• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 00:24:50
Алматы
+12°

Кеше қайтыс болған ақын, диссидент Арон Атабектің денесі жақындарына әлі берілген жоқ, деп хабарлайды Қамшы тілшісі.

Қазіргі уақытта Алматы қаласы Қалқаман ықшамауданындағы мәйітхана алдында марқұмның жақындары мен белсенділерден тұратын 40 шақты адам тұр. Олардың арасында Аронның қыздары Алма мен Айдана да бар. Алайда олар журналистермен сөйлесуден бас тартты.

Тек белсенді, Арон Атабектің сенімді серігі Мұратбек Есенғазы ғана жағдай туралы пікір білдірді.

Ол Арон Атабекті түрмеде улаған болуы мүмкін деген күдігі барын жеткізді.

– Сап-сау, зіңгіттей адамның соңғы жеті айда нашарлай бастағаны күдік тудырады. Ол өзі маған орысшалап "здоров как бык" деп айтқан. Жаттығу жасап тұрғанын да өз аузынан естігем. Алайда ол 7 айдың ішінде әлсірей бастады. Бір күні таңертең тұрғанда "құлағым таскерең болып қалды", деді. Одан кейін екі қолы істемей қалуды шығарған. Сөйтіп 7 айдың ішінде концлагерьден шыққандай болып отыр. Шынын айтқанда бізге тірі өлік қылып жіберді, – дейді ол.

Белсенді түрмеде Арон Атабекті газ қолдану, болмаса тағамына бірдеңе қосу арқылы біртіндеп өлтіруі мүмкін деп санайды. Ол "бірадамдық камерада жатқан адам қалай ғана коронавирус жұқтырады" деп таңданады. Сөзінше, Аронды түрмеден босатқанда оның өкпесінің 16 пайызы зақымданған.

"Коронавирусты әдейі жұқтырмағанын дәлелдесін, бүкіл жүйені сотқа береміз" дейді ол.

Мұратбек Есенғазы сондай-ақ дауласып жүріп тәуелсіз сот-медициналық сараптама жасауға қол жеткізгендерін, алайда оған кедергі жасауға тырысып жатқандар барын айтады. Белсенді Қазақстандағы тәуелсіз сарапшыларды мәйітке тәуелсіз сараптама жасауға, оның нәтижесін бұқпасыз жариялауға шақырды.

Белсенді сараптама аяқталған соң Арон Атабектің денесі қарындасы Рәзияның үйіне арнайы жедел жәрдем көлігімен жеткізілетінін айтты.

– Шариғат заңына сай, бүгін жамбасын бір күн үйіне тигізіп, ертең жаназасын шығарамыз деп отырмыз. Енді тағы бірдеңе шығып қалмаса, – дейді Мұратбек Есенғазы.

 

 

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Арон Атабек

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір