• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 00:39:39
Алматы
+12°

21 Қыркүйек, 2022 Барлық аймақтар

«Жаңа Қазақстанда» да жастар әлі қаңғып жүр...

Аты бар, заты жоқ бағдарламалардың салдарынан қаншама қазақ үйсіз-күйсіз жүр

ашық дереккөздерден алынды

Баспана – жастар мен отбасылар үшін әлі өзекті мәселе болып отыр. Салынған үйлер өте көп, бірақ оның құнын халықтың қалтасы көтере алмайды.

Жуырда мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев елдегі ипотекалық бағдарламалардың жылдан жылға халыққа қолжетімсіз болып бара жатқанын айтып қалды. «Бүгінде мемлекеттік бағдарламалармен үй алу жоқтың қасы. 7-20-25 деген – аты бар, заты жоқ бағдарламаға айналды. Отбасы банкінде 50 пайыздық бастапқы жарнаны жастардың 5 жылда жинауы мүмкін емес. Нарықтағы үй бағасы екі өсеге өскен. Жастардың 2 бөлме түгілі, 1 бөлмелі пәтер алуға мүмкіндігі жоқ. «Бақытты отбасы», «Шаңырақ», Нұрлы жер» бағдарламалары арқылы көпбалалы отбасы деп, кемі 4 балаға ата-анасын қоссақ, кемінде 6 адам. Дәл қазір жаңа үйлер конкурс негізінде берілгендіктен, кей отбасылар 32-40 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерде тұруға мәжбүр. Осыған байланысты бұл бағдарламаларға өзгеріс енгізілуі керек», деді депутат.

Экономист Бауыржан Ысқақ елімізде дені дұрыс ипотекалық бағдарлама жоқ екенін айтады. Оның пікірінше, тұрғынүйге қатысты қандай да бір банк берілген пайыздың үстінен 8-9 пайыз қосатынын, сол арқылы халық екі есе ұтылатынын айтады.

– Қазіргі ипотекалық бағдарламалардың пайыздық ставкалары жоғары. Мысалы, екінші деңгейлі банктердің ипотекасы 20-22 пайыз мөлшерінде болады. Өйткені Ұлттық банктің базалық ставкасы 16,75 пайыз. Екінші деңгейлі банктер оның үстіне өз пайдасына 8-9 пайыз қосады. Сондықтан ипотекамен үй алу өте қымбатқа шығып жатыр. Әрине, мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар бар. Бірақ олардың саны тым шектеулі, не тіпті жоқ деп айтуға болады. Халыққа тіптен қолжетімсіз болып кетті. Ал енді Отбасы банкте 40 млн-ның үйін алу үшін оның 20 млнын жинау керек дейді. Сол 40 млн теңгеге өз ставкасын енгізеді. Яғни, салымшының жинаған 20 млн-ы мен банк беретін 20 млн-ға 10 пайыздық ставкасын қосады. Бұл да тиімсіз бағдарлама.

Үйдің бағасын төмендету үшін инфляция жағдайын төмендету керек. Мысалы, инфляция ресми 13,5 десе, соны кем дегенде 5 пайызға дейін төмендетсе, онда қайта қаржыландыру ставкасы да 6-7 пайызға дейін төмендейді. Өйткені инфляциядан асуы керек. Инфляция асқан жағдайда  банктер үстінен ары кетсе 10-11 пайыз ғана ставка көтереді. Яғни, кем дегенде 3-4 пайыз ғана қосады. Сонда ғана халық жеңілдікке ие болады. Үстінен төлеу сияқты өсімпұлдары азаяды. Үйді салатын құрылыс компаниялары да өзіндік құнын азайтуы керек. Құрылыс материалдарының 70-80 пайызы сырттан қымбатқа келгендіктен, олар да үйді шығынға салмайтыны белгілі. Олар да табыс көруі керек. Ал табыс көру үшін олардың өзіндік құны төмен болғаны дұрыс. Арматурадан бастап кірпішке дейінгі материалдар сырттан доллармен сатып алынса, баспана бағасы шарықтамағанда не істейді? Міне, ендеше біз Қазақстандағы тауар өндірушілердің санын көбейтуіміз керек. Сосын халықтың әлеуметтік топтарына арнайы бағдарламалар ашқан дұрыс. Себебі, кейбір бағдарламалар жүзеге асқан кезде автоматты түрде үйдің бағасын қымбаттатып жіберуге әсерін тигізіп жатады. Сол үшін де «Астана жастары», «Алматы жастары» деген бағдарламалар әзірленгенде, бұл бір уақытта үй бағасының жасанды қымбаттауына әкелді, – дейді экономист Бауыржан Ысқақ.

Елімізде жыл сайын баспана көптеп салынғанымен, тиімсіз бағдарламалардың арқасында жастар үй ала алмай, құрылыс компаниялары сата алмай әлек. Елімізде тиімді бағдарламалар құрылмай, бұл мәселелер шешімін таба қоймас.

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір