21 Қазан, 2022 NEWS
Фото: qamshy.kz
Astana LRT ісі бойынша сот отырысында Астана әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековтың хаты оқылды. Қанат Сұлтанбеков хатында Астананың бұрынғы әкімі Иманғали Тасмағамбетовты жемқорлық жасады деп айыптаған. Бұл туралы Сұлтанбеков ҚР ҰҚК-нің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовке өзі мәлімдеген, деп жазады Orda.kz порталы.
"Тасмағамбетовтың қол астында жұмыс істеп жүрген кезде экс-әкімнің жемқорлық әрекеттеріне қатысты көптеген дәлелдемелерді жинадым. Тасмағамбетов пен оның сыбайлас жемқорлық әрекеттерін, басқа да лауазымды тұлғаларды әшкереледім. Сөйтіп, айғақтар мен дәлелдерді сол кезде ҰҚК төрағасы болып қызмет еткен Кәрім Мәсімовке ұсындым. Бұл ретте Тасмағамбетов тергеу изоляторында жатқан кезімде менің үйіме, отбасы мүшелеріме бірнеше рет келіп, барлық кінәні өз мойныма алуға мәжбүрледі. Тіпті, Иманғали Тасмағамбетов әйелімді өзінің жеке ұшағына шақырып алған. Мен берген айғақтарды Мәсімов Тасмағамбетовке берген екен. Тасмағамбетов маған әйелім арқылы тергеу изоляторынан тірі шыққың келсе, елден кет деп кеңес берді", делінген Қанат Сұлтанбековтың хатын сот процесінде судья Виктория Семенова оқып берді.
Қанат Сұлтанбеков (2006 жылдан бастап Иманғали Тасмағамбетовтің қоластында алдымен Алматыда, кейін елордада жұмыс істеген – Ред.) 2017 жылы ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы (пара алу) бойынша сотталған болатын. Апелляциялық сот оған 2,139 миллиард теңге айыппұл салған.
"Мәсімовке айтқан барлық қылмыстарды өз мойныма алуыма тура келді. Мен өз отбасым үшін қорықтым. Мәсімов пен Тасмағамбетовтың қорқытулары мен бопсалауларынан кейін 2017 жылы барлық кінәні өз мойныма алуға мәжбүр болдым. Айыппұлды төлеуге де келісім бердім. Оны менің әкем төледі. Әкем айыппұлды төлеу үшін адал жолмен тапқан үйлері мен коммерциялық ғимараттарын сатты", делінген хатта.
Сұлтанбековтың мәлімдеуінше, Тасмағамбетов АҚШ-тың санкциялар тізіміне заңды түрде енген ресейлік жоғары лауазымды жемқор шенеуніктермен тығыз байланыста.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір