09 Маусым, 2020 NEWS
qamshy.kz
Коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың арасында судьялар да бар. Бұл туралы жоғарғы соттың баспасөз қызметінің жетекшісі Айдос Сәдуақасов Facebook парақшасында жариялады.
– Мемлекеттік қызметшілер арасында да вирусты жұқтыру фактілері кездесуде. Кең байтақ еліміздің барлық өңірінде дерлік ауру ошақтары анықталып отыр. Өкінішке орай, науқастанғандар қатарында бірқатар облыстардағы судьялар мен сот қызметкерлері де бар. Бірақ Фейсбукте кей адамдар «соттар ашылсын және сот процестері жүзбе-жүз, бетпе-бет өткізілсін!» деген талап қоюда, – деп жазды Сәдуақасов.
Ол өз сөзінде соттың жұмысын дүкенмен салыстыру орынсыз деп атап өтті.
– Бұл вирус кейбіреулер ойлағандай миф емес! Бұл шынымен бар әрі өте қауіпті дерт. Мұндай жағдайда соттардың ашылуы несімен қауіпті? Ең алдымен, келушілердің санитарлық-эпидемиологиялық норма талаптарын қатаң сақтауы вирустың таралуын тежеуге толығымен кепілдік бермейтінін ескеру қажет. Сондықтан қазір сот процестерін тараптардың тікелей қатысуымен өткізген жағдайда вирус қатысушыларға ғана емес, сонымен қатар судьялардың өздеріне де жұғуы әбден мүмкін. Ал бұл өз кезегінде соттың жабылуына әкеп соғады, – деді ол.
Сәдуақасовтың айтуынша, бір мемлекеттік ұйым қызметін тоқтатса, оның функциясын басқа мемлекеттік орган, ал олардың қызметкерлерінің міндетін басқа аудандар мен облыстардағы әріптестері атқара алады. Ал соттар бұлай істей алмайды деп атап өтті.
– Сотты «жауып тастау» дегеніміз – оны толығымен әрекетсіз жағдайға түсіру, басқаша айтқанда, осы ауданда сот ісін жүргізуді тоқтатуға әкеліп соғады. Өйткені, сот карантинге «жабылған» жағдайда сот процесінің қатысушылары оның «ашылуын» күтуіне тура келеді, ол санитарлық нормаларға сәйкес жабылғаннан кейін екі аптадан кейін ғана барып ашылуы мүмкін. Ал сот отырысын кемінде екі аптаға кейінге шегеру дегеннің не екенін заңгерлер ғана емес, бәріміз жақсы білеміз. Бұл істерді қарау, шағымдану мерзімдерінің бұзылуы және т.б. Ал істерді басқа соттың қарауына беруге болмайды, – деп жазды ол.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір