13 Ақпан, 2024 Құқық
Жемқор мектеп басшылықтарына тықыр таянды. Антикор күрестің тиімді тәсілін тапты
Антикор еліміздегі білім ордалары жемқорлықтың көзіне айналғанын, өкінішпен растайды. Анықталған көптеген қылмыстық фактіген кейін құзырлы ведомство бұл салаға пилоттық жобаны қолдану туралы шешім қабылдады. Әзірге, ол үш өңірде сыналады, тиімділігі дәлелденсе, кейін бүкіл мектептерде қолданылатын болады.
Ашық дереккөзден алынды
«Бюджет қаражатын жоспарлау және игеру процестеріндегі жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін Павлодар, Ақмола және Түркістан облыстарында білім беру саласының бюджетін цифрландыру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Ол білім беру саласында миллиардтаған теңгені жымқыру себептерін жою мақсатында бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру және ұсыну процесін автоматтандыруды көздейді. Ақпараттық жүйені тестілеу нәтижесі оң болған жағдайда, жоба бүкіл ел бойынша іске қосылатын болады», делінген хабарламада.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің келтірген дерегіне сәйкес, 2023 жылдың басынан бері білім беру саласында 192 қылмыстық іс тіркелген. Бюджетке келтірілген залал көлемі 13 млрд теңгеден асты.
Ең ірі жымқыру Түркістан, Жетісу, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласында анықталды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу барысында еңбекақы төлеу қорынан қаражат жымқырумен байланысты тұрақты қылмыстық схемаларды ашты:
1) қызметкерлерге жалақы оның лауазымынан қарағанда әлдеқайда көп аударылған;
2) жалақы білім беру мекемелерінде ресми түрде тіркелмеген адамдарға берілген;
3) қызметкердің карт-шоттарына жалақы есептеліп, ал төлем құжаттарында басқа тұлғаның деректері көрсетілген;
4) бір адамға ақша аударымдарын бірнеше рет қайталаған;
5) «өлі жандарға» - туыстары мен жақындарына ақша аударған.
«Бухгалтерлер мектептің бухгалтерлік есеп жүйелері, ұлттық білім беру базасы және «Қазынашылық-клиент» жүйесі арасындағы интеграцияның жоқтығын пайдаланған. Олар төлем құжаттарына қолмен түзетулер енгізіп, бюджет ақшасын жымқырған», делінеді құзырлы ведомство есебінде.
Мәселен, жуырда, 7 ақпанда Жаңақорған аудандық соты «Жаңақорған ауданының білім бөлімі» ММ басшысы Б. Ибрагимовқа, бас бухгалтері К. Аязбаеваға және 24 мектептің бухгалтерлеріне қатысты үкім шығарды. Олар жалпы сомасы 1 млрд теңгеден аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот үкімімен мекеменің басшысына және бас бухгалтеріне 8 жыл бас бостандығынан айыру, мектеп бухгалтерлерінің біріне – асырауында жас баласының болуына байланысты 5 жыл мерзімге жазасын кейінге қалдыра отырып, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар сотталғандар мемлекеттік қызметте және өзге де ұйымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылды
Сол секілді Түркістан облысының екі ауданында ғана Шардара және Сарыағаш білім бөлімдерінің қызметкерлері үш жыл ішінде 3,7 млрд теңге жымқырған. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.
Жетісу облысында Талдықорған қаласының білім бөлімінің бас бухгалтері бастаған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталды.
Қаражат білім беру саласының қызметкерлері болып табылмайтын тұлғалардың шоттарына ақша аудару арқылы жымқырылған.
Сонымен қатар, құрамында 3 білім бөлімінің қызметкері мен 10 мектеп бухгалтері бар қылмыстық топтың мүшелері өздеріне және басқа мектеп қызметкерлеріне белгіленген жалақыдан жоғары жалақы төлеген. Оларға жалпы сомасы 4,2 млрд теңгеден астам шығын келтірілген. Залалды өтеу мақсатында жалпы сомасы 3 млрд теңгеге қатысушылардың мүлкі тәркіленді.
Қылмыстық іс қабылданған шешімнің заңдылығын тексеру және сотта айыптауды одан әрі қолдау үшін қадағалау органына берілді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір