07 Наурыз, 2014 NEWS
Жұмаш Кенебай. Бас қаланы қазақтардан тазартпақ па?
8-наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында осы аты жоқ қала басшылығының Қазақ Аруларын жан түршігерлік, асқан қатігездікпен құттықтағанының куәсі болдық...
8-наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында осы аты жоқ қала басшылығының Қазақ Аруларын жан түршігерлік, асқан қатігездікпен құттықтағанының куәсі болдық! «06.03.2014 Наразылық шарасына шыққаны үшін Есіл аудандық полиция бөліміне апарылған азаматтар - Астанадағы "Махаббат" тұрғын үй кешенінің тұрғындары (араларында балалар да бар) бірер сағаттан соң босатылды», деп хабарлады «Азаттық» радиосы. Иә, Арқадағы көктемгі қара суықта онсыз да өз жерлерінде өгей баланың күйін кешіп, әбден теперіш көріп, қорланғаннан жанарлары мұңға толы қара көз Қазақ Аруларын шашынан сүйрегендей болып, олардың кішкентай бүлдіршіндеріне дейін шырылдатып, сүйрелеп, бақыртып, кеуделерінен итеріп, полиция көліктеріне зорлап тиеп алып кетіп жатқанын әлемнің біраз ақпарат құралдары жарыса көрсетіп жатты. Бүгінде әлем назарын өзіне аударып отырған Украинада да мұндай адам жаны түршігетін қатыгездік болған емес. Тіпті, жұрттың бәрі шошитын "орекеңдердің" өзі украин аруларын шашынан сүйреп, өлімші етіп сабап, балаларын дәл мына біздегі дінсіз, тілсіз, тексіз орысқұл биліктің өкілдеріндей шырылдатып, сүйрелеп, тепкілеп қамаған емес! Бұл не сұмдық! Ай мен күннің аманында, мына өздері жанындай жақсы көретін Сегізінші "март" (әдейі орысша алып отырмын) Халықаралық әйелдер күні қарсаңында, әсіресе Қазақ Әйелдеріне соншалықты қатігездік танытатындай, ол қаныпезер полицейлерді ана таппаған ба өзі? Солардың өздерінде жар, бала-шаға жоқ па екен? Мына Қазақ Аруларына асқан жауыздық көрсеткен сол полицейлер, аты жоқ қаланың Иманғали Тасмағамбетов бастаған басшылығы, Ақордасы, Үкіметі, парламенті Қазақтан соншама неге безеді? Ол қаладағы "шаш ал десе, бас алатын" полицейлердің барлығы дерлік өзіміздің қазақтар бола тұрып, өз ұлтының аруларына осыншама өшпенділік танытқандарына өз басым түсінбедім. Бұлар әлде Қазақ емес пе немесе өзге тілде, өзге дінде, өзге ортада тәрбие алған мәңгүрттер ме? Бұл жауыздар неге өз ұлтына соншама өшігеді? Бесіктен белі шықпаған кішкентай қазақ бүлдіршіндерін неге зар иелетіп, тепкілегендей болып, сүйреледі? Ол Қазақ бүлдіршіндерінің не жазығы бар? Сол бүлбіршіндердің боталаған көздері, ойбалап жылағандары, АқОрдаға кектене қарағандары нені көрсетеді? Біз, Қазақтар, неге өз болашақтарымыздың жас тамырына көктемей жатып, балта шапқымыз келді? Осы сәбилер мына полицейлердің сол қатігездіктерін өлсе ұмытпайды. Ертең осы сәбилер қарақшылық пиғыл танытқандардан зар илеген аналары үшін, жазықсыз жапа шеккен өздері үшін қалай да кек алатын болады. Көгілдір көктемнің қарсаңында онсыз да аты «Махаббат» деген тұрғынүйдің болашақ тұрғындарын олар Қазақ болғаны үшін ғана осыншама қатігездік танытатын мына біздің орысқұл билікке ол қаракөз Қазақ Арулары, олардың жас сәбилері соққы алды. Егер рас болса, Қазақтың астанасы Қазаққа бұйырмайтын болғаны ма? Өткен жылы Алматы қаласы түбіндегі тек Қазақтар ғана тұратын «Шаңырақты» қиратқан, бульдезермен қазақ бесіктеріне дейін таптатқан, сол қазақ бесігін қорғамақ болған Арон Атабектерді ұзақ мерзімге соттатып тынған, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, Қазақтың Қара шаңырағын әп-сәтте ортасына түсірген Иманғали Тасмағамбетов енді қазақтың қасиетті Арқасынан орын тепкен осы бір аты жоқ қаланы Қазақтардан тазартпақ па? Сонда бұл қала қай ұлт үшін салынып жатыр?.. Мына билік ерекше атап өткенді жандарынан бетер жақсы көретін, олардың өздері әлі күнге «8-Март Халықаралық Әйелдер күні» санайтын көктем мерекесінде Қазақ Аруларын осылайша құттықтағандары ма, бұл!
Жұмаш КӨКБӨРІ,
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір