04 Сәуір, 2022 Саясат
Фото: thinktanks.by
Биылдан бастап ақпараттық саясат саласындағы аймақтық мемлекеттік сатып алулардың (тендерлердің) барлығы автоматтандырылған www.goszakup.gov.kz сайтынан "конверттік" жүйеге көшті. Бұл тәртіп ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде бұрыннан қолданылып келеді.
Аталған механизм медиасарапшылар арасында жемқорлық қаупін арттырып, ашық бәсекелестікті тұншықтырады, баспасөз құралдарын тапсырыс берушіге тәуелді етуге жол береді деп сыналып жүр.
Қамшы порталы ақпарат саясатындағы мемлекеттік тапсырысты мұндай тәртіпке көшіру себебін сұрап Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне бірнеше сауал жолдаған. Министрлік жауабында кейбір нақты сұрақтарға шұбалаңқы, жалпы жауап берілген. Стилі тым ресми, қарапайым оқырманға ұғынықты емес, оның түсініп, қорыту үшін әлденше рет оқуға тура келеді. Ақпарат министрлігінде ойды қазақша жатық жеткізе алатын адам қалмағаны ма? Осының өзі-ақ ақпарат саясатының құрдымға кетіп бара жатқанын көрсетпей ме?
Енді тікелей министрлік жауабына көшейік, ол жерде "конверттік" жүйенің артықшылығы ретінде төмендегілер көрсетілген:
- отандық өндіріс өнімін арттыру және оның сапасын жақсарту, себебі тапсырыс жеңімпазын іріктеуде айқындаушы критерий контенттің бағасы емес, шығармашылық ұсыныс болып табылады;
- өңірлік БАҚ үшін даму серпіні;
- өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне бағдарланған өңірлік тапсырыс өніміне халықтың қанағаттану деңгейін арттыру.
"Goszakup" порталында жеңімпазды орындаушының ұсынған бағасы айқындаушы критерий болғаны рас. Оның жағымсыз да, жағымды да тұстары болатын.
Жағымсыз тұсы – төмен баға ұсынған орындаушы жеңімпаз атанып, тапсырысты сапасыз орындау тәуекелі бар еді.
Жағымды тұсына сөзбайласу нәтижесінде техникалық сипаттамасы белгілі бір медиаға ыңғайланып жазылған тендерге төмен баға ұсынып тапсырысты ұту арқылы жемқорлық әрекеттерінің жолын кесу мүмкіндігін жатқызуға болады. Осындай тәсілмен жеңімпаз атанған орындаушы тапсырыс берушімен сөзбайласпағандықтан оған кіріптар болмайтын. Жыл соңына дейін тапсырысты жауып, бөлінген қаржыны игеруге жергілікті атқарушы орган да мүдделі болғандықтан, орындаушыға қысым жасау мақсатымен, оның жұмыстарын қабылдамай қою тәуекелдері кездеспейтін десе де артық айтқандық емес.
Ал "конверттік" механизмде тапсырыс беруші орындаушыны тікелей таңдайтындықтан, оның орындаушы алдындағы ықпалы артады. Бұл қажет жағдайда орындаушы редакцияның ақпарат саясатына араласу, цензура жасау рисктерін жоғарылатады.
Министрлік жауабында "өңірлік БАҚ үшін даму серпіні", "өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне бағдарланған өңірлік тапсырыс өніміне халықтың қанағаттану деңгейін арттыру" деген пунттерде нақты нені меңзегені түсініксіз. Министрлік бәлкім енді төмен баға ұсынғаны үшін тапсырысты өзге өңірдің ақпарат құралы иемденіп кетпейді, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне бағдарланған шығармашылық ұсыныс арқылы тапсырыс өнімінің сапасы артып, оған халықтың қанағаттану деңгейі жоғарылайды деген ойды жеткізгісі келген шығар.
Алайда бұл үш пункті де бұрынғы "Goszakup" порталының базалық мүмкіндіктері мен қосымша командалар енгізу арқылы іске асыру еш қиындық тудырмайды. Демек ақпараттық саясат саласындағы мұндай қадамға бұдан да үлкен нәрсе себеп болып тұр.
Ол себеп – мемлекеттік сатып алу үрдісін жабық жағдайға көшіру, сол арқылы тапсырыс берушіге ықпалын арттыру пиғылы болуы мүмкін. Өйткені "Goszakup" порталы негізінен аймақтардағы ақпарат саласындағы сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ететін. Тапсырысты кім алғаны, оны қалай орындағаны, ол үшін қанша ақша төленгені бәрі көрінетін. Ал "конверттік" жүйеде қоғам ақпараттық тапсырыстың орындалу, бөлінген қаржының игерілу барысынан бейхабар болады.
Министрлік мәліметінше, "конверттік" механизмдегі жемқорлық тәуекелдерін төмендету, мемлекеттік тапсырыстың ашықтығын қамтамасыз ету үшін уәкілетті орган жанынан мемлекеттік ақпараттық саясатты қалыптастыру мәселелері жөніндегі кемінде 7 адамнан тұратын тәуелсіз республикалық комиссия жұмыс істейді.
"Комиссияның құрамы коммерциялық емес ұйымдар, БАҚ және әртүрлі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатарынан жасақталады. Комиссия мүшесінің республикалық және өңірлік деңгейлерде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге қатысуға тікелей немесе жанама мүдделілігі болса, комиссия мүшесі үміткерлердің өтінімдерін қарауға қатыспайды. Бұл – өз кезегінде жемқорлық тәуекелдері мен мүдделер қақтығысын болдырмауға бағытталған. Жеңімпаздарды іріктеу Комиссияның шешімі бойынша жүзеге асырылады" делінген жауапта.
"Мемлекеттік ақпараттық саясатты қалыптастыру мәселелері жөніндегі республикалық комиссия туралы" ережеге сай, комиссия төрағасы Ақпарат саласындағы уәкілетті орган ведомствоның басшысы не оны алмастыратын адам болады. Яғни комиссия төрағасы ретінде ақпарат және қоғамдық даму министрлігі нұсқау бере қоғамдық даму басқармаларының басшысы тағайындалады.
Бір сөзбен айтқанда, "конверттік" жүйеге өту қоғамдық даму министрлігінің ықпал ету аясын кеңейте түседі. Салдарынан аймақтық әкімшіліктердің ақпарат саласындағы тапсырысын орындаушыларды, тапсырыстан үмітті медиаларды өз ойын ережесімен жүргізуге кең мүмкіндіктер ашылады.
Демократиялық дамуға қарай ұмтылатын мемлекет ақпарат саласында ашықтық, бәсеке, сөз еркіндігіне жағдай жасау, тәуелсіз басылымдардың дамуына мүмкіндік беру секілді принциптермен жүреді. Ал Қазақстандағы ақпарат саясаты керісінше, мейлінше жабық, биліктің медиаға ықпалын арттыратын, сөз еркіндігін шектейтін бағытқа ойысып барады.
"Шекарасыз репортерлер" ұйымының сөз бостандығы бойынша әлемдік рейтингінде Қазақстан 180 елдің ішінде 155-орында тұр. Сөз бостандығы картасында жағдайы "нашар" деп бағаланған.
Медиасарапшылар парламент сенатына келіп түскен "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқығын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қабылданып кетсе, сөз бостандығыны жағдайы тіптен нашарлап кетеді деп дабыл қағып жүр.
Заң жобасы елде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді қолдануға шектеу енгізуге мүмкіндік береді. Оған сай, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер Қазақстан бойынша "заңды өкілдерін" тағайындауға, сонымен қатар, ақпарат және қоғамдық даму министрлігі талап еткен кез келген контентті 24 сағаттың ішінде өшіруге міндеттеледі. Егер әлеуметтік желі министрлік талабын орындамаса, министрлік желінің "Қазақстан аумағында жұмысын шектеуге" құқылы. Мамандар бұл қадамдардың артында цензураны күшейту мен әлеуметтік желіні бақылауды арттыру тұрғаны анық деп санайды.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір