29 Шілде, 2021 NEWS
Фото: Ашық дереккөз
Режиссер, өнер қайраткері Болат Атабаев өмірден озды. Жақындары оның бірнеше күн бұрын бүйрегіне суық тигізіп, ауруханаға түскенін айтады.
Болат Манашұлы Атабаев 1952 жылы 14 мамырда Алматы облысы Тентек ауылында туған.
1974 жылы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынас тілдері университетін, 1983 жылы театр және көркемсурет институтын бітірген. 1990 жылы Германиядағы Мюнхен ұлттық театрында тәжірибеден өткен.
Режиссерлік жолын Қарағанды облысының Теміртау қаласындағы Неміс драма театрында спектакльдер (Ф.Шиллердің "Зұлымдық пен махаббаты" т.б.) қоюмен бастаған.
1990 жылы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына ауысып, ол жерде Б.Римованың "Қос мұнлық", М.Мақатаевтың "Қош, махаббат" (екеуі де 1991), И.Оразбаевтың "Шыңғыс хан" (1994), Қ.Ысқақтың "Жан қимақ" (1995), Р.Мұқанованың "Мәңгілік бала бейне" (1996), Ә.Кекілбаевтың "Абылай хан" (1998; спектакль премьерасы Нұр-Сұлтан қаласында өтті), А.Чеховтың "Шағала" (1998), М.Метерлинктің "Соқырлар" (1993), Б.Брехттің "Тоғышардьң тойы" (1999); сонымен қатар Р.Мұқанованың "Қаралы сұлу" (М.Әуезовтің шығармасы бойынша; 1997, Қазақ мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театры), Р.Болгтың "Кішкене сері" (1981, Германиядағы Пархим театры) т.б. спектакльдерді қойған.
Республикалық неміс театрына басшылық жасады.
Әріптестері оны батыл сахналық эксперименттерге баратын, спектакльдің көркемдік- эстетикалық мән-мазмұнын ашуға ден қоятын ізденімпаз режиссер ретінде сипаттаған.
Болат Атабаев елдегі саяси-қоғамдық мәселелерге жиі үн қатып, билікті сынаған. Оппозициялық белсенділігі үшін қуғындалған. Жаңаөзен оқиғасынан кейін "әлеуметтік араздық қоздыру" бабы бойынша қамалып, кейін босатылған. Оның қамалуына қоғамда қарсылық танытқандар көп болды.
Режиссер босап шыққан соң да белсенділігін тоқтатпады. Бірақ оны қуғындау да тоқтаған жоқ. Ақыры Атабаев Германияға кетіп, сол жақта он жылға жуық уақыт тұрып келді. Германияда дәріс берген. Былтыр сол жақта ауыр операция жасатқан.
Режиссердің отанына оралғанына көп болмаған.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір