• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 11:44:21
+12°

Фото: Алматыдағы "Рахат" базарында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің наразылығы

Алматыдағы "Рахат" базарында жұмыс істейтін кәсіпкерлер наразылық акциясын өткізді. Айтуларынша, Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Жер комиссиясы "Рахат" базарын басқарушы "ТКМ" компаниясына сауда бутиктері орналасқан жерді жалға беру мерзімін ұзартудан бас тартып, астанада тіркелген "Алматы СРS" фирмасына жиһаз фабрикасын салу үшін 5 жылға жалға берген. Соның салдарынан ондаған жылдар бойы салық төлеп, бизнестерінің негізін қалаған 300-ге жуық шағын кәсіпкерге жеп отырған нанынан айырылу қаупі төніп тұр.

Кәсіпкерлер Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Жер комиссиясы жерді "учаске зираттың санитарлық-қорғау аймағында орналасқан" деген негізбен 2018 жылы ұзартудан бас тартқанын айтады. Алайда ұзамай жерді "Алматы СРS"-ке беру туралы шешім шыққан. Жиһаз фабрикасын салғысы келетін тараптың өтініші Жер комиссиясында бар болғаны 3 күнде қаралған.

– Әдетте жерді жалға алу шаруасы заңда бекітілгендей 2 айда бітпейді, айлап, жылдап созылады. Ал "Алматы СРS"-тің өтініші 3-ақ күнде қаралады екен. Бұл қалай?, –  деген шағын кәсіп иелері даудың артында ықпалды адамдар тұр деп санайды.

Сонымен қатар наразы топ жер инвестициялық жобаны жүзеге асыру мақсатында берілгенін жеткізіп, "инвестициялық жобаның базарға қандай қатысы бар және заманауи сауда орталығын бұл жерді бұрынан басқарып келе жатқан компания да іске асыра алады" деп ашынады.

Олардың сөзінше, мемлекеттік меншіктегі жерді инвестициялық жобаны жүзеге асыру мақсатында беру мәселесі Аймақтық үйлестіру кеңесінде қаралуға тиіс. "Алматы СРS"-тің жобасы кеңесте қаралмаған.

Кәсіпкерлердің көңіліндегі кезекті кілтипан – "барахолкідегі 25-тен астам базар, сауда орталығы орналасқан аймақта фабрика салудың қажеттілігі бар ма?" деген мәселе.

Зираттың санитарлық-қорғау аймағы, Қарасу өзенінің су-қорғау аймағында өндіріс объектісін салу СНиП талаптарына сәйкес пе? Өндіріс объектілері үшін бөлінген индустриалдық аймақта жиһаз фабрикасына орын табылмады ма? Әлде, бұл бизнесті рейдерлік жолмен тартып алудың қитұрқы тәсілі ме? Бұл жағы әзірге белгісіз.

Кәсіпкерлер, мемлекеттік атқарушы органдар жерді "ТКМ" ЖШС-нен алып, "Алматы СРS"-ке бергенде 300-ден астам адамның мүддесі мүлде назардан тыс қалдырып отырғанын айтады.

– Қабылдаған шешімдері қисынға келмейтін, заңға қайшы болса да, Алматы қаласы мамандандырылған экономикалық сотының әрекеті күмәнді. "ТКМ" ЖШС-нің талаптары бойынша барлық істер бір ғана судья Қазымбетованың қарауына түсіп отырған. Істерді автоматты бөлу жүйесі саналы түрде бір ғана судьяға бөлуі күмән келтіреді. Барлық істер бойынша базардың ісі 3 жыл бойы бір ғана судьяның алдына келіп, ол талаптарды қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім қабылдаумен келеді, – дейді наразылық акциясына жиналғандар.

Кәсіпкерлер бұл істе Конституция, Жер кодексі, Кәсіпкерлік кодексінің талаптары мен Үкіметтің өзге қаулылары ескерілмей келеді деп отыр.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір