• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 07:36:09
+12°

Фото: Абу Әділеттің жеке мұрағатынан

2020-2021 оқу жылы оқушыларға онлайн сабақ оқумен есте қалды. Пандемияға байланысты балаларды дәстүрлі оқу форматында оқытуға мүмкіндік болмай, оқушылар қашықтан білім алды. Жалпы қашықтан оқыту білім беру саласына оңай тиген жоқ. Бірақ сабағын онлайн оқыса да, түрлі додаларда топ жарып қатарластарынан асып түсіп жатқан оқушылар да аз емес. Маңғыстаудың дарынды оқушылары жыл сайын олимпиадада топ жарады. 2021 жыл Маңғыстау облысы үшін жемісті болды. Облыс бойынша республикалық олимпиададан 752 оқушы, халықаралық олимпиададан 250 оқушы жүлделі орын алды. 25-30 сәуір аралығында өткен республикалық пәндік олимпиаданың қорытынды кезеңінде Маңғыстау облысының командасы 5 алтын, 6 күміс және 18 қола медаль иеленді. Осы олимпиадада үздік нәтиже көрсеткені үшін Ақтау қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты «Үздік олимпиадалық мектеп-2021» номинациясы бойынша ІІ орын алса, ал Мұнайлы ауданындағы жалпы білім беретін №3 мектеп «Ең үздік ауыл мектебі – 2021» номинациясын иеленді. Маңғыстау облысының командасы «Ең үздік олимпиадалық команда – 2021» номинациясы бойынша ІІІ орынға жайғасты. Оқу

           Қатарластарынан озық шыққандардың бірі, Ақтау қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Әділет Абу. Оқуда озат оқушы 2021 жылы математикадан Жәутіков атындағы халықаралық олимпиадада күміс медаль, халықаралық «Жібек жолы» олимпиадасында алтын медаль, халықаралық «Тынық Мұхиттық» олимпиадада қола медаль алды. Республикалық пәндік олимпиадаға да қатысып күміс медаль иегері атанды.

          -Пәндік олимпиададағы жетістік өмірдегі кез келген жетістік секілді үлкен еңбекпен келеді. Мұндай мақсатқа жету үшін, біріншіден істеп жатқан нәрсе өзіңе жақын болуы керек. Екіншіден оған кемінде 1-2 жыл, әлде оданда көп уақыт дайындалу қажет. Мен өзім 7 және 8 сыныптардан бастап, математиканы таңдап осы бағытта дайындалып бастадым. Ал әр олимпиадаға ретімен келетін болсақ, өткен жылдарда болған есептерді алып соны шығарып көріп толығымен түсіну керек. Егер кей нәрселерді түсінбей жатсам интернеттен іздеп немесе мұғалімнен сұрайтын едім. Осылай жылдар бойы бос уақытыңызды дайындыққа бөлетін болсаңыздар көздеген мақсатыңызға жетесіз. Мен әр олимпиада арқылы өзімнің дайындығымды тексеремін. Сол үшін әрбір жарыстан кейін оқуға ынтамды арттырып, келесіде оданда жақсы жетістікке жетуге тырысамын, дейді Әділет Абу.

           Жалпы оқушылардың жетістікке жетуі ең бірінші өзіне, сосын мұғалімі мен ата-анасы байланысты. Бірақ баланың білмегенін үйретіп, таланты мен қабілетін ашып, ары қарай жетілдіру мақсатында арнайы орталықтардың қосар үлесі мол. Маңғыстау облыстық «Дарын» қосымша білім орталығы осы бағытты мықтап қолға алған. Онда оқушылардың ғылыми жоба жазуынан бөлек, арнайы олимпиадаларға дайындалуына көмектеседі. Оқушыларды олимпиадаға дайындау мақсатында орталық жанындағы «Балдәурен» демалыс базасында жылдың әр мезгілінде дайындық мақсатында 1-2 рет оқу-жаттығу өткізіліп тұрады. Дайындық ұзақтығының бір ауысымы бес күн. Оған облыстан, республика және халықаралық деңгейдегі олимпиадалардан орын алып жүрген облыстық олимпиадалық резервтегі оқушылар қатысады. Оқушыларды оқыту үшін облыстың білікті ұстаздары мен республикалық физика-математика мектебінің мұғалімдері шақыртылады. Онда оқушылар оқып қана қоймайды, сонымен қатар психологтардан ақыл-кеңес алады. Психолог баланың өзіне деген сенімділігін арттырып, жігерлендіріп, қиындықтан қорықпау бағытында арнайы дәріс береді.

     - Әр оқушыға әр түрлі уақыт қажет. Бір оқушыға 1 жыл, кейбіреуіне 3-4 жыл. Оқушы жеңімпаз атану үшін терең берілген білім, жақсы мотивация, психологиялық қолдау керек. Оқушыны қай пәнге бейім екенін бірінші анықтау керек. Қай пәнді сүйіп оқиды, қай пәнге жақын. Содан кейін, оқушыны дамыта бересіз. Олимпиада жеңімпазы боламын деген оқушы алда көп жұмыс күтіп тұрғанын білуі қажет. Ол көп ізденісті, уақытты және шыдамдылықты талап етеді. Жалпы балаларды олимпиадаға 5-6 сыныптан бастап дайындаған жөн. Себебі бала әр жыл сайын олимпиадаға қатысу арқылы олимпиаданын не екенін түсініп, өзіне тәжірибе жинайды. Олимпиадаға дайындық күніне 2-3 сағат емес, өмір салтқа айналу керек. Жеңімпаз атану үшін қатемен және әлсіз тұстарымен жұмыс жасау маңызды, дейді Маңғыстау облыстық «Дарын» қосымша білім орталығының зияткерлікті дамыту жұмыстары зертханасының басшысы Гаухар Таджибенова.

        Сонымен қатар, оқушылар республикадағы белгілі олимпиадаға дайындайтын «edLight Academy» серіктестігі мен «NURORDA» мектеп-лицейінің ұйымдастырып отыратын арнайы дайындықтарына да қатысады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір