Фото: Qamshy.kz
Алматыда жұртшылық қоғам және мемлекет қайраткері Балташ Тұрсынбаевты соңғы сапарға шығарып салды.
Ғылым ордасында өткен қаралы жиынға адам көп жиналды. Әсіресе ойын ашық айтып жүрген азаматтар, қоғам белсенділері көптеп келді.
Қаралы жиында академик Оразалы Сәбден Балташ Тұрсынбаев 53 жасына дейін қызметте болып, өткір ой, ашық көзқарасын білдіргені үшін биліктен шеттетіліп, одан кейін ұдайы саяси-қоғамдық оқиғалардың, соңғы Қаңтар оқиғалары, одан кейінгі жайттардың бәрінің бел ортасынан табылғанын атап өтті.
Академик марқұм соңғы уақытта "қаңтардың" шындығын ашуды талап етіп, бар уақытын сол жолға арнағанын, қайраткердің орындалмай кеткен талабы кейінгі ұрпаққа аманаттай болып қалғанын айтты. Қаңтар оқиғасының шындығын ашуға қол жеткізу – қазіргі азаматтардың мойнында екенін жеткізді.
Қазақтың тұңғыш ғарышкері, марқұмның жақын досы Тоқтар Әубәкіров Балташ Тұрсымбаевты жүрегі кең, ақкөңіл, батыл да білімді, сөзді салмақтап, саралап айтқан адам болған деп сипаттады.
Бірде жұмыссыз, көліксіз қалғанында "сен жаяу жүрме, сенің жаяу жүргенің халқыңа ауыр болады" деп өз көлігін әкеп бергенін айтады.
Сондай-ақ ол Балташ Тұрсымбаев 90 жылдары-ақ, өзі лауазымды қызметтер атқара жүріп биліктің кемшілігін айтудан еш тайсалмады дейді. "Ауылды құртамыз ғой" деп колхоз, совхоздарды таратуға, одан кейін 1995 жылғы конституцияға қарсы шыққанын еске алды. Оны қабылдау дұрыс жолға бастамайтынын, қабылданса, Қазақстан дикратураға түсіп кетеді деген қаупі болғанын білдірген.
Ғарышкер сөзінің соңында жолдасты соңғы сапарға аттандырған қиын екенін, досы енді бұ дүниеде жоқ екенін жүрегі қабылдамай, миы сенбей тұрғанын айтты.
Алматы қаласы әкімшілігінің атынан сөйлеген қала басшысының орынбасары Арман Қырықбаев Балташ Тұрсымбаевты "қашанда пікірін, позициясын анық білдіретін, тік мінезді адам болды" деп еске алды.
Қайраткерді, оның айтқандары мен жасағандарын мінсіз етіп көрсету – керісінше оның бағасын төмендетіп жіберуі мүмкін екеніне назар аударып, марқұмның ел үшін қылған қызметі лайықты орнын алады деп есептейтінін мәлім етті.
Сондай-ақ ол қоғамда әралуан пікір болғанымен, сол әр көзқарастағы адамдар ұлт мүддесі үшін керек кезде біріге алуы аса маңызды екеніне тоқталды.
Соңғы үші жылда түрлі қоғамдық істер бойынша бірге жүрген журналист, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсембай Балташ Тұрсымбаевты қайраткер, елін сүйген, елі үшін керек болса күресе білген адам еді деп атады.
Үш жыл бірге жүргенде қайтпас қайсарлығы, нені қалай істеу керектігін білетін парасаттығы тәнті қылғанын мәлім етті.
Рысбек Сәрсембайдың айтуынша, Балташ Тұрсымбаев не айтса да, жазса да, сынаса да ел мүддесі үшін жасаған, билік соны ұға алмады.
Журналист "марқұм қоғамдық жұмысты өзін аямастан атқарды, ел аралап жүргенде Қызылордада денсаулығы сыр беріп, науқастанып бір қорқытқаны бар, жүріп кетерден 3-4 күн бұрын телефонмен сөйлестік, алдағы уақыттағы жұмыстарды пысықтап, пікір алмастық" дейді.
"Ұлылар елін, ұрылар еліне айналдырмақ болғандар арасынан кетті" деген ол Балташ Тұрсымбаев өз жағдайын ойламай халық мүддесі үшін қызмет еткені үлкен құрметке лайық екенін жеткізді.
Балташ Молдабайұлы Тұрсымбаев 1946 жылы 24 қазанда Ресейдің қазіргі Омбы облысы Кіші Боранкөл ауылында туған.
1969 жылы Омбы ауыл шаруашылық институтын бітірген. 1969 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан облысында зоотехник, бас зоотехник, Преснов аудандық ауыл шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарған.
Одан кейін әр жылдары "Жамбыл" кеңшарының директоры, Бишікөл аудандық партия комитетінің 2-хатшысы, Целинный аудандық партия комитетінің 1-хатшысы, Солтүстік Қазақстан облысы атқару комитетінің төрағасы, Қазақ КСР-і Мемлекеттік агрокешен комитетінің төрағасы, ауыл шаруашылық, азық-түлік және экология жөніндегі Қазақ КСР-і мемлекеттік кеңесшісі, Қазақ КСР-і премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылық министрі, Қостанай облысының әкімі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, елші, ҚР Премьер-министрі орынбасары, Қазақстанның Түркиядағы елшісі қызметтерін атқарған.
1999 жылдан жеке кәсіпкерлікпен айналысқан.
Соңғы жылдары экс-президент Н.Назарбаев жүйесін сынап, оппозициялық көзқарастарын білдіріп жүрді.
Биылғы мамырда жақтастарымен бірге екі жылдан бері қоғамдық ұйым ретінде жұмыс істеп келген "Ел мен Жер" қозғалысын саяси партияға айналдыратынын хабарлаған.
Саясаткер қазасына жүрек сырқаты себеп болған.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір