• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 20:53:56
Алматы
+12°

Qamshy.kz

Қазақстандықтардың ажырасуына не себеп? Қазақстандық даму институтының зерттеуінше, елімізде ерлі-зайыптылар ең көбіне опасыздықтан, содан кейін ата-ененің араласуы, жоқшылық, зорлық-зомбылық салдарынан ажырасады.

Қысқасы – қызғаныш ажырасудың ең басты себептерінің бірі. Қазіргі заманда әйелі күйеуінің телефонын ақтару, оның басқа қыз-келіншектерге басқан лүпілі, жазған хаты отбасының бұзылуына әкеледі екен.

Жеке хат құпиясы деген бар. Заң жағынан қарағанда ерлі-зайыптының бір-бірінің телефонын ақтару, жеке құпиясын бұзу қаншалықты дұрыс, деген сұрақты Qamshy.kz заңгер Тлеужан Кішкенебаевқа қойды. Оның сөзінше, бұл заңға қайшы әрекет саналады.

– Кейде ерлі-зайыптылар арасында мынадай жағдай болады: Мәселен, күйеуіне, не әйеліне үшінші тараптан ғашықтық сезіммен жазылған хаттар келеді делік. Бірақ оған әйелдің, не күйеуінің көңілі болмауы да мүмкін. Алайда көбі ол хаттың байыбына бармай, бәрін шын қабылдап, асығыс шешім шығарып, ажырасып жатады. Ол хат жалған, біреудің отбасын бұзу үшін әдейі жасалған қастандық болуы мүмкін, не болмаса шынымен де біреу сырттай ғашық болып жазуы да мүмкін. Әртүрлі жағдай болады. Сондай жағдайдың салдарынан көптеген отбасылардың бұзылып жатқанын көріп жүрміз.

Егер шынында, үшінші тұлға біреудің отбасын әдейі бұзу үшін біреудің кілтсөзін  бұзып,  аккаунтын пайдаланып, оның қылмысы дәлелденсе, Қылмыстық кодекстің 148-бабының 1-бөлігіне сәйкес, 2 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл, не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген, дейді ол.

Сонымен қатар, заңгер еліміздегі ерлі-зайыптылардың бір-бірінің жеке құпиясына ортақ дүние сияқты қарауы әрі әйел мен күйеу бірін бірі өз меншігі деп санауы дұрыс емес екенін айтты. Заң – адамдардың жеке сезімдеріне араласпайды.

– Бізде күйеуі болсын, әйелі болсын – бір-бірінің телефонын жекеменшік зат емес, ортақ дүние ретінде көреді. Ол дұрыс емес. Кез-келген адамның жеке өмірі, жеке заты, құпиясы болады. Маған көбіне әйелдер келіп: «күйеуім кетіп қалды. Қалай қайтарамын. Көңілдесінің үстінен арыз жазсам бола ма?» деген секілді сұрақтар қойып жатады. Оның басын басқа әйел айналдырып алды ма, әлде күйеуі өзі ғашық болып, кетіп қалды ма – ол адамның жеке өмірі, оған заңмен ешқандай тыйым салынбаған. Сондай-ақ, әйелдің өзі де көңілдес тауып алса да, тіпті біреу тоқал алса да, ондай мәселелерге заң араласпайды. Заңда «сен үйленген екенсің, яғни, енді басқа біреуге ғашық болмауың керек» деген ұғым жоқ. Сондықтан әйелдің күйеуім «тек менікі болуы керек» деуі қате пікір, деп қосты ол.

Психолог Саян Рыспаевтың айтуынша, ерлі-зайыптылардың бірін-бірі аңдуы мәселені шешпейді, керісінше, тек ушықтырады.

– Әрине, әйел күйеуінің телефонын ақтарып, оның кімге қандай лайк басқанын тексеруі –сенімсіздіктің салдарынан болады. Егер әйел шынында да күйеуінің жеке хаттарын оқып қойып, ұстап алса, біз ол әйелдерді көркем мәмілеге шақырамыз. Яғни, күйеуімен ұрсысудан пайда жоқ екенін, одан мәселе тек ушығып кететінін айтамыз. Біріншіден, ол ажырасуға алып келеді. Әрине, күйеуінің  бөтен әйелге қарап, опасыздық жасауы дұрыс емес. Бірақ әйелдің де күйеуінің телефон ақтаруы дұрыс емес. Осы орайда күйеуі әйелін “менің телефонымды рұқсатсыз ақтардың” деп айыптап, ажырасуы мүмкін. Егер де көркем мәміледе сөйлесетін болсақ, неліктен күйеуі өзге әйелдерге лайк басып, пікір жазып жүр дегенге келсек, оған қарым-қатынаста бір нәрсе жетіспеуі мүмкін. Яғни, жыныстық қарым-қатынас, көңіл жетіспесе, ол опасыздық жасауға әкеледі, дейді ол.

Сонымен, ерінің телефонын ақтару – әйелдердің өз-өзіне деген сенімсіздігінен туындайды екен. Көптеген әйелдер өзінің сұлулығына, дене пішіміне көңілі толмай, күйеуім маған қызықпайды деген қыңыр сенімді өз миына құйып алады.

– Өзіне-өзі сенімсіз әйелдер қайтеді? Олар «қазір күйеуім жұмысқа барса, оған басқа әйелдер қараса, ол басқа әйелмен сөйлессе, сосын ол менен кетіп қалады деген секілді ойда жүреді. Ал егер әйел өзінің «табиғи жаратылысына» көңіл бөліп, өзін-өзі жан-жақты дамытып, әйел рөлін дұрыс атқарып, күйеуіне сеніп, өзін толыққанды сезінсе, ондай әйел күйеуін аңдымас еді. Керісінше, ондай әйелдерге күйеуі қайта ғашық болады, дейді Саян Рыспаев.

Бұл жерде әйелдер үшін өзін өзі дұрыс бағалауы бірінші кезектегі мәселе болуы керек екен.

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір