• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 16:33:19
Алматы
+12°

Қазақстанда теріс қылығы үшін мемлекеттік қызметтен босатылғандарға тағы бір мүмкіндік берілетін болды. Тиісті заң қабылданып жатыр. Оған сай, бейәдеп сөйлеп, орташа ауыр қылмыс жасағандар, не жемқорлықпен ұсталғандар 2-3 жылдан соң мемлекеттік қызметке қайта келе алады. Оның ішінде кәсіби жарамсыз деп танылған судьялар, төрешілер араға уақыт салмай бірден жұмысына қайта орала алады.

Бұл заңға кейбір депутаттар қарсы болса да, Конституциялық соттың шешімі болған соң амал жоқ, көнетіндерін айтады. Мәселен, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов:

– Амал жоқ, қабылдап жатырмыз деп айтсақ, ол өтірік емес. Шынымен де қазір халықтың алдына шығамыз, Парламент сонда заңсыз қызмет атқарған, жұмыстан босатылған қызметкерлерді қайтадан жұмысқа алып жатыр ма, деп сұрақ қояды ғой. Конституциялық соттың шешімі, амал жоқ. Болмаса біз оларды жарылқайын деп тұрғанымыз жоқ, – дейді.

Ал саясаткер Әміржан Қосан алдымен мәселенің мән-жайын анықтап, шенеуніктің қандай себеппен жұмыстан шектетілгеніне мән беру қажет екенін айтады.

– Әрине, Конституциялық сот шешімінің өз уәжі бар. Ол адам құқықтары саласына тікелей қатысты. Бірақ та нақты болмысқа келсек, мәселенің кем дегенде үш жағы бар. Біріншіден, мемлекеттік қызметке барам деген кез-келген азамат өзінің конституциялық құқықтары сөзсіз шектелетінін, оның бүкіл тыныс-тіршілігі қоғам назарында болатынын білуі тиіс. Мәселен, азаматтардың жеке өмірінің құпиясы болса, бюджеттік қаржыға өмір сүріп отырған атқамінерлерде ондай құқық болмауы тиіс. Егер де адам ондай шектеулерді қаламаса, мемлекеттік қызметке бармай-ақ қойсын. Сол себепті Конституция мен мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы бір-біріне сәйкестендіру керек болар.

Екіншіден, әрине, бізде белгілі бір шенеунікке заңсыз айып тағылып, жұмыстан шығарылуы мүмкін. Өмірде ондай да болып тұрады. Мәселен, мемқызметтегі бәсеке, клан немесе топаралық тартыс, бақталастық пен көреалмаушылық дегендей. Ондай жағдайда нақақтан-нақақ қудаланған шенеунік әділ сотқа жүгініп, өзінің адалдығын қоғам алдында дәлелдесін. Сонда оның мемқызметке қайтып келуіне толық моральдық құқы бар.

Ал мемқызметте жүріп, қылмыс жасаған кез-келген адамның біраз уақыттан кейін сол қызметке қайтып келуін нонсенс деп санаймын! Сондықтан заңға енгізілуі мүмкін мұндай өзгерістердің артында кезінде жұмыстан шығып қалған, енді сол жылы орындарына қайтып келгісі келетін тұлғалардың мықты лоббиі тұр деп санаймын, – деді ол.

     Нақты айтқанда, енді:

  • қызметтік әдепті сақтамағаны үшін жұмыстан шығарылғандар – 1 жылдан соң,
  • тәртіптік теріс қылықтары үшін жұмыстан шығарылғандар – 2 жыл,
  • әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары не қылмыстық теріс қылық жасағандар – 3 жыл,
  • онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағандарға – 5 жыл ішінде қайта қызметіне орала алады.
Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір