16 Мамыр, 2023 NEWS
Фото: Ашық дереккөз
Жаңаөзеннің жұмыссыз мұнайшылары президентке видео үндеу жолдады.
"Жаңаөзеннің жұмыссыз мұнайшылары 46 күннен бері заңға сай еңбек жағдайлары жасақталған, мұнайшыға лайық еңбекақы төленетін жұмыс орнын талап етудеміз. Өкінішке қарай, Қазмұнайгаз бен Өзенмұнайгазға қарасты мекемелерден ондай орын табылмай отыр. Бізге ЖШС Бұрғылау, ОМС, МФС секілді мекемелерден қосымша жұмыс беріп, мәселені шешуге болар еді. Ондай да қадам жасалмады”, – деді жаңаөзендіктер.
Олардың айтуынша, облыста құрылған жұмыс тобы екі отырыс өткізген. Алайда құзыреті жетпеген соң Мәжіліс депутаттары мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Энергетика министрлігінің өкілдерін қатыстырамыз деген келісімге келген.
"Бұл уәде де орындалған жоқ. Мұндай мәселеге депутаттар, министрлік өкілдері белсене қатысып, тез шешуге әрекет жасауы керек еді. Халыққа жаны ашитын депутат, жауапты шенеунік көрмей отырмыз. Президент Қасым–Жомарт Кемелұлы, сіздің тапсырмаларыңыз орындалған жоқ. Кінәлілер жазалануын талап етеміз”, – деп хабарлады мұнайшылар.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын жұмысқа орналастыруды талап еткен Жаңаөзен мұнайшылары аштық жариялаған.
10 сәуірде Астанадағы Энергетика министрлігі ғимаратының жанына Берәлі Маңғыстау компаниясының бұрынғы жұмысшылары жиналып, жұмыспен қамтамасыз етуді талап еткен болатын. Наразыларды полиция ұстап әкетіп, ертесі мәселенің шешілетінің айтып Маңғыстауға аттандырған еді. Алайда мәселе әлі күнге дейін реттелмей келеді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір