• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 09:27:40
Алматы
+12°

NurOtan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің өкілі Айжан Тәшенова өзінің Facebook-тегі парақшасында белсенді Жанболат Мамай мен оның жұбайы Инга Иманбаеваға қатысты Алматы қаласы Әуезов ауданы №2 аудандық сотына азаматтық тәртіппен ар-намысты, абырой мен іскерлік беделді қорғау туралы талап арыз бергені туралы хабарлады.

«Құрметті достар! Бүгін мен Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбектің мүддесін білдіруші заңгер ретінде Жанболат Мамай мен оның жұбайы Инга Иманбаеваға қатысты Алматы қаласы Әуезов ауданы №2 аудандық сотына азаматтық тәртіппен ар-намысты, абырой мен іскерлік беделді қорғау туралы талап арыз бердім.

Бұл талап арызды беруге Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның биылғы 13 сәуірде «Демократиялы Қазақстан/Демократический Казахстан» youtube-арнасында және әлеуметтік желілерде орналастырған бірқатар бейнематериалдары негіз болып отыр. Жарияланған материалдарда жауапкерлер «журналистік зерттеуді» себеп етіп, Б.Байбекті сыбайлас жемқорлықпен және қызмет бабын асыра пайдаланды деп жария түрде, үзілді-кесілді және дәлелсіз айыптайды.

Аталған материалдарға жасалған талдау бейнероликтерде жалғыз ақпарат көзі – анонимдік «Uzyn Qulaq» телеграм-арнасының ақпаратын ғана негізге алған. Бұл арна – өсек-аяңды, долбарды, тексерілмеген және шындыққа жанаспайтын ақпаратты таратумен айналысатыны мәлім.

Талапкер (Б. Байбек) атына қарата айтылған айыптаулардың бұдан бөлек шынайы дәлелдемелік базасы мен расталған дерегі Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның бейнематериалдарында да, тіркелмеген ҚДП сайтында да ұсынылмаған.

Биыл 19 сәуірде, бір аптаға жетпейтін уақытта Бауыржан Байбек қажетті ресми құжаттар мен басқа да материалдарды көрсете отырып, барлық айыптауларды жария түрде жоққа шығарды (https://www.youtube.com/channel/UCi6ACkF-ZbYD4NuyIIMMRqw). Бұл ретте, Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның айтқан сөздерінің жалғандығын, жалаңсөзділігін және арсыздығын ескере отырып, Б.Байбек өзінің ар-намысын, абыройы мен беделін сот арқылы қорғау құқығын пайдалану жөнінде шешім қабылдады.

Сондықтан азаматтық заңнама аясында біз бейнематериалдар авторлары айыптауларының негізсіздігі мен мағынасыздығын дәлелдеуге ниеттеніп отырмыз.

Талапкердің ел алдында жүрген тұлға екендігін, соған орай бұл жағдай мен алдағы процестің үлкен резонанс тудыратынын ескеріп, сондай-ақ Ж.Мамайдың әр түрлі тәсілді қолдану арқылы қоғамдық пікірді бұрмалау ықтималдығын болдырмау үшін, мен жұртшылықты сот процесінің барысымен жедел және объективті түрде хабардар етіп отыратын боламын. Мұны ешқандай саясатқа араластырмай, іске қатысы жоқ бағалауларсыз тек құқықтық аяда атқарамын.

Осыған орай талап арыз беруге байланысты келесі жайттарға тоқталып, басын аша кету қажет деп есептеймін.

Біріншіден, қолданыстағы заңнамаға сәйкес еліміздің кез келген азаматы құқығы бұзылған жағдайда оны үш түрлі аяда қорғай алады: қылмыстық, әкімшілік және азаматтық.

Бауыржан Байбек Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, сондай-ақ өзінің жеке ұстанымына сүйеніп, жауапкерлерді қылмыстық және әкімшілік қудалаудан бас тартып, істі азаматтық қараумен шектелуді жөн көрді. Осылайша, ол жеке тұлға ретінде талап арызды өзін негізсіз және жария түрде ауыр қылмыспен айыптап отырған басқа жеке тұлғаларға қатысты береді.

Осы орайда Бауыржан Байбектің ақиқатқа көз жеткізу, Ж.Мамай мен И.Иманбаева таратқан мәліметтердің жалғандығын дәлелдеу, сондай-ақ өзінің беделін қалпына келтіру мақсатын ғана басшылыққа ала отырып, келтірілген моральдық залалға материалдық өтемақы өндіріп алудан да бас тартып отырғанын ерекше атап өткім келеді.

Екіншіден, Азаматтық заңнаманың ерекшелігі мынада. Жауапкерлер Ж.Мамай мен И.Иманбаева жария түрде Б.Байбекті жүйелі түрде сыбайлас жемқорлыққа барды, сондай-ақ мемлекеттік қызметте жүрген кезеңде қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыптауында сүйенген айғақтары мен құжаттарын ұсынуы тиіс. Яғни, айыптаған тарап мұны нақты фактілермен дәлелдеуі қажет.

Сонымен қатар Бауыржан Байбек жауапкерлердің өтірік айыптауларын теріске шығаратын барлық қажетті құжаттар мен фактілерді сотқа ұсыну бойынша өз құқығын пайдаланады. Бұл – әкімдіктің 20-дан астам қаулысы, сонымен қатар басқа да құжаттармен расталған мәліметтер.

Үшіншіден, жауапкерлер таратқан жалған, Б.Байбектің беделіне нұқсан келтіретін роликтер негізінде талапкер «Алматы қаласының әкімі лауазымында болған 4 жыл ішінде жеке бизнес-империясын құра отырып, заңсыз 1 миллиард АҚШ долларын тапты. Қазақфильмнің, Атакенттің және Іле-Алатау ұлттық паркінің жерлерін құрылыс салуға және тұрақ жасауға жеке тұлғаларға берді. Автобустар сатып алуда пара алды. Көмір мафиясын «қанатының астына алып», Алматыдағы ТЭЦ-2-ні газға көшіруге тосқауыл қойды» деп жалған айыптауға барған. Яғни маған сенім білдірген тұлғаның ең алдымен Алматы әкімі лауазымында шаруашылық-бөлу функцияларын орындаған кездегі қызметі қозғалады.

Енді мұның барлығын жауапкерлер бос мәлімдемелермен емес, нақты фактілер мен құжаттар негізінде дәлелдеуі тиіс.

Сондықтан да біздің талап арызымызға, ең алдымен, Ж.Мамай мен оның жұбайының талапкердің оңтүстік мегаполистің басшысы ретіндегі жұмыс кезеңіне қатысты айыптауларын теріске шығару талабы қойылды.

Сондай-ақ талап арызға тәуелсіз психологиялық-филологиялық сараптама қоса берілді. Ол Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның айтқан сөздері – Б.Байбектің қызметі туралы жария түрде айтылған жағымсыз ақпарат екендігін, олар шындыққа жанаспаған жағдайда, талапкердің ар-намысына, абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін айыптаулар қатарына жататынын растайды.

Төртіншіден, Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның өз бейнематериалдарында үшінші тұлғалардың да мүдделерін қозғайды, оларды әр түрлі қылмыстармен жалаң айыптайды.

Мысалы, Б.Байбектің 100-ден астам жеке компанияның қатысуымен «үлкен бизнес-империяның иесі» деп негізсіз мәлімденген. Мұнымен қоса, үкіметтік емес әлеуметтік бағдардағы ұйымдарға қосалқы құрылтайшылығы жеке бизнеске жатқызылған.

Әйтсе де бұл маған сенім білдірген тұлғаға тікелей қатысы болмағандықтан, біздің талап арызымызда жауапкерлердің үшінші тұлғаларға қатысты сөздері қозғалмайды. Алайда Ж.Мамай мен оның жұбайының роликтерінде негізсіз айыптауға ұшырап отырған олар осы фактілер бойынша сотқа талап арызбен жүгінуі мүмкін.

Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның Б.Байбекке таңып отырған құқық қорғау органдарына, сотқа және Орталық сайлау комиссиясына ықпал ететін ерекше мүмкіндігі жөніндегі бос долбарлары мен көпе-көрнеу өтірігі де талап арызға қосылмағандығын ерекше атап өткім келеді. Өйткені бұлар заңнама деңгейінде жоққа шығарылған басы ашық ақиқат.

Бесіншіден, Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға қатысты талап арызды сот қанағаттандырған жағдайда, аталған азаматтар Б.Байбектің ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін материалдарды жоюы, сондай-ақ тиісті әлеуметтік желілерде және YouTube-арнада барлық негізсіз, шындыққа жанаспайтын айыптауларын жоққа шығаруы тиіс.

Іспен мұқият танысып, материалдарды жан-жақты зерттегеннен кейін, мен, кәсіби заңгер және азамат ретінде маған сенім білдіруші Бауыржан Байбектің негізсіз айыптаулар мен кемсітуге жол бермеу туралы ұстанымын толық қолдаймын.

Адам мен азаматтың ары мен абыройы – іргелі құқықтар, оған Конституцияда әрбір азаматқа қызметіне немесе қоғамдық мәртебесіне қарамастан кепілдік берілген. Өкінішке қарай, Қазақстанда осынау құндылықтарды қорғау бойынша құқықтық мәдениет әлі де дами қоймаған. Көріп отырғанымыздай, ол Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының барлық елдерінде (АҚШ, Франция, Германия, Ұлыбритания және басқалары) кеңінен таралған.

Сот – бұл заң үстемдік құратын, соттың тең құқықты екі тараптың ашық тартысы барысында ақиқатқа жетуіне мүмкіндік беретін нақты дәлелдер мен дәйектерді келтіретін орын екендігін атап өткім келеді. Сотта жалаң саясат соғу мен долбарға орын жоқ, тек тексерілген фактілер ғана есепке алынады.

Құқық үстемдігі – біз құрып жатқан кез келген дамыған демократиялық құқықтық мемлекеттің негізі. Көріп отырғанымыздай, Ж.Мамай да осыны жиі тілге тиек етеді.

Сондықтан Ж.Мамай мырза мен И.Иманбаева ханымды Қазақстан Республикасының заңды құқықтары мен міндеттері бар азаматтары ретінде сот процесін саясиландырудан бас тартып, оның ашық та конструктивті аяда өтуіне қолдау көрсетуге және айтылған айыптауларға заңға сәйкес дәлелдемелер ұсынуға шақырамын.

Сонымен бірге БАҚ өкілдеріне, Фейсбук пен басқа да әлеуметтік желілер аудиториясына өтініш білдіремін.

«Жаңа медианың» қай-қайсымыздың да өмірімізге ықпалын ескерсек, жеке басты, отбасын, балалар мен жақындардың құқықтары мен мүдделерін қозғайтын және қорлайтын өсек-аяңдар еліміздің әрбір азаматына, әрқайсымызға қатысты да айтылуы мүмкін.

Өзінің әлеуметтік мәртебесі мен жағдайына, саяси көзқарасы мен дүниетанымына қарамастан, барлық азамат заңнама негізінде өз ар-намысын сотта қорғай алатынына сенімді болуы тиіс!

Осы іске қызығушылық танытқан әрбір азаматтың біздің ұстанымымыздың дұрыстығына өз бетінше көз жеткізуіне мүмкіндік беретін сотқа талап арыз бен психологиялық-филологиялық сараптаманы қоса беріп отырмын», - деп жазды заңгер.

 
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір