• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 20:47:53
Алматы
+12°

30 Қазан, 2023 Барлық аймақтар

"Қарметкомбинат" қазақтікі бола ма?

Нұреке, тағы неңіз бар еді, бүлдірмеген?

Фото ғаламтор желісінен алынды

Миттал келгелі Қарағандыда жылда жарылыс, жылда қаза. Кокс нарығындағы монополия, соттарды сатып алу, салықтан жалтару секілді былықтардың барлығы  «АрселорМиттал Теміртауда» ашықтан ашық жүргізіліп келді. Кеше тағы бір жарылыс болып, қаншама адам қырылып қалды.

Осы уақытқа дейін Митталға ешкімнің дәті жетпеген екен. Тіреуіші Назарбаев болған.

Назарбаев пен ЛакшмиМиттал
«Бұрынғы президент Лакшми Митталды не істесе де қолдайтын. Митталға ешкім ештеңе дей алмайтын. Оның еркеліктеріне бәрі көз жұмып, оған ешқандай жаза қолданылмай келді», деп ағынан жарылыпты Қазақстанның бұрыңғы премьері Серік Ахметов.

Лакшми Миттал деген кім? Қазақстанға қалай келді?

Үндістанның тумасы, бүгінгі Лондон тұрғыны Лакшми әлемдегі алпауыт, Mittal Steel Company N.V металлургиялық компаниясының иесі.

1995 жылы ол Теміртаудағы «Қарметкомбинатты», құны 2 млрд доллардан басталатын кәсіпорынды былайша айтқанда су тегінге, төрт жылға бөліп төлеймін деп небәрі 225 млн долларға сатып алған. Марқұм Рахат Әлиевтің тұспалынша, Нұрсұлтан Назарбаев Митталдан осы үшін акциялардың жартысы мен 50 млн доллар алған-мыс.

«Қарметкомбинатты» 2 апта басқарған Болат Әбілов былай дейді:

– Миттал мырза Қазақстанға Машкевичтің арқасында 1995 жылы күзде келді. Назарбаев сол жылы Мұхтар Жәкішев екеумізді аустриялық Voestalpine («Фест Альпине») компаниясымен бірге «Қарметкомбинаттан» қуып шықты. Сосын «Қарметкомбинатты» кім басқара алады деген сұрақ туындады. Биліктегілер әуелі ақша салып, кейін жекешелендіріп алуға ыңғайлы адам іздеді. Қылышын сүйретіп қыс келе жатқан. Мұндай алып комбинатты қысқа дайындамаса, тағы болмайды. Кенет, сол сәтте Миттал пайда болды. Оны Қазақстанға Александр Машкевич ертіп келіп, жоғарыдағылармен жеке таныстырғаны туралы айтылып жатты, – дейді ол.

Рас, Лакшми Миттал ВВС-ге берген бір сұхбатында Қазақстанға қалай тап болғанын тәптіштей келе, өзін Машкевич шақырғанын мойындаған. «Қазақстанға «кіру» үшін ақша бердіңіз бе?» деген тікелей сауалға Миттал «иә, «комиссиялық» негізде 100 млн доллар беріп жібердім» деп жауап беріпті. Жоғарыда айтылғандай, «Қарметкомбинаттың құны кемі 2 млрд долларға бағаланғанымен, Миттал оны бар-жоғы 225 млн долларға сатып алды. Салыстыру үшін, 2005 жылы Миттал Украинадағы дәл осындай комбинатты 5 млрд долларға жуық бағаға сатып алды.

Митталдың Қазақстанға келгеніне 17 жыл болды. Бұл 17 жылда Қарағанды кенішінде 100-ден аса кісі өлімі тіркелді. Жылдағы апаттар жұмысшыларды әбден қажытты. Қайғы жамылғандар бұрынғыдай көмек пен сыйақыға алданбайды. Кеншілер трагедиясы көбейген сайын компания тарапынан өтейтін көмектер де көбейіп, шығындар еселенді.
Енді кәсіпорынның ары қарай жағдайы қалай болмақ? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Миттал кәсіпорынды мемлекет меншігіне қайтарады деген мәлімдеме жасап үлгерді.

– "АрселорМиттал Теміртау" өзін ақтайтын кәсіпорын. Бұрын да ақтайтын. Тек ондағы процестерді өздері ұйымдастыруы керек. Яғни, оны ұлттық компанияға айналдыруға болады. Мәселен, «Қазметаллсталь» деп өзгертсек, ол да «Самұрық-Қазына», «ҚазАтомпром», «ҚазМұнайГаз» секілді ұлттық компания болады. Одан кейін әр ұйымға қарап, ұлттық қордан, зейнетақы қорынан инвестиция алуына да болады. Бірақ өзінің қайтарымын беріп, кейін акцияларын халыққа сататындай IPO-ға берсе, кәсіпорын бір жағынан халыққа да, мемлекетке де ортақ компания болып шыға келеді. Cол арқылы жақсы жұмыс істеп кетуге болады. Жалпы, өз орнын алып кетуге толық мүмкіндік бар. Бәрібір нарықта үлкен стремация болмайды. Металл бәрібір де керек. Сондықтан Теміртау металлургиясын дамытуымыз қажет, – деді Qamshy.kz-ке экономист Айбар Олжай.

Қорыта айтқанда, еліміздегі барлық ірі компаниялар шетелдік инвесторлардың қолында. Елдегі мұнай зауыттары, алюминий, ферроқорытпа, көмір өндірісі де шетелдік компаниялардың иелегінде. Шетелдіктердің пайдасынан зияны асып жатқанын көріп отырмыз. «Темірді қызған кезде бас» демекші, дәл қазіргі кезде Теміртаудағы металлургиялық комбинат пен оның кен орындарын өз пайдамызға жаратқанымыз дұрыс шығар.

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір