19 Тамыз, 2021 NEWS
Фото: Ашық дереккөз
Германияның DW басылымы Қытай мен Талибанның ортақ мүдделері туралы қысқаша сараптама жариялады. Қамшы тілшісі неміс басылымындағы мақаланы аударып, ұсынып отыр.
Тәліптер Ауғанстанды бақылауға алған соң Батыс үкіметтері өз қызметкерлері мен азаматтарын Ауғанстаннан әкетуге тырысып жатыр. Ал ондағы Ресей мен Қытай елшіліктері керісінше жұмысын жалғастыруда.
Талибан халықаралық әскерлердің шығарылуынан қалған билік вакуумының орнын толтырды. Қытай шенеуніктері алдын ала сақтық шараларын қабылдап Талибанмен келісім жасасты.
Бостандық пен адам құқықтарын жек көретін авторитарлық елдер Ауғанстан мәселесіне басқаша көзқараста. Ал осы құндылықтарға (бостандық, адам құқы) маңыз беретін демократиялық елдер қолдаған 20 жылдық халықаралық міндеттемелер аяқсыз қалды. Бұл Бейжің, Мәскеу және Кабул автократтарының жеңісті көңіл-күйін көрсеткендей.
Қытай Сыртқы істер министрі Ван И шілдеде Талибан делегациясымен кездесіп, бұл топты "аймақтың маңызды ойыншысы" деп атаған. Бейжің шенеуніктері "Қытайдың Ауғанстанда болуы аймақты және Қытайдың батысындағы Шыңжаң провинциясын тыныштандырады" деп үміттенеді. Шыңжаңда қазір 1 миллионнан астам қазақ, ұйғыр сияқты азшылық этникалық топтар түрмеге жабылып, "қайта білім беру" деп аталатын концлагерьлерге мерзімін өтеп жатыр.
Қытай қауіпсіздігін қамтамасыз ету
Қытай үкіметі Талибан бақылауындағы Ауғанстанға қомақты қаржы бөлетінін жариялағаннан кейін, бұл топ Ауғанстан аумағынан Қытайға соғыс жарияламауға уәде берді. Сонымен қатар, Шыңжаңдағы мұсылмандардың қамалғанына наразы болған топтарды бақылауға келісті. Әзірге Бейжің жағдайдың қалай өрбитінін күтпек.
Ауғанстан мен Қытайдың ортақ шекарасы 76 шақырымға созылады. Шекараға жақын аймақта Қытайдың "бір белдеу, бір жол" бастамасына тиесілі маңызды дәлізі орналасқан. Бұл ауқымды инфрақұрылымдық жоба Бейжіңнің экспансиясын күшейтуге және ықпалын арттыруға бағытталған. Егер Ауғанстандағы тұрақсыздық бұл дәлізге қауіп төндіретін болса, онда Қытайдың Пәкістандағы мүдделеріне де зияны тиеді.
Қытайдың Ауғанстанда да экономикалық мүдделері бар. Қытайлық компаниялар бұрғылау құқығын алған мұнай кен орындарынан басқа, Ауғанстанда смартфон, планшет және жарықдиодты экрандарға қажетті маңызды минералдардың кен орындары бар. Қазір кең көлемде талқыланып жүрген компьютерлік чиптер тақырыбына келетін болсақ, қазіргі уақытта Қытайда Тайвань мен Оңтүстік Кореямен бәсекелесе алатын технологиялық ноу-хау жоқ, бірақ минералды қорлардың 1 триллион долларға дейін жетуі әлемдік чип өндірісінің болашағына елеулі әсер етуі мүмкін. Нәтижесінде, АҚШ пен Еуропадағы сатып алушыларға қысым күшейеді.
Бұл әдетте бостандық пен адам құқығын қорғаумен мақтанатын елдер үшін намыс сияқты, себебі жағдай Вашингтон мен Берлиндегі саясаткерлердің эпикалық сәтсіздігін көрсетеді. Олар қазір масқара болып ауған халқын тастап кетуде.
Ал осы кезде Бейжің мен Мәскеу шампан атып қуанып жатыр. Кейбіреулер Ауғанстандағы жеңіліске шыдам керек дейді. Алайда бұл жеңіліс еркін және автократиялық әлем арасындағы геосаяси баланысты өзгертеді. Бұл жерде бір нәрсе анық: енді Гиндукушта (Ауғанстанда - ред) бостандық емес, диктаторлардың мүдделері қорғалады.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір