• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Қыркүйек, 14:55:11
Алматы
+35°

Фото: ашық дерек көздерінен алынған

Тарих – іргетас. Халық өткенін зерделеуден сабақ алып, болашағын бажайлауы керек. Бірақ біз тарихты түгендеумен жүргенімізде бүгінгі тірі қазақтың мұң-мұқтажы тасада қалып жатқан жоқ па?

Рухани азық қарынға ас боп қонбайды екен. Бұрын өткен тұлғаларымыздың тойы мен ескерткіштері жетім-жесірге баспана болмайды. Не жарық тартылмаған, не жолы жасалмаған кілең кедей тұратын көшелерге кешегі батырлардың есімдерін бергенде «құрғақ қасық ауыз жыртады» деген қазақтың сөзі еске түседі.

Қазақтың қазіргі халін қиындатып қойған билік қашанғы «батырдың ұрпағысың» деп арқадан қағып отыра бермек?

– Диктаторлық жүйелердің бәрі мойнын артқа бұрып өмір сүреді. Дәл бүгін ешқандай саяси реформа ұсына алмайды, халықтың бақуатын арттыра алмайды. Сондықтан елбасыларыңның жазған «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласы сияқты идеяны ұсынады. «Атаң ұлы болған, сол үшін маған зейнатақы, айлық туралы сұрақ қойма! Атаң ұлы, сондықтан да сен осы елде бақытты болу керексің. Қазақ екеніңді мақтан тұтуға тиіссің! Сонымен көңілің тоқ өмір сүру керексің» деп санайды. Әлі күнгі мақтанышымыз – «ата-бабамыз аттан түспеген жаугершіл болған» деген дақпырт атақ. Ақындарымыз әлі күнге дейін соны жырлайды. Әлбетте Доспамбет, Махамбет секілді тарихи феномендер болған. Алайда бүгін әкімнен алған пәтердің есігін іштен жауып алып, «мен көк бөрімін!» деп өлең жазу маған күлкілі секілді, деген еді бір сөзінде журналист Дархан Әбдік.

Суретші, зерттеуші Бердалы Оспан да өткен уақыт белгілі болғандықтан, өткенмен өмір сүру оңай дейді:

–"Ең жақсы жол – артта қалған жол" деген сөз бар. Болашақ белгісіз, адам белгісіздіктен қорқады. Болашақ сана мен жауапкершілікті талап етеді. Болашақты жасау керек. Ал бұл жауапкершілікті мойынға алуды талап етеді. 

Тарих қайталанбайды. Өткен уақыт өтті, қайтып келмейді. Қоғамға "ыңғайлы" тұлғалар керек. Өткен уақытта өмір сүргендерді айту, үлгі ету оңай және қауіпсіз. Олар өздері туралы ештеңе дей алмайды. Қоғам дамуы үшін жеке бастың жауапкершілігі болу керек. Әзірше "Біз" деп сөйлейтіндер көп. Бұл өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргіннен қорыққандықтан басқа ұрпақтарға қан арқылы өткен қорқыныш сенімінің әлі кетпегенінің белгісі.

КСРО-ның автократиялық билігі болашақты – Коммунизмді дәріптеді. Меніңше, дені дұрыс билік елді өркендету үшін өткенді де болашақты да кезегінде бағалай білуі тиіс. Өткеннен үйренетін нәрсе көп, себебі – ол өткен кезең. Ол көптеген ұрпақтардың тәжірибесі. Жалаңаяқ адам ерте ме, кеш пе аяқ киім ойлап табуы керек болады. Сонда ол алысқа бара алады. Тарих сол үшін керек.



"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: тарих

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір