• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 22:28:06
+12°

Әлеуметтік желіде қаңтар оқиғаларынан кейін қамауда отырған "Дикий Арман" деген лақап атпен белгілі криминал-авторитет Арман Жұмагелдиевтің президент Қ.Тоқаевқа жасаған аудиоүндеуі тарап жатыр.

Арман Жұмагелдиев үндеуінде қаңтарда алаңға халықты, ел тәуелсіздігін қорғау үшін шыққанын айтқан. 

"Бірі түсінсе, бірі түсіне бермейді. Шынымен халқымды қорғаймын деп, тәуелсіздігімізді сақтау үшін алаңға шықтым. Еліме, жеріме, халқыма қиын жағдайда көмек көрсету үшін шықтым. Бірақ сондай жақсылық істегеннен кейін түрмеде отырғаныма қапалымын. Қазақта осындай жаман әдет бар. Өзіміздің батырларымызды өз қолымызбен түрмеге тығып, өлген соң "батыр еді" деп мақтап отырамыз. Мен шынымен өз халқым үшін, елім үшін, мемлекет үшін шықтым. Алайда мұны билік те, халық та бағалай алмады" дейді Жұмагелдиев үндеуінде. 

Сондай-ақ ол қаңтардағы қақтығыстарда полиция қызметкерлері мен ҰҚК өкілдері қашып кетті, халықты қорғайтын ешкім болмады деп отыр.

"Елде шынымен қақтығыс, тәртіпсіздік болды. Ғимараттарды өртеді, адамдарды өлтірді. Полицейлер де, Ұлттық қауіпсіздік қызмет өкілдері де барлығын тастап, қашып кетті. Мен өз елімнің азаматы ретінде адамдарды бейбітшілікке шақырдым. Тәртіпсіздік жасауға қарсы екенімді айттым. Арандатушыларға сеніп қалмасын деп тұрғындарды қорғауға тырыстым. Тәуелсіздігіміздің тағдыры қыл үстінде тұрды. Мен адамдарды өлтіріп, әйелдерді зорлап жатқанын естіген соң бір орында отыра алмадым. Қолымнан келгенше көмек көрсеткім келді", дейді "Дикий Арман"

Тоқаевқа жасаған үндеуінде Жұмагелдиев өзінің кінәсіз екенін айтып, ақталды. 

"Кез келген қылмыстың белгілі бір мотиві болады. Мен арандатушылар мен морадерлерді ұстағаным үшін жазаланып отырмын ба?! Алаңда қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ешкім болмады, полицей де, ҰҚК қызметкерлері де. Сол үшін әйелдер мен балаларды құтқарғым келді. Менің бар кінәм осы болғаны ма?! Банк карталары істемей қалған адамдарға азық-түлік таратқаным үшін кінәлімін бе?! Қалада осы жағдайды пайдаланып жүрген ұры-қарылар, есіркі шегіп, ішімдік ішіп бассыздық жасағандар болды. Сонда ертең жерімізге жау кіргенде алаңға шықпай, үйімізде тығылып отыруымыз керек пе? Бұл біздің мемлекетіміз болғандықтан, біз оны қорғауға міндеттіміз. Әкімдер мен генералдардың өзі тығылып қалған кезде мен алаңға шықтым", дейді ол.

Арман Жұмагелдиев алаңда арандатушылар өзіне шабуыл жасағанын, басынан жарақат алғанын айтады.

"Халықты арандатушылардан қорғаймын деп жарақат алдым. Өз өмірімді қатерге тіктім. Менің басымды жарып, саусағымды кесті. Неліктен? Себебі мен арандатушылардың қатарында болмадым. Олар секілді "билікті өзгертейік, шабуыл жасайық" деп айтпадым. Егер солай айтқан болсаи бәрі қолдайтын еді. Бірақ мен олай айтпадым. Қазір әкімдер мен кей билік өкілдері өздерінің қателіктерін көрсетпей, "Арман жаман" деп жатыр. Олар мықты болса, сондай қиын-қыстау күні қайда болды? Кім халықтың жанынан табылды? Ал мен халықтың жағында болдым. Оларға көмек көрсеттім. Иә, мен қазір қиын кезде халықты қорғағаным үшін опық жеп отырмын" деді Арман Жұмагелдиев. 

Бұдан бөлек, Жұмагелдиев полиция тарапынан кінәсіз адамдарға қысым жасалып жатқанын да айтты. 

"Қазірдің өзінде полицейлер күдікті деп тапқан кінәсіз адамдарды ұрып-соғып, азаптап жатыр. Тіпті мүлдем кінәсі жоқ адамдарға жала жабуда. Ал олар сол күні қайда болды? Неге олар тығылып қалды? Неге өздерінің азаматтық борышын сол күні атқармады? Өкініштісі, мені халқым да, билігім де, өз мемлекетім де түсінбеді. Менің дінім билікке қарсы шығуға тыйым салған. Сол себепті мен ешқашан билікке қарсы шықпадым. Ал осындай бассыздық пен көптеген адамның өліміне себеп болған оқиғаны ұйымдастырғандарға Алланың лағынеті болсын деп тілеймін. Олар екі дүниеде де оңбайды", деді ол. 

Үндеуінің соңында Арман Жұмагелдиев Тоқаевтың әділетіне сенетінін айтқан. Ол президенттен бөлек халыққа да үндеу жасады. 

"Құрметті президент, кінәсіз адамдарды отбасына қауыштыруыңызды сұраймын. Арандатушылардың алдауына түскен кінәсіз адамдарға кешірім беруіңізді сұраймын.  Сондай-ақ маған да кешірім беріп, отбасыммен қауышуыма мүмкіндік беріңіз. Мен өз елімнің патриотымын. Елімді, Отанымды жақсы көремін. Мен сіздің кешіріміңіз бен әділетіңізге сенім артамын. Халқым, біз бірге болуымыз керек. Бұл қиын сынақтан бірлік арқылы өте аламыз. Бұл тәуелсіздікті ата-бабамыз армандады. Батырларымыз бен хандарымыз жете алмаған тәуелсіздікті сақтап қалуымыз керек. Арандатушылардың арбауына сенбеңіздер. Осы оқиға бізді бір етіп, одан сайын мықты болуымызға себеп болады деген сенімдемін", деп сөзін аяқтады Арман Жұмагелдиев. 

 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 

Публикация от АРМАН ДЖУМАГЕЛЬДИЕВ (@arman.djumageldiev)

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір