5 қазанда журналист Евгения Балтатарова да Қазақстан билігі Наталья Нарскаяны 25 қазанға дейін Ресейге экстрадицияламақ болып отырғанын жазған. Оның болжамынша, Қазақстан бас прокуратураның шешімі де шығып қойған болуы ықтимал.
Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптап сұхбат берген ресейлік Наталья Нарская екі айдан бері Қазақстан абақтысында отыр. 22 шілдеде Алматы полициясы оны Ресейдің сұрауы бойынша ұстаған. Кейін сот Нарскаяны 12 айға қамау туралы шешім шығарды.
Осы іспен айналысып жатқан адам құқықтары жөніндегі бюро қызметкері, құқық қорғаушы Денис Живагоның айтуынша, Нарская Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрап, өтініш тастамаған. Сондықтан Қазақстан оны экстрадиция тәртібімен Ресейге бере алады. Егер ол ресми Астанадан босқын мәртебесін сұраса, Қазақстанда шамамен бір жылға дейін қала алады.
Денис Живагоның сөзінше, бұған дейін Нарская келісімшарт, құжаттарды жыртып тастаған. Құқық қорғаушы "қамаудағы Ресей азаматының психикалық жағдайы қиын" дейді.
Қазақстан бас прокуратурасы әзірге бұған қатысты реакция білдірмеді.
29 жастағы Наталья Нарская соғысқа дейін Ресейде вокалдан сабақ берген. Ресей Украинаға басып кірген соң Алматыға көшкен. Оған Ресейде "бұқаралық ақпарат құралдары арқылы экстремистік әрекетке шақырды, әлеуметтік араздық қоздырды" деген айып тағылып, халықаралық іздеу жарияланған.
Құқық қорғаушының айтуынша, Нарскаяның қудалануына YouTube-тегі арналардың біріне берген сұхбаты ілік болған. Онда Нарская Ресей билігі мен соғысты қолдайтын ресейліктерді сынайды. Нарская сұхбатта өзін "русофобпын" деп атайды.
Пікір қалдыру
пікір