23 Ақпан, 2024 Барлық аймақтар
Мас жүргізуші табыңдар – сақшыларға бастықтар сондай тапсырма береді
Бір экипаж бастықтарға айына 600 мың теңге «тауып» беруі керек.
Ашық дереккөзден
Журналист Сандуғаш Дүйсенованың хабарлауынша, Алматы облыстық Полиция департаментінде жұмыс істейтін бір топ жол сақшылары анонимді хат жолдап, араша сұраған екен.
Олар «басшылықтың айдауымен амалсыз жемқорлыққа барып, жүргізушілерден ақша алуға мәжбүрміз» дейді.
Мәселен, бір көліктегі екі инспектор басшыларына ай сайын 600 мың теңге өткізуге міндетті екен. «Ол ақшаны бермесең күніне 12 сағат жұмысқа жегіп, түнгі ауысымға қалдыра береді», дейді инспекторлар.
Хатта ақшаны кім және не үшін жинайтыны тайға таңба басқандай анық жазылған.
«Алматы облысының ППБ-нің бастығы Мұхамедияров Ерлан Берікұлы бізге күніне 10-15 әкімшілік хаттама жазыңдар және мас жүргізушілерді табыңдар деп тапсырма береді. Сондай-ақ 24 инспектордан құралған 12 экипаждан 600 мың теңгеден алып отырады. Көп инспекторлар қызметтік көлігін үйіне қояды. Ол үшін әрқайсысы айына қосымша тағы 500 мың теңгеден бастыққа өткізуі керек. Бұдан бөлек жеке құрамнан аптасына 30-40 мың теңгеден ақша жинайды. Бұл қаржыны департамент бастығы Бауыржан Аленов пен бірінші орынбасары Мейрам Әбікеевке беремін дейді. Жаңа жылда басшыларға сыйлық аламыз деп әр инспектордан тағы 50 мың теңгеден жинады. Оны өткізбегендер түнгі ауысымға және кезектен тыс нарядқа түседі. Қудалауға ұшырап, түсініктеме толтырудан қолдары босамайды», деп баяндапты.
Егер хаттағы айтылған жайттар рас болса, масқара екен!
«Полицияның беделін түсірмеу үшін Ішкі істер министрлігі дереу қызметтік тексеріс ашып, хаттағы хикаялардың анық-қанығын білуі керек», деп ескертеді Сандуғаш Дүйсенова.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір