• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 07:21:39
+12°

2015 жылы әлемдік алпауыт елдер мен Иран арасында жасалған ядролық келісімнен Вашингтон шыққаннан кейін, Иран уран өндірісін жандандыра түсті. Бұған Франция және Ресей алаңдаушылық білдіріп, Иранды байсалды және салмақты болуға шақырып отыр, деп жазады France 24 басылымы.

RT телеканалы АҚШ ядролық келісімге Иран өзіне қойылған талаптарды орындаған жағдайда ғана қайта оралуға ниетті екенін білдірді. Осы орайда, Иранның бұл қадамына қатысты уайым неге пайда болды деген сұрақ туындайды.

Мұндағы басты мәселе уранның негізінен ядролық қаруға қолданылатында жатыр. Әрине оны электр қуатын өндіретін АЭС-тің отыны ретінде де, яки, қандайда бір ғылыми жұмыстарда да бейбіт мақсатта қолдануға болады. Иран да соны айтып отыр. Бірақ батыс елдері уран негізінен ядролық қаруға қолданылатын өнім болғандықтан әрі Иранға сенбейтіндіктен оның уран өндірісіндегі мақсаты – ядролық қарумен байланысты болуы мүмкін деп күмәнданады. Сондықтан Батыс елдері Ираннның уранға қатысты бағдарламасын бақылау, оны матап ұстау және оның бағдарламасы бейбіт мақсатта екеніне көз жеткізу үшін онымен 2015  жылы ядролық келісімге келген еді.

Ол келісімнің бір талабы Иран уран өндірісін, келісім күшіне енген уақыттан бастап 15 жылдан кейін бір-ақ бастауы керек. Әрі онда өзіне керекті мөлшерде ғана уран өндіру міндеті жүктелген.

2019 жылдан бері алпауыт мемлекеттер ядролық келісімшарттан кезең-кезеңімен шығып жатқандықтан, Иранға әсер ету тетіктері азайып, Иран күн өткен сайын суық қару иемденуге жақындап бара келеді. Бұл батысты алаңдатып отыр. Иранға қатысты күдік пен күмәннің негізді-негізсізін талдап көрелік.

Бүгінге дейін Иран өндірген уран 4-ақ грамм байытылмаған өнімді құрайды. Ал мамандар бір ядролық оқтұмсық әзірлеу үшін ең кемі 500 грам өте күшті байытылған уран керек екенін айтады. Иранда әзірге ол мөлшер жоқ, бірақ олар оған баратын жолды біледі. Ал кімде-кім жолдың бастауын білсе, оның соңына да жетуі мүмкін. Батыс мемлекеттерінің көңілін нілдей бұзып отырған нәрсе – Иранның бұл саладағы аяқалысын бақылап-бағамдай алмай отырғаны. Иранның ізгі ниетіне сенейін десе, Иранды бақылауда ұстайтын келісімшарт жоқ. Себебі оны АҚШ тарапы әлдеқашан жыртып тастаған, ал Еуропа ол келісімді қалыпқа келтіруге қауқарсыз.

Меніңше, Иранның уран өндірісін бастауындағы мақсаты – батыспен қарсыласу емес. Өйткені Трамптың қарарымен Америка келісімнен шығып кетсе де, Иран бір жыл бойы еуропалықтарға мұрсат беріп, ешқандай қарсы шешім қабылдамады. Ал Еуропа келісімді сақтап қалуда сәтсіздікке ұрынды. Арада бір жыл өткенде барып, Иран келісімшарт талаптарын кезең-кезеңімен бұза бастады. Келісімнің әр шартынан бас тартқан сайын оған ұдайы ескерту жасалып келеді. Әдетте қарсыласушы ескертпейді. Ендеше, мұны неге жоруға болады?

Сосын ирандықтар Байденнің 2015 жылғы келісімшартқа қайтқысы келетінін жақсы бағамдап отыр. Сондықтан олар уран өндірісін бастаған кезде МАГАТЕ мамандарына алдын ала "Біз Исфахандағы кеніштен уран өндірісін бастағалы жатырмыз" деп хабарлады да. Енді Иран "ядролық нысандарды МАГАТЕ мамандарының бақылуына рұқсат бермейміз" деп ашық сес көрсетіп отыр. Бұл нені білдіреді? Бұл – бүкіл әлем Иранның ядролық әлеуеті қалай дамып жатқанынан, олардың ядролық бағдарламаны қандай мақсатта қолданып жатқанынан мүлдем хабарсыз болады деген сөз.

Осының барлығы неге керек? Иранға санкция салған Трамп биліктен кетті, ал орнына келген Байден ол санкцияларды алуға асығар емес. Сондықтан олар Байденге қысым жасау арқылы ертерек бір шешімді орындатқысы келеді. Ал Байден мақаланың басында айтып өткеніміздей, "алғашқы қадамды Иран бастауы керек" деп отыр. Келісім шарттан бірінші болып бас тартқан Иран болмағандықтан, олар ондай қадамға баруды қорлық көреді. Иранның сыртқы істер министрі Жауад Зариф әзірге келісімшартқа қайту есігі ашық, бірақ бұл есік біртіндеп қапсырылысып бара жатқанын айтты. Сондықтан АҚШ шұғыл шешім қабылдағаны жөн.

Абдулахад Сманов,

PhD доктаранты

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір