13 Қараша, 2023 Әлеумет
"Болат Назарбаевтың жасаған жақсылығы көп еді"
Достарына, өнер адамдарына, ақындар мен жазушыларға көмектескен дейді.
сурет ғаламтор желісінен алынды
Бүгін экс-президенттің інісі Болат Назарбаев дүниеден өтті. Бұған біреу қуанып, біреу қайғырып жүр.
Рас, әлеуметтік желіде қаралы хабарға қабырғасы қайысқандар мен Болат Назарбаевтың ажалын сүйінші сұрағандай қылып, марқұмды табалағандар да табылды.
Біздің Болат Назарбаевпен алты аламыз, бес береміз жоқ. Дегенмен, Бөкең халыққа не жақсылық жасады деген сауалға жауап іздеп, интернетті шолып көрдік.
Сөйтсек, марқұмның жаман қырлары ғана емес, елге жасаған азды-кем жақсылығы да табылды.
Мәселен, оның «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қайырымдылық қорының өзі марқұм қайырымды жан болған деген пайымға жетелейді. Бұл қор арқылы Болат Назарбаев өмірде қиын жағдайларға тап болған адамдар мен жасөспірімдерге, балаларға көмек жасап келген.
«Салиқалы ұрпақ» қорының директоры Қасым Қасабектің мәліметінше, қорға қарасты «Береке үйі» өз тәрбиеленушілеріне барлық жағдайды жасап келген. Одан бөлек, көпбалалы отбасылар мен жағдайы төмен отбасыларға көз қырын салып, азық-түлікпен қамтамасыз етті.
– Пандемия кезінде мектептер онлайн режимге ауысып, жағдайы жоқ отбасылардың балалары ноутбук таппай қиналған болатын. Сол кезде Болат Назарбаев 1000 балаға ноутбук берді. Сосын коронавирусқа қарсы күреске 150 миллион теңге бөлген еді.
Түркістан облысының Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 20 үй салып берді, алғашқы күні жапа шеккен жандарға 20 тонна гуманитарлық жүк жеткізіп, олардың балаларына жазғы лагерьге тегін жолдама әперді. Зейнетақысын жетімдер үйіне қайырымдылыққа аударып отыратын, ол 18 жыл бойы 380 балаға қамқорлық жасады», – дейді ол.
Болат Назарбаев өнерге қатты мән берген. YouTube-тегі «Айна» каналына берген сұхбатында: «істеген жақсылығымды ешқашан айтқан емеспін. Оның бәрін айта беру де ыңғайыссыз. Ел қалай түсінеді, білмеймін. Әркімнің аузына қақпақ бола алмайсың. Мені бәрі халықтың ақшасын алады деп ойлайды. Бірақ әлі күнге дейін біреудің ала жібін аттап көрген емеспін. Ешкімнің ештеңесін алған жоқпын. Халыққа, достарыма, өнер адамдарына, бәріне көмектескім келеді» депті.
Ұлттық мәдениет пен мемлекеттік тілді дамытуға үлесін қосып келгенін журналистерге берген талай сұхбаттарынан аңғаруға болады. Қай сұхбатында да сөзіне өзге тілді араластырмаған екен. Халық оны тойымсыз, дүниеқұмар, әйелқұмар деп айыптағанымен, ол өзін қарапайым, тәртіпке бағынған жанмын деп есептеді. Бірде көлігін өзі жүргізіп келе жатып сұхбат берген болатын. Онда Болат Назарбаев жол өзінің ережелерді сақтайтын тәртіпті жүргізуші екенін айтқан.
– Мен тәртіпті жүргізушімін. Ешқашан жылдамдықты асырмаймын. Қаланың ішкі көшелерінде 50-60 жылдамдықпен жүрсем, әл-Фараби даңғылында 80-нен асырмаймын, дейді.
Болат Назарбаевтың бірнеше мешіт салдырғанын көпшілік білмейді. Ол Алматы облысында 350 орындық және Алматыда 1000 адамға арналған мешіт салған. Райымбек ауданындағы Нарынқол мен Кеген ауылдарының 33 имамына 10 миллион теңгеден сыйақы үлестірген. Бұл туралы Қасым Қасабек: «имамдар тек мешіттің қызметкері ғана емес, олар психолог, мұғалім, мешіттің отымен кіріп, күлімен шығатын адамдар. Сондықтан ораза айында осындай жандарға ақшалай көмек бердік» дейді.
Болат Назарбаев туралы осы уақытқа дейін таралып келген алып-қашпа жаман әңгімелерге қатысты қызы Гүлмира Әбішева: «әкем 2015 жылдан бері денсаулығының нашарлауына байланысты бизнесті қойып, оның қасындағы сенімді адамдарға қалдырды. Сенген адамдары енді бәрін теріс айналдырып, бізге қарсы шығып жатыр. Кеше ғана бір дастарханда бірге отырып, төрімізде ағалап-көкелеп жүргендер еді. Қазір сол кісілерге менің ренішім бар. Кезінде талай адам «брат, брат», «аға-көке» деп қасынан шықпай, шәйімізді ішіп жүрген. Қазір қайда солар? Біреуі жоқ. Танымайтын адам сияқты қасымыздан өтіп кетеді. Негізі, әкем өте көп адамға жақсылық жасады. Кейде ойлаймын, неге соларды айтпасқа деп? Бәрі тек жаман жағын айтады, жақсылығын ұмытып кеткен. Қазір айтсақ, мақтанғандай боламын. Сондықтан бәрін бір Аллаға тапсырдым» деген ренішін білдірді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір