалған" делінген ақпараттық хабарламады.
Ұшақ Ақтау әуежайына қонғаннан кейін шу шығарған жолаушы полицияға тапсырылды.
Оқиға 24 қыркүйекте болған. Алайда әуекомпания бұл туралы енді мәлімдеп отыр.
Кейін анықталғандай, шу шығарған жолаушы мас болған. Оған қатысты ұшақта алкогольдік сусын ішкені, ұсақ бұзақылық жасағаны, әуе кемесі ережесін бұзғаны үшін хаттама толтырылған. Айыпкер, жолаушылар мен экипаж мүшелерінен кешірім сұрамады.
Артынша, FlyArystan компаниясы бортсерікті бұзақыдан арашалап қалған жолаушылар – Нұрлан Боханов пен Манас Тұрабековке әуекомпания қызметтері мен билеттерін сатып алуға мүмкіндік беретін ваучер табыс еткен.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір