• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 00:28:58
Алматы
+12°

Фото: Ашық дереккөз

 Мәдениет қайраткері Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Мақаланы жазып отырғанымыздың мәнісі, дана қазақта «Ауызға келген түкірік, қайта жұтса мәкүрік» деген мәтел бар. Күнде ойымды ішімде қалдырып, мәкүрік жұта бергенше айтып тынайын деп шештім. Оның үстіне он жарым ай «тып-тыныш» жатқан Сіздің 4 қараша күні шыққан, бүкіл қазақ зиялылары іздеп жүріп оқитын қабырғалы «Қазақ әдебиеті» газетінде, өз басым батылдығы мен тапқырлығын үлгі тұтатын, белгілі журналист Нұртілеу Иманғалиұлына берген сұхбатыңыз жарияланды. Мұны біраз газеттер мен ақпараттық порталдардың көшіріп басқаны да анық. Іле-шала әлеуметтік желілерде «Тасмағамбетов көпшілік күтіп отырған дүниелерді батыл айта алмапты» деген сыңайдағы сын пікірлер де көрінді. Мейлі, «әркім – өз бақытының ұстасы» дегендей, әркім өз ойының да иесі ғой, оларға да мін тағуға болмас. Бірақ бір нәрсе айқын, ел Сізден әлі күнге үміт етіп отыр. Ол – заңды да.

«Дос – көзіне мақтамайды» дейді, әйтсе де елінің ертеңіне, ұрпағының болашағына алаңдайтын қалың елің, қазағыңның Сіздей ел үшін, ұлт үшін жан күйдіріп қызмет еткен ұлтжанды азаматтан көп нәрсені күтетіні сөзсіз.

Сіз Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрып, оны жер-жаһанға әйгілеген  тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ең сенімді серіктерінің бірі емес, бірегейі болдыңыз. Келешекте де Елбасының есімі Мәңгілік елдің есінде мәңгі сақталатындай қызмет ететін Сіздей тұлға аз.

Әу баста тұңғыш президентіміз жүргізген саясаттың сабақтастығы  сақталатынын айтқан жаңа президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та Сіздей ұлтжанды, ана тілінде шешен сөйлейтін, қандай қызметті де мүлтіксіз, тиянақты атқаратын тегеурінді кадрға мұқтаж екенін уақыттың өзі көрсетіп тұр. Өйткені, қазақтың қазақ болып қалуы, құлдық санадан арылып, рухани жаңғыруы, ұлтымыздың жаңа болмысы қалыптасып, нағыз тәуелсіз елге айналуы түптің түбінде бір-ақ нәрсеге –  қазақ тіліне байланысты болып тұр. Сіз мұны сұхбатыңызда: «Билік қай тілде сөйлесе, халық та сол тілде сөйлейді» деп дөп басып айтыпсыз.

Қазір ұлттық сана оянып жатыр. Қоғамның, әсіресе жастардың белсенділігі ертегілерде айтылатындай, жыл, ай санап емес, күн санап, сағат санап артып келеді. Оның үстіне Никонов, Феодоров, Жириновский сияқты Ресейдің астамшыл тұлғалары қазақтың, қазақтың ғана емес, бүкіл бауырлас халықтардың намысын да қайрап жатыр!

Бұйыртса, енді алда парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттарға сайлау өтеді. Бұл өкілетті ұйымдарға жас, жігерлі, бастамашыл буын келеді. Көп нәрсе өзгереді. Жаңалық, жақсылық көбейеді. Бірақ атқарушы билік Сіздей  тұлғаға зәру екенін ешкім жоққа шығара алмаса керек. Ең бастысы, еліміздің саяси билігінде, қалың халық пен зиялы қауым, жалынды жастар арасында Сізді құрметтейтін, мемлекеттік қызметке араласқаныңызды қалайтын азаматтар көпшілік екеніне күмән жоқ. Жоғарыда айтқанымдай, Сізден ел әлі күнге қызметке араласады деп үміт етіп отыр.

Егер зейнеттемін, «аш құлақтан тыныш құлақ» деп отыра беретін болсаңыз, заң барлық азаматқа ортақ. Қызметіңізден кемшілік іздейтін болса, ондай адамдар бізде жетіп артылады. Себебі, адамның бәрі пенде. Негізі ұлтқа, елге қызметі қажет тұлғаны қай жасында да мемлекеттік қызметтің арбасына жегуге болады.

Ана Американы қараңыз, жаңа сайланған президенті ұлықтау салтанаты тұсында 78 жасқа толады екен, ал қазіргі президенті 74 жаста!

Ең маңызды нәрсе, ұзақ жыл ұлтқа, мемлекетке еңбегі сіңген, бай тәжірибесі, Ахмет атамыз айтқандай мінезі бар, оның үстіне халықтың қалауысына айналған Сіздей азамат тапжылмай отыра беретін болса, ендігі жастардың бойындағы ата-бабадан келе жатқан күрескерлік рух әбден өледі. Өйткені олардың ешқайсысында Сіздегідей тәжірибе, абырой-бедел, танымалдық жоқ. Сондықтан «Тасмағамбетов түк істемегенде біздің қолымыздан не келеді?» деген үмітсіздікке беріледі.

Ал Сіз:

Ереулі атқа ер салмай,

Егеулі найза қолға алмай,

Еңку-еңку жер шалмай...

Ерлердің ісі бітер ме?! – деп жырлап, ерлердің ісі не екенін отты өлеңімен ұрпаққа ұғындырып кеткен дауылпаз ақын, қайтпас батыр Махамбет Өтемісұлы жырлаған ер азамат емессіз бе?!.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,

Мәдениет қайраткері

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір