Фото: Ашық дереккөз
Маңғыстау облысының стритворкаут және стритлифтинг бойынша федерациясының президенті, екі рет Гиннестің рекордтар кітабына енген, стритлифтинг пен стритворкауттан әлем чемпионаттарының жеті медалінің иегері Ильдар Ягяев табыс табу үшін Англияға көшкен, деп жазады Lada.kz.
28 жастағы Ақтау тұрғыны қазір Англиядағы егістіктен қырыққабат пен брокколи теріп жұмыс істеп жүр. Спортшының айтуынша, егістіктегілердің жұмысы күніне 8-9 сағатқа созылады. Ал таңғы 4:00-т де трактор рөліне отыратын Ильдардың жұмысы түске таман аяқталады. Ол теңіз жағасындағы төрт қабатты үйде басқа жұмысшылармен бірге тұратынын айтты.
"Мен өтініш берген кезде маған жұмыс істейтін орындардың тізімі берілді. Қырыққабат өсетін алқапты әдейі таңдадым, оны жинау құлпынайға қарағанда қиынырақ. Спортшы ретінде өзімді сынап көргім келді. Бұл негізі ер азаматтарға арналған жұмыс. Командамызда бір ғана тараздық әйел бар", дейді ол.
Аталған жұмыс орнында жалақыны апта сайын береді. Ал жалақы көлемі жұмыс істеген сағатына байланысты өзгеріп отырады.
"Айына шамамен 2000 фунт, теңгеге алмастырғанда миллион теңге шығады. Мұндай жалақыны Қазақстанда табуым екіталай. Мүмкін бірнеше жерде жұмыс істеп, күніне 2-3 сағат ұйықтап миллион теңгені әрең табатын едім", дейді Ильдар.
Ильдар Англияға көшкені туралы көп таныстарының білетінін айтты. Жақындарының бір бөлігі оның бұл шешімін қолдаса, бірі қарсылық білдірген. Себебі көбі жоғары білімі бар азаматтың егістікке жұмыс істеуін ұят санайды. Ал Ильдар Ягяевтің екі жоғары білімі бар.
"Көпшіліктің пікірін елеместен шешім қабылдадым. Өзімнің отбасым үшін, болашағым үшін шетел астым. Ақтауда спортты дамыту үшін бірнеше рет әрекет жасадым. Алайда барлығы нәтижесіз болды. Мені спорт басқармасы тыңдамады. Түрлі жарыстарда жеңіске жетіп, көк туды желбіреттім. Алайда мені аэропорттан күтіп алғысы келмеді. Шенеуніктер үнемі спортшыларға қолдау көрсету керегін айтып жатады. Біздің елде тек боксшылар, футболшылар және күреспен айналысатындарға ғана көңіл бөлінеді. Ал қалғандарына түкіргені бар", деп айтты спортшы.
Ильдар тракторшы болып істейтін қазақстандықтар көп екенін де жеткізді.
"Жұмыс істеуге рұқсат алты айға ғана беріледі. Көптеген қазақтар несиесін толық өтеп үлгерді. Біреулер көлікке, енді біреулер пәтер алу үшін ақша жинайды. Айтпақшы, мұнда небәрі бір айда көлік сатып алуға болады. Англияда жұмыс істегісі келетіндердің көптігі сонша, жұмысқа өтінімдерді қабылдау қазірдің өзінде тоқтатылды. Егер визалық режим болмаса, мен мұнда не болар еді деп елестете алмаймын. Мен балаларымның осында тұрғанын қалаймын. Өйткені, олардың болашағын Қазақстанда көрмеймін", - дейді Ильдар.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір