• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Қараша, 01:02:58
Алматы
+12°

Фото: qamshy.kz

Бақыт деген немене?!

Бақыт деген сенің сонау бала күндерің.

Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің,

Ал менің ең бақытты күндерім,

Балам, саған бақыт іздеп жүргенім.

    ( Мұқағали Мақатаев)

Қазақтың марқасқа азаматы Толқын Ақанұлы баласы үшін бақыт іздеп, келін түсіріп, бала бақытының той қуанышымен бөлісті. Той – қуаныштың шыңы, шаттықтың нұры. Күллі қазақ даласында ғасырлар бойы той өтіп, бейбіт берекелі өмір сүріп жатқан әз халықтың қуанышы мен берекесін уыздай ұйытып жататын "Келін түсіру", "Қыз ұзату", "Сүндет тойлар" ұлы тойдың төресі деуге болады. 

Қазақ салтында осындай қуанышқа өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты, ел жұрты сынды төрт жұртты шақырып бас қосқан екі жасқа ақ бата беріп, некесін қидырып, келіннің бетін ашып, ақ отауға кіргізеді.  Тойда бір ғана отбасы қуанбайды. Дүйім халық болып қуанады. Той –ортақ қуаныштың, үзілмес береке бірліктің жаршысы. Сондықтан бағзы бабалармыз "Отыз күн ойын, қырық күн тойын" жасап ұрпақ өссін, өнсін, көгерсін, көктесін деді. Қуаныш тойынан үлгі алсын, өнеге көрсін, төрт жұртын танысын, білсін, солармен емен-жарқын аралассын деген ұлы мақсатпен той жасайды. Той – береке қазынасы, бірліктің үзілмес алтын арқауы. Ақ сары бас қой, көк қасқа тай, ту бие, атан өгіз, ақ түйе қарын жарып той жасау атадан балаға, баладан немереге үрдісін үзбей жалғасын тауып келе жатқан қазақтың ұлы дала дәстүрлі мәдениетінің ең мәйектісі болып табылады. 

Иә, осы дәстүрдің қаймағын бұзбай, қалпын сақтап Шымкент қаласында аса танымал дәрігер, ақын, академик Толқын Ақан шаңырағында келін түсіру тойы өтті. Тойға Қазақстанның түкпір-түкпірінен аса сыйлы қонақтар шақырылды. Күллі түркі жұртына танымал  тарихшы Қаржаубай Сартқожаұлы, Даңсалы күйші Секен Тұрысбекұлы, Үлкен кәсіпкер Жеңіс Түркияұлы, Шағанбек Қанжарбайұлы, Мақсат Әдіқадірұлы, Айса, "Көктудың желбілегені әнінің" авторы Алмас Ахметұлы, жазушы Жәди Шәкенұлы секілді мәртебелі қонақтар жалпы 500 ден астам адам тойға арнайы шақырумен қатынасты. 

Той мәдениетті, сапалы, тәртіпті, салиқалы, салтанатты түрде өтті. Қазақ дәстүріне өте тамаша ойдағыдай той болды. Кереметтей сауық-сайранға, тағылымы мол, тәрбиесі көл той болды.

Тойда бас қосқан екі жасқа ақ бата ақ жауындай төгіп  беріліп жатты. Ізгі тілектер мен алғыстар толассыз айтылып жатты.

Тойда екі жасқа арнап мен де ақ батамды бердім:

               Ақ бата

Аумин мен батамды берейін,

Осы тойда асыға айтып қате демейін.

Ұрпаққа, ұл-қызға берсе екен,

Қазақтың ақ жарқын ата мерейін.

Ей, Алла қазанның қарасынан сақта,

Дұшпанның жаласынан сақта,

Достың күлкісінен сақта,

Жаман күннің күнәсінен сақта,

Көктің де, жердің де, 

Мұсылман-кәпірдің де,

Уыстың да, туыстың да,

Батыстың да, шығыстың да,

Ердің де, әйелдің де,

Пәле мен жаласынан сақта!

Астыңдағы ақбоз ат,

Астың да жүріп арысын,

Құлаң шашты, қой көзді,

Сүйіп алған алтын жар,

Қасыңда жатып қарысын!!

Ұл өссін мұрты қияқтанып,

Қыз өссін әдемі моншақтанып,

Толқын Ақан той жасап тұр,

Босағаны жиі атталық,

Тойға келген барша қауым,

Аппақ боп қартаялық,

Пайғамбардың ақ туы сияқтанып!!

Аллаһу әкбар!!!

Иә, сөз атасы ақ бата. Осындай баталар дуалы ауыздан толассыз айтылып, екі жасқа бақ-дәулет, бақытты ғұмыр тіленіп жатты. Тойдың да мәні мен сәні, берекесі мен мерекесі осы ғой.

Ең маңыздысы екі жас бақытты болсын!!

Болат Бопайұлы
Шымкент қаласы.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Болат Бопай той

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір