22 Қазан, 2022 NEWS
Фото: Ақ Жайық
21 қазанда Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісі бойынша кезекті сот отырысы өтті, деп жазады Ақ Жайық басылымы.
Бұған дейінгі сот отырысында күдікті Рысқалиев "пара беруші мен пара алушының арасында делдал болдым" деген алғашқы айғағын өзгертіп, Хаменованың 4,5 миллион теңгеге еш қатысы жоқ екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, ол мұндай куәлікті Антикор қызметкерлерінің қысымымен берген.
Сот отырысында Антикор қызметкерлерінен жауап алынды. Олар Рысқалиевтің сөзін жоққа шығарып, оған ешқандай қысым жасалмағанын айтты.
Әрі қарай прокурор Рысқалиевтің бастапқы айғақтарының өзгеруіне байланысты нақтылау үшін 2021 жылдың желтоқсанында жасырын тергеу әрекеттері кезінде түсірілген ұстау видеосын қайта қарауды сұрады. Хаменованың адвокаты Жолболов сотта берген айғағын өзгерту қорғалушысының құқығы екенін айтып, прокурор өтінішіне қарсылық білдірді. Оны әріптестері мен Рысқалиевтың өзі қолдады. Олардың пікірін тыңдаған судья прокурордың өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Осыдан кейін залдағылар бір ауыздан қол соқты. Сотқа қатысушылардың бұл әрекеті судьяға ұнамай, ескерту жасады:
– Сіздерге ескерту жасаймын. Біз бұл жерде өз жұмысымызды атқарып жатырмыз, ал сіздер мұнда шоу жасап отырсыздар ма? Ұялы телефонға түсіресіздер, қол шапалақтайсыздар, күлесіздер, әңгімелесесіздер. Жалпы, бұл тәртіпті бұзу болып табылады. Бұл адамның мінез-құлық мәдениетін білдіреді. Сотқа қатысуды білмейсіздер ғой... Басқа өтініштер болмаса, сот жарыссөзіне көшеміз, – деді судья.
Прокурор Рысқалиевтің сотқа берген алдыңғы айғақтарына байланысты жарыссөзге дайындалу үшін уақыт сұрады. Судья прокурор өтінішін қанағаттандырып, келесі сот отырысын 27 қазанға қалдырды. Хаменованың адвокаты келесі сот отырысына дейін бұлтартпау шарасын үйқамаққа немесе ешқайда кетпеу туралы қолхатпен ауыстыруды сұрады. Алайда судья тағылған айыптың ауыр екенін ескеріп адвокат өтінішін қанағаттырмады.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір