Фото: NurOtan партиясының баспасөз қызметі
«Nur Otan» партиясының баспасөз қызметі «Тарихта осы күні» айдары аясында әлеуметтік желілерде «Болашақ» бағдарламасына арналған бейнеролик жариялады.
«1993 жылдың 5 қарашасында еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақ» стипендиясын тағайындау туралы Жарлығы шықты. Елбасының теңдессіз шешімінің арқасында мыңдаған қазақстандық әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алуға қол жеткізді. Бүгінде болашақтықтар экономиканың түрлі саласында табысты жұмыс істеп қана қоймай, стартаптарды іске қосуда, білім беру, денсаулық сақтау және ғылым саласында жүздеген ғылыми әзірлемелер мен жобаларды іске асыруда», – делінген бейнеролик сипаттамасында.
2001 жылы алғашқы түлектер елдегі ең табысты үкіметтік емес ұйымдардың біріне айналған «Болашақ» қауымдастығын құрды.
Сондай-ақ, 2011 жылы болашақтықтар дарынды балаларды қолдауға бағытталған әлеуметтік және қайырымдылық жобаларды жүзеге асыру үшін «Болашақ» қорын құрды.
Мәселен, 10 жыл ішінде балаларға арналған 37 фильм әлемдік стандарттарға сай ағылшын тілінен қазақ тіліне дубляждалды. «Болашақ» қоры жұмысының негізгі бағыттарының бірі – инклюзивті білім беруді дамыту жобасы.
«Әр бала мектепке баруға лайықты» болашақтықтардың жобасы аясында ерекше білім алуға қажеттілігі бар 2 мың баланың өмірі өзгеріп, алдынан жаңа мүмкіндіктер ашылды. Олардың көпшілігі сөйлеуді үйреніп, өз бетінше оқуға көшті, түрлі жарыстар мен олимпиадалардың жүлдегерлері атанды. Жалпы, еліміздің барлық өңірінде 59 мамандандырылған оңалту мекемесі, оның ішінде 43 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды», – делінген бейнероликте.
Партияның баспасөз қызметі атап өткендей, «Болашақ» – Қазақстанның халықаралық брендіне айналған Елбасының көптеген табысты жобаларының бірі.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір