04 Мамыр, 2021 Әлеумет
Көрнекі сурет
Соңғы уақытта қазақ тілінде қызмет алу құқығын мәдениетті түрде талап етуші жекелеген азаматтар мен бастамашыл топ қатары артып келеді.
Маңғыстаулық белсенді Қуаныш Еділхантегі facebook-те қазақша жазбайтындардың достығын қабылдамайтынын, орыс тілінде жазатын қазақтардың посттарына ұнату белгісін баспайтынын, пікір де қалдырмайтынын айтады. Мұнысын ол "қазақ тілін дамыту бағытында өзімше күрескен түрім" деп түсіндіреді.
– Басқа қолымнан не келеді? Әсіресе тікелей эфир дегендер түгелге жуық осында орысша жүреді. Өздерінше биліктегілерге түсінікті болсын дегендері шығар? Ондайларды тіпті тыңдағым келмейді, бірден өшірем. Баршаңызды да осылай істеуге шақырам. Егер лайк қойылмаса, пікір жазылмаса, онда орыс тілді контент біртіндеп фб бетінен жойылуы тиіс. Ең болмағанда азаяды. Соған бірлесіп қол жеткізейік, – деп желідегі достарын да осы науқанға шақырған болатын.
Белсенді Маңғыстау жұрты негізінен қазақтілді екеніне қарамастан, Ақтауда орысша сөйлейтіндер, орысша сөйлеуге тырысатындар аз еместігін жеткізді. Оның пікірінше, бұған биліктің орыстілді болуы әсер етіп отыр.
Қуаныш Еділхантегі мұндай үрдістің белең алуына үйде алған тәрбиеде де ықпал етеді деп санайды.
– Әрбір қазақ өзін патриотпын деп сезінсе, олай болмас еді. Балаларға орысша мультфилмдер көрсету балаларды орыстандырып жатыр. Youtubе-ты ашып қалсаң, орысша толып тұр. Тв да солай. Көшеде бір-бірімен ойнағанда да орысша сөйлейді сосын. Мультиктегі кейіпкерлерге еліктейді. Ең алдымен бүкіл мультиктерді қазақшаға аудару керек. Онсыз ұрпақтан айырыламыз. Мұндайда халық жаппай қолдамаса, жеке адамның күресі ештеңе шешпейді. Менің бұл күресім көп болса бір-екі, оншақты адамды райынан қайтарған шығар, бірақ ол не болады? Қазақ тілі үшін жаппай күресу керек. Онсыз кеш болады, – дейді ол.
Ал белсенді Руза Бейсенбайтегі соңғы уақытта халықтың ұлттық сана-сезімі оянып жатқанын байқаған. Бірнеше жылдан бері қоғамдық орында қазақша қызметті талап етіп жүрген белсенді бұрын қазақ тілінде қызмет сұраушыларға қатысты ара-тұра өрескел заң бұзушылықтар болып тұрғанын, қазір ондай әрекетер жоқ екенін айтады.
– Мені бұрын осы тіл үшін, қазақ тілін талап еткенім үшін 4 рет ұрып-жыққан болатын. Қазір ондай өрескелдік азайған. Соңғы уақытта, әлеуметтік желінің көмегімен көп адам қоғамдық ортада қазақ тілін талап етуде. Тіл майданы деген ұйым бар. Қарапайым адамдарда да тілге деген құрметі артып жатыр. Десе де сауда орындарда сатушы өзге ұлттан болса, әңгімені "Здравствуйте"-мен бастайдын өз қазақтарымыз әлі көп. Тіпті кей қаракөзділеріміз ұлттық сана-сезімнен жұрдай. Ешкімді ренжіткім келмейді, бірақ ақиқаты солай. Әр азаматтың өз ұлтының алдында парызы болуы керек деп санаймын. Қазақ болып жаралды ма, қазаққа титтей де болсын көмегін тигізуі керек. Мен солай ойлаймын. Әр қазақта қожайындық сезім болуы керек. Бұл – менің елім, менің жерім, ана тіліміз – қазақ тілі. Осында тұратын әр азамат қазақ тілінде сөйлеуі керек. Өзін осы елдің париоты сезінетін адам орыс, еуропа пішіндес азаматты "қазақ тіліне үйретейінші", "қажеттілік тудырайыншы" деп ойлануы керек. Көп қазақтың осыған батылы жетпейді, – дейді белсенді.
Алматы облысы Нарынқұл ауданының тумасы Нина Перейма "үйренемін дегенге қазақ тілі өте оңай" дейді.
– Ес білгелі қазақ тілін жақсы білемін. Өйткені көршілерім, құрбыларымның барлығы қазақ болды. Әлі күнге дейін, қазақ тілі менің ана тілім секілді. Кейде орысша сөйлегенде түсінбей қаламын. Ұлты қазақ бола тұра ана тілін білмейтіндерді түсінбеймін, үйренемін дегенге қазақ тілі өте оңай, – деп атап өтті ол.
Латвияда тұратын Айзат Серікбаева ол жақта орыстілділер көп болса да, қызметке тұру үшін латыш тілін білу міндетті екенін айтады.
– Латыштар туған тілін аса қатты құрметтейді. Тіпті жергілікті тілді білмейтін туристерге де өз тілдерінде жауап қайтарады. Дүкен, сауда орындарында да мемлекеттік тілде қызмет көрсетеді, – дейді Айзат Серікбаева.
Францияда жұмыс істейтін Ердаулет Алғибай жергілікті халықтың көбі ағылшын тілін білетінімен, французша сөйлейтін шетелдіктерді ерекше құрметтеп, ықыласы да артатынын байқаған.
Ал Қазақстанда қазақша қызметті талап етпеу, сұрамау қазақша сөйлеуге тартыну секілді әрекеттерді психолог Жарас Сейітнұр қазақ халқының құлдық санадан әлі шыға қоймағанымен байланыстырады.
– Ресей патшалығының, артынша Кеңес одағының қарамағында болған еліміз әлі күнге дейін құлдық санадан толық арыла алмады. Қазақша сөйлеуді сұрау, қызметтің қазақша көрсетілуін мәдениетті түрде талап ету оғаш нәрсе еместігін, тіпті қажет екенін әлі жете ұғынған жоқпыз. Азаматтар Қазақстан өзінің туған жері болса да, өздерін толықтай осы елдің қожайыны сезінбейді. Бұл – таталитарлық режимнің теріс салдары. Құлдық санадан арылуға біршама уақыт қажет. Тәуелсіздігімізді алғанымызға 30 жыл толды. Осы уақыт ішінде бізде жаңа толқын өсіп келеді. Олардың саналарында бұл – біздің ел, біздің жер, ана тіліміз – қазақ тілі деген түсінік байқалады. Егер ішкі, сыртқы кедергі болмаса, бұл үрдіс табиғи жолмен жалғасып, қазақ халқы біртіндеп құлдық санадан толық арылады. Бұл үрдістің жылдым жүруіне үкімет идеологиялық, саяси-мәдени тетіктер тұрғысынан әсер ете алады, – дейді психолог.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір