24 Қазан, 2024 NEWS
Астанадағы LRT қашан іске қосылатыны белгілі болды
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов елордада жеңіл рельсті көлік желісін салу жөніндегі жобаның барысын тексерді.
Ашық дереккөзден
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек нысанның дайындық деңгейі және мегаполистің көлік жүйесін одан әрі дамыту келешегі туралы баяндады.
Бүгінгі таңда LRT эстакадасының арқалықтарын төсеу кезеңі аяқталды. Cтансалардың негізгі темірбетон конструкциялары құрылысын 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Келесі жылы рельстерді төсеу, стансаларды әрлеу және жылжымалы құрамдарды жеткізетін депо құрылысын жүргізу, Қабанбай батыр даңғылы мен Қалдаяқов көшесі бойындағы эстакадалық бөлікті абаттандыру жүргізіледі.
Жеңіл рельсті желінің жалпы ұзындығы 22,4 км құрайды. LRT құрамына 18 станса кіреді. 652 адам сыятын 19 жылжымалы құрамды іске қосу жоспарлануда. Қозғалыс аралығы 4-5 минутты құрайды. Бастапқы кезеңде тәулігіне 25 мың адам жолаушылар ағыны күтіледі, бұл ретте жолаушылар ағыны ең жоғары уақытта тәулігіне 92 мың адамға жетуі мүмкін.
Төлем жүйесі қалалық аналогы бойынша, көлік картасын валидациялау немесе QR-код арқылы төлеу арқылы қарастырылған.
Олжас Бектенов жобаның сапасы мен іске асырылу мерзімдерін бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.
- Мемлекет басшысы еліміздің көлік жүйесін дамытуға көп көңіл бөледі. LRT жобасы бойынша инфрақұрылымды дайындау бойынша үлкен жұмыс жүргізілді, қаражат бөлінді. LRT қала тұрғындарына, елорда қонақтарына қызмет етеді. Құрылыс жұмыстарының қарқыны артып келеді, оларды бәсеңдетпеу маңызды. Жоба ең жоғары деңгейде жүзеге асырылуы керек. Әкімдік пен орталық мемлекеттік органдар тарапынан бақылау күшейтілуі тиіс. Нәтижеге жұмыс істейтін боламыз, — деді Премьер-министр.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір