• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 08:00:14
Алматы
+12°
Бүгін Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне мүфтияттың, имамдардың қызметі туралы пікір білдірді. Осыған байланысты ҚМДБ мәлімдеме жасады. 
 
"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – қоғамдық діни бірлестік. Десе де мүфтият қоғам алдындағы міндеттемелерін өз құзіреті аясында атқарып, халықтың рухани дамуына, еліміздің бірлігі мен игілігіне өзіндік үлесін қосуда.
Мүфтият жыл басында бес бағыт бойынша жұмыстарға басымдық беретінін жариялады. Олар – дін мен дәстүр, ізгі қоғам, ихсан және насихат, діни оқу-ағарту, жат діни ағымдардан сақтандыру", делінген діни басқарманың ресми мәлімдемесінде. 

  1. Дін мен дәстүр бағыты. Қазір дін мен дәстүр сабақтастығын насихаттау бойынша қалалық, облыстық мешіттер жанынан «Дін мен дәстүр» орталықтары ашылып, жамағат арасында әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүріміз кеңінен дәріптелуде. Мешіт аулаларында, мәдениет үйлерінде діни мерекелерді ұлттық нақышта атап өту дәстүрге айналды. Діни, рухани іс-шараларда ұлттық аспаптармен арнау, толғау, терме орындалып, бабаларымыздың өсиетті өлеңдері дәріптелуде. Жастардың санасына ұлттық құндылықтарымызды сіңіру жұмыстары үздіксіз жалғаса береді.

  2. Ізгі қоғам бағыты. Дін қызметкерлері қоғамды ізгілендіруге өзіндік үлес қосып келеді. Имамдар қоғамда әділеттілік, адамгершілік, әдеп сынды құндылықтарды қалыптастыруда белсенді қызмет атқаруда. Қалалық, облыстық мешіт жанынан ашылған «Отбасылық кеңес беру» орталықтары 1 жылда ажырасуға шешім қабылдаған 500-ден астам жұптың некесін сақтап қалды. Жастарды жаман әдеттерден (құмар ойынға тәуелділік, темекі шегу, арақ ішу т.б.) сақтандыру бағытындағы насихаттық жұмыстар жалғаса береді.

  3. Ихсан және насихат бағыты. Жұма және күнделікті намаз алдындағы уағыз жұмыстарында жастарға әрбір жақсы істі көркем түрде (ихсан дәрежесінде) орындау туралы насихат айтылуда. Мүфтият жанынан ашылған «Жастар ісі» секторы, «Зейін» оқырмандар клубы жас буынның зейінін ашып, рухани әлемін байытуға үлес қосуда. Қазір әлем халқы жат діни ағымдарға тойтарыс берудің төте жолы - сан ғасырдан бері қалыптасқан дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту екенін түсінді. Бүгінде имамдар ихсан ілімін насихаттаумен қатар, салт-дәстүріміздің жанашырына айналды.

  4. Діни оқу-ағарту бағыты. Соңғы 9 айдың есебі бойынша қалалық, облыстық, аудандық, ауылдық мешіттер жанынан ашылған Сауат ашу курстарында 23 665 адам алғашқы діни сауатын ашты. 7 417 адам Құран оқи алатын дәрежеге жетті. 5 258 адам намазға жығылды. Діни сауат ашу курстарында білім алған азаматтарда деструктивті діни ағымдардың теріс идеологиясына қарсы имунитет қалыптасты.

  5. Жат діни ағымдардан сақтандыру бағыты. Жастарды деструктивті діни ағымдардың теріс идеологиясынан сақтандыру – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі жұмыс бағыттарының бірі. Бұл – барлық мүфтиден бері жалғасып келе жатқан асыл міндет. Мүфтияттың діни оңалтуға жауапты мамандары өткен жылы қоғамдық орындар мен түзеу мекемелерінде 9928 жеке ықпал ету акцияларын (жеке кездесулер) жүзеге асырды. Жұмыс нәтижесінде жалпы 1477 адамға оң ықпал жасалды. Атап айтқанда, 773 адам қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімделді және 704 адам деструктивті діни ағым идеологиясынан бас тартты

 
Сондай-ақ мүфтият жанынан құрылған ғұламалар, ақсақалдар, сарапшылар кеңесі жастарды жат діни ағымдардан сақтандыру жұмыстарына белсене араласып жатқанын атап өтті.
 
"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ата-бабамыз сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі Ислам құндылықтарын үздіксіз дәріптеп келеді. Осы бағытта мүфтият «Дәстүрлі Ислам жауһарлары», «Дін мен дәстүр», «Ихсан – рухани тәрбие негізі», «Толық адам» кітаптарын шығарды. Жыл соңына дейін «Ислам энциклопедиясының» І, ІІ, ІІІ томдары, «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп», «Дін мен дәстүр ІІІ» еңбектері жарық көреді. Аталған кітаптар дәстүрлі дінімізді дәріптеуде таптырмас құрал болады деп сенеміз. Әлі де атқарар жұмыс көп. Барша азаматты ортақ мақсаттарды бірлесе жүзеге асыруға шақырамыз", дейді ҚМДБ баспасөз қызметі.  
"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: ҚМДБ мүфтият

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір