01 Ақпан, 2024 Дәстүр
"Хиджаб деген қазақ әйелінің киімі емес"
Этнограф Бұлбұл Кәпқызы: қазақтың кимешегі тек ақ түстен тігілген.
Qamshy.kz
1 ақпан – әлем бойынша Хиджаб күні деп атап өтіледі екен. Бұл күні барлық мұсылман емес әйелдер де әурет жерлерін жауып, орамал тағып жүреді.
Хиджаб күнін Назма Кхан есімді Нью-Йорк тұрғыны бастаған деседі. Ол бұл күні мұсылман емес құрбыларына да жабық киінудің өзіндік бір бақыт екенін сезіндіру мақсатында ойлап тауыпты.
Осы хиджаб, орамал тағу – Қазақстанда бүгінгі күннің қызып тұрған мәселесі, ел арасында қилы пікір жүр. Бірі хиджабты қазақтың байырғы кимешегі десе, бірі оны арабтың киімі дейді.
Осы орайда Qamshy.kz этнограф Бұлбұл Кәпқызымен сұхбаттасып, бұл екеуінің айырмашылығын сұрады:
– Орамал мен хиджабтың айырмашылығы көп. Хиджаб – қазақтың ұлттық киімі емес. Қазақ қыз баласын үкілеп өсірген. Қыз бала кішкене күнінен оранған жоқ. Үкілі кәмшат, бөрік, үкілі тақия киген. Яғни, кішкентай қыз күнінде тақия кисе, бойжеткен шағында бөрік киген. Қыз баланың тақиясы мен жігіттің тақиясы екі бөлек екенін ескерген жөн. Ал тұрмысқа шығып, балалы болғаннан кейін келіншектер кимешек киген. Бірақ басына қара орамал салып, оранбаған. Тіпті аза тұтып, қайғылы жағдайға түскенде де басына қара емес, ақ орамал салған. Ал қазіргі хиджаб, никабтың үлгілеріне қарасақ, көбі маңдайына қап-қара орамал байлап, жауып алады. Міне, айырмашылығы. Тағы бір айтарым, қазақ келіншектері тым тұмшаланып киінбеген. Кимешектің бітеу, жабық болғанының себебі, адам 30 жастан асқаннан кейін бұғағы түсіп кетеді деп, кимешекті бұғақты тартып қоятындай етіп тіккен. Одан кейін кимешек сәнді, кестелі болған.
– Былай қарасақ, кимешек пен хиджабтың орамалын тағу әдісі ұқсайтын секілді...
– Кимешек – ежелден дайын, адамның бет-пішініне, иегіне сәйкестендіріліп, кестелеп тігілген. Кимешектің өзінде қызыл жақ, сары жақ, ақ жақ деп үшке бөлінеді. Қызыл жақты кимшекті, қызыл жіппен кестелеп, жас келін жас кезінде, бір балалы болғаннан кейін кисе, сары жақты орта жастағы, 50-ге таяп қалған әйелдер киген. Ал ақ жақты жолдасы қайтқаннан кейін, Пайғамбар жасына жеткен апаларымыз киеді. Кимешек ешқашан кестесіз болмаған. Себебі, кесте тірі адамның өмір сүргенінің белгісі. Ал ақыреттің киімі аппақ болғаннан кейін, одан айырмашылығы болуы үшін түрлі өрнектермен кестеленген.
Хиджаб пен орамал тағу әдісі мүлдем ұқсамайды. Хиджабты мойынды орап тағады. Кимешек сонау заманнан дайын күйінде киілетін болса, совет уақытында қазақ әйелдері кимешекті шешіп, шыт байлаған. Шытты желке тұстан байлаған. Тамағын жаппаған. Ал кимешек тамақты жауып, шашты көрсетпеген. Сол жағынан кимешек пен хиджабтың ұқсастығы бар. Айырмашылығы сол – хиджаб түрлі-түсті орамалдан болса, кимешек тек ақ түстен тігілген. Жоғарыдай айтқанымыздай, қызыл, сары, ақ жіптермен ғана кестеленген.
– Әр рудың өзіне тән кимешектері болған ба?
– Әрине, қазақ ұлты рулары мен өңір ерекшеліктеріне қарай кимешек киген. Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүздің өзіне тән кимешегі болған. Мәселен, Орта жүзде Найман кимешек, Керей кимешек, Қызай кимешек, Арғын кимешек деп бөлінеді. Кіші жүзде Адай кимешек деген бар. Кіші жүз кимешек сыртынан ілмелі жаулық пен бұрамалы жаулық ораған. Орта жүз кимешек сыртынан шылауыш киген. Ұлы жүз күндік ораған. Сонысымен әр рудың кимешек кию әдісі ерекшеленеді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір