Фото: Шымкент қалалық полиция департаменті
Шымкент қаласының полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы болып Ұлықбек Мылтықов тағайындалды. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың келісімі бойынша Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбековтың бұйрығымен Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы лауазымына полиция полковнигі Мылтықов Ұлықбек Тұрғұнұлы тағайындалды" делінген хабарламада.
Мылтықов аталған лауазымға сыбайлас жемқорлық дауынан кейін қызметінен босатылған Мұхтар Бұхарбаевтың орнына келген. Соңғысын қол астындағылардың бірі қымбат заттарды сатып алуға "мәжбүрледі" деп айыптап, дәлел ретінде тиісті хат-хабарлардың скриншоттарын келтірген.
Ұлықбек Мылтықов 1975 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Ішкі істер органдарында 1996 жылдан бастап қызмет етеді. Орта және аға басшы құрамның әртүрлі лауазымдарында қызмет атқарған.
Ол 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы кезінде Маңғыстау облысы Ішкі істер департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы қызметін атқарған.
Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктер кезінде ол екі іс бойынша фигурант болған. Бірінде жәбірленуші ретінде, екіншісінде бейбіт демонстранттарды ату фактісінде куәгер атанған. Сол кезде Мылтықов бейбіт тұрғындарды атуға бұйрық бермегенін мәлімдеген.
Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында жалақы мәселесін айтып, жеті ай бойы алаңда наразылық білдірген мұнайшыларға 2011 жылғы 16 желтоқсанда полиция оқ атып, ереуілді күшпен басқан. Соның салдарынан 17 адам қаза тауып, 100-ден астам адам жараланған.
Жаңаөзен ісі бойынша жүрген сот процестерінің нәтижесі бойынша мұнайшыларға оқ атқаны үшін 5 полицей 5 жылдан 7 жылға дейін сотталған. Сондай-ақ 37 адамға "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" айыбы тағылып, олардың 13-і үш пен жеті жыл аралығындағы мерзімге сотталған. 21 адамға шартты жаза кесілсе, 3-еу ақталғанып шыққан.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір