• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 20:59:58
Алматы
+12°

Фото: Ani Djaferian / ZumaPress / Globallookpress.com

Армениядағы парламент сайлауында Никол Пашинянның партиясы жеңіске жетіпті. Біздің қазақтар да қызық – оны жерден алып, жерге салып жатқандар бар. Осылардың-ақ жандары сірі екен дейді. Меніңше армяндард дұрыс таңдау жасады. Неге?

Біріншіден, өткен жылғы 9 қараша күні ол Ресей арқылы, оны араағайын ретінде қатыстыра отырып Әзербайжанмен келісімге келді. Шарттары қандай ауыр болса да ол жеңілгенін мойындап, әрі қарайғы соғыстың еш мағынасы қалмағанын түсінді. Сол бойда-ақ армяндар көшеге шығып, оны сатқын деп шерулетті, Қарабақты бермеу керек, соғысты тоқтатпау керек еді деді.

Шын жағдай мүлдем басқаша болатын. Соғысты әрі қарай жалғастырса, Армения армиясынан сау-тамтық та қалмайтын. Тек Қарабақ қана емес, ол бәрінен де айырылатын еді. Сондықтан Пашинян онсыз да заңсыз басып алған жерлерін қайтып беріп, есесіне Армения мемлекетін сақтап қалды. Оның бұл еңбегін армян халқы дұрыс бағалаған болып отыр. Ал шерулетіп жүргендер шындығында бұрынғы Кочерянның, Саргсянның жақтастары, бұрынғы Қарабақ мафиясының маңына топтасқандар болып шықты, ал олардың саны онша көп емес.

Екіншіден, Пашинян батыстық көзқарастағы адам. Ол РФ сияқты артта қалған мешеу елмен шынайы дос бола алады дегенге сенбеймін. Соғысқа дейін ол орыс мектептерін жауып, Әрмениядан РФ әскери базасын алып кетуді жақтап, басқа да РФ-ға қарсы әрекеттер жасағаны есімде қалыпты. Жоғарғы басшылықтан бірқатар шенеуніктерге тұтқындаулар жүргізіп, олардың Мәскеу жаққа қаша бастағаны белгілі. Сол екі ортада соғыс басталды да ол амалсыз Ресейге жалынуға мәжбүр болды.

Пашинянның осындай саясатының арқасында РФ алғашқы кезде бұл соғысқа араласа қоймады. Соғыс көп ұзамай аяқталар, сөйтіп Пашинянды жазалаудың сәті түсер деп ойлады меніңше. Алайда Путин оңбай қателесті. Соғыс бірден қатты қарқын алды да, небәрі 44 күнде әрмендер тас-талқан болып жеңілді. РФ-ның кешеуілдеуінің бір себебі – Түркия факторы болуы да мүмкін. Соғыс баяу-сылбыр жүріспен біразға созылар, сосын да үлгерерміз деп сан соғып қалуы да ғажап емес. Әйтеуір Мәскеудің Әзербайжанға жаны ашымағаны анық. Оның дәлелі – РФ бітімгершілік күштерінің Қарабақтан қашқан әрмендерді тездетіп Қарабаққа қайта көшіруге мұрындық болғанын айтсақ та жеткілікті. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің Қарабақ статусы соғыс кезінде-ақ түпкілікті шешілді, енді ешқандай статус деген болмайды дегеніне қарамастан Мәскеудің оны әлі күнге шейін мойындамай, Минск келісімін айта беруі де осының дәлелі бола алады. Қалай болғанда да біз үшін неғұрлым прогрессивті көзқарастағы басшының болғаны дұрысырақ қой деген ойдамын. Армения мемлекеті бар, бір жаққа көшіп кеткелі жатқан жоқ, яғни қарым-қатынас бәрібір керек.

Қуаныш Еділхантегі

Шолушы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір