28 Желтоқсан, 2021 Саясат
Фото: Qamshy.kz
Санаулы күндерден кейін тарих қойнауына енетін 2021 жыл әлемнің көптеген еліндегідей Қазақстан үшін де күрделі болды. Пандемия жағдайында өткен бұл жылда ел бойынша ресми дерекке сай 15366 адам коронавирустан қайтыс болды. Мамандар Қазақстандағы саяси-қоғамдық жағдай демократиядан алшақтағанын айтады. Қымбатшылық пен мал қырылуы салдарынан халық кедейленіп кетті. Ресей тарапынан Қазақстанның ішкі ісіне араласу жиілеп, ақпараттық шабуыл көбейді.
Саяси ахуал
Әлемдегі демократиялық өзгерістерге мониторинг жасаумен айналысатын Freedom House ұйымы Қазақстанды консолитарлық-авторитарлық режим ретінде сипаттайды. Ал беделді Economist Intelligence Unit зерттеу компаниясы 2020 жылғы демократия индексінде Қазақстанды 167 ел ішінде 128-орынға жайғастырған.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы 10 қаңтарда өткен мәжіліс пен мәслихат сайлауына "бәсекесіз сайлау" деп баға берсе, Еуроодақ сайлау кезінде "азаматтарда таңдау мүмкіндігі болмағанын" мәлім етті. Сайлау нәтижесінің өзі 2016 жылғы нәтижеге ұқсас болды. Тәуелсіз бақылаушыларды қудалау, оларды сайлау уческелеріне кіргізбей қою, хаттамаларды бермеу секілді әрекеттер тіркелді. Заң бойынша, сайлаудан кейін отставкаға кетуге тиіс үкіметтің екі мүшесі ғана ауысып, қалғаны орнын сақтап қалды.
Саясаттанушы Мұхтар Сеңгірбай Қазақстан әр сайлау сайын демократиядан, халықпен санаса отырып шешім қабылдау механизмдерінен айырылып, авторитарлық режим нығайып бара жатқанын айтады.
Сондай-ақ осы жылы Адам құқығын, сайлау және сөз еркіндігін бақылаумен айналыстын бірнеше үкіметтік емес ұйым қызметі салық органдары тарапынан шектеліп, артынша шектеу тоқтатылды. Сарапшылар тексерісті "саяси астары бар әрекет" деп бағалайды.
11 ақпанда Еуропа парламенті басым көпшілік дауыспен "Қазақстандағы адам құқықтарына жөніндегі" қарар қабылдады. Онда елдегі азаматтық қоғам аясының тарылуы, адам құқықтарының бұзылуы және сайлаудағы әділетсіздікті сыналып, белсенділерді қудалау, саяси тұтқындар, түрмедегі азаптау, сөз бостандығы мәселелеріне назар аударылған.
Қазақстан билігі қарарға байланысты ресми мәлімдеме жасап, пікір білдірген жоқ. Тек Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров "мұндай қарарларды еуропалық парламент халықаралық күн тәртібінің түрлі мәселелері бойынша айтарлықтай тұрақты түрде қабылдайды" деумен шектелді.
Есесіне қарарда сөз болып, бейбіт митинг туралы президент Тоқаев "қоғам да, мемлекет те бұқараның өз ұстанымын білдіруіне адекватты қарайтын кезге жетті" дегеніне қарамастан, бейбіт митингтерге шыққан белсенділерді "Кеттлинг" әдісімен сағаттап қоршап жүріс-тұрысын шектеу, ұстау, қамау, соттау жалғасып келеді. Мәселен, Қазақстанда экстремистік деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" ұйымын құрды және оның ісіне араласты деп сот шешімімен 4 оппозициялық белсенді 5 жылға бостандығынан айырылып, 9 белсендінің еркіндігі 1 жылдан 2 жылға дейін шектелді. Демократиялық партия бастамашыл тобының үш белсендісі 16 желтоқсан күні алаңға барғаны үшін қазіргі уақытта 15-20 тәулік мерзімге қамауда отыр.
Биыл 2006 жылғы "Шаңырақ" оқиғасынан кейін 18 жылға сотталып, 15 жылдан астам уақыт түрмеде отырған, құқыққорғаушылар "саяси тұтқын" қатарына кіргізген диссидент, ақын, оппозиционер Арон Атабек "денсаулық жағдайына байланысты" түрмеден шығарылып, ұзамай айықпас дерт салдарынан көз жұмды. Ол өле-өлгенше Шаңырақ оқиғасы кезінде қаза тапқан полицейді өртемегенін, өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын айтып өтті. Тіпті денсаулығына байланысты мерзімінен бұрын босатуға қарсылық танытып, өзін толық ақтауды талап еткен. Аронның қазасына қоғам қатты қайғырды. Ал билік тарапынан бірде-бір адам көңіл айтқан жоқ.
Биыл 17 адам қаза тауып, 100-ден астам адам жараланған Жаңаөзен оқиғасына 10 жыл толды. Қоғамда Жаңаөзен оқиғасының шындығы ашылмады, оған тарихи баға берілмеді, қақтығысқа кінәлі, оқ атуға бұйрық берген адамдар заң алдында жауап бермеді деген пікір бар.
Халық кедейленуі
Сиыр жылында қымбатшылықтан халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы нашарлап кетті.
2021 жылы картоп, сәбіз, ет, күнбағыс майы, қант сияқты азық-түлік тауарларынан бастап, электр энергиясы, жанар-жағармай, құрылыс материалдары, пәтер сатып алу, пәтер жалға алу, көмір бағасы айтарлықтай қымбаттады.
Ұлттық банк инфляция 8,9-8,7 пайыз шамасында болғанын айтқанымен, кей салаларда қымбатшылық екі есеге дейін жетті.
Соның салдарынан тапқан табысты тұтыну тауарларына жұмсау көрсеткіші алдыңғы жылдарға қарағанда едәуір көп. Жылдық өсім 17,9 пайызға тең. Сәйкесінше, ақшаның құнсыздануы халық тұрмысының төмендеуіне әкеліп соқты.
Ресми статистикаға сай, Қазақстан халқының 4,5 пайызы (855 мың адам) кедей тұрады. Алайда кедейлік деңгейін анықтауда қолданылатын қазақстандық тәсіл кедейлікті төмендетіп көрсетуге мүмкіндік береді. Кедейлік шегін өлшейтін әлемдік стандарттар елде 2 миллионнан астам адам кедей тұрмыс кешетінін көрсетіп отыр. Экономист Мақсат Халық кедейлікті азайтып көрсететін қазақстандық тәсіл әлемдік рейтингте жақсы көрсеткішке ие болуы үшін жасалған деген пікірде.
Бұдан бөлек биыл жауын-шашынның нормадан аз түсуі, қуаңшылық кесірінен Маңғыстау, Қызылорда облыстарында мыңдап мал қырылды. Ә дегенде жұт жайлаған аймақтардағы жергілікті билік пен үкімет не істерін білмей, абдырап қалды, малы қырылған шаруаны жем-шөппен қамтамасыз етуде дәрменсіздік танытты. Осындай қиын кездерде халық арасынан ерікті адамдар шығып, ел-елден шөп жинауына, жұрт болып жұмылуға туралы келді.
Ресейдің ақпараттық шабуылы һәм Қазақстан билігінің жұмсақ жауабы
Былтыр Ресей мемлекеттік думасы депутаттары Қазақстанға бастаған ақпараттық соғыс биыл да жалғасын тауып, тіпті күшей түсті. Мәселен, "Тіл майданы" қозғалысы белсенділерінің қазақша қызмет көрсетуді талап еткен әрекеттеріне байланысты Ресейдің бірқатар баспасөз құралдары "Қазақстанда орыс тіліне қысым жасалып отыр" деп ақпарат таратты. Ұзамай президент әкімшілігі төрағасының бірінші орынбасары Дәурен Абаев белсенділердің әрекетін айыптап, олардың әрекетін "үңгір патриотизмі" деп атады. Кей саясаттанушылар Абаев мәлімдемесін Мәскеу билігіне мұндай әрекеттер Қазақстан билігі тарапынан ұйымдастырылып отырмағанын ұғындыруға тырысқанымен түсіндіреді. Артынша Тіл майданы қозғалысының жетекшісі Қуат Ахметовтың үстінен бас прокуратура қылмыстық кодекстің 174-бабы (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) бойынша қылмыстық іс қозғап, белсенді Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған.
Тіпті Қазақстандағы орыс тілінің жағдайына байланысты президент Қ.Тоқаевтың өзі пікір білдіріп, дәстүрлі жолдауы барысында "орыс тілінің айрықша Қазақстандағы маңызы мен орны туралымәлімдеме жасады.
Араға бір-екі күн салып Қазақстан үкіметі мен ресейлік СБЕР компаниясы Қазақстандағы цифрландыруды жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойғаны белгілі болды. Оның аясында ресейлік компания Қазақстан үшін электрондық қызмет платформасын жасауға тиіс. Мұндай оқиға қоғамда үлкен қарсылыққа ұшырап, көпшілік мұны цифрлық егемендікке төнер қауіп ретінде бағалады. Мәселенің басы әлі ашық күйінде тұр.
Тағы бір басы ашық, әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен тақырып – Қазақстанда атом электр стансасын салу идеясы мен құрылысқа Ресей тарапының ықылас танытып отырғаны. Күні кеше ғана Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов Қазақстан ықтималды атом электр станциясы құрылысына байланысты келіссөз басталғанын, келіссөз жүргізушілер арасында ресейлік "Росатом" корпорациясы барын айтты. Қазақстанда бірнеше жылдан бері атом электр станциясын салу идеясы көтеріліп келеді. Энергетиктер АЭС қажеттілігін энергетикалық тапшылықпен түсіндіреді. Алайда қоғамда АЭС салуға қарсы көңіл-күй басым. Арыс қаласы, Жамбыл облысындағы әскери қоймаларда болған жарылыстан кейін АЭС салу идеясына деген теріс көзқарас арта түскен. Азаматтар арасында екі жылда екі бірдей жойқын жарылысқа жол беріп қойған үкіметтің әрекетіне күмәнмен қарайтындар көп.
Ал Ресей президенті Владимир Путиннің жуырда ғана айтқан "Қазақстан орыстілді мемлекет" дегенінмен көп адам лажсыз келіскендей, соны мойындағандай болса, қарашада Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Қазақстанда орыстілділерге ксенофобиялық көзқарас бар екені туралы айтқан мәлімдемесімен келіспейтіндер аз болмады.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір