• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 06:44:07
Алматы
+12°

16 Қараша, 2020 Тарих

Скуз. Үскөс. Үшкөзмейрам (басы)

Серікбай Исатайұлы Жаркешовтың аяқтап жатқан «Көне өркениет тарихының ұмытылған кілті» атты кітабының бір-екі тарауынан үзінді

Кенті баба мазары

1.10. Маңғыстаудағы Мейрамдар: Ақша хан, Әләу-Мейрам, Үшкөзмейрам, Шілкөзмейрам, Мейрамхан, Бошан-Машай.  Киелі Айрақты -- атақты Үшкөздің (Скуз), осы Үш Мейрамның Ер бабалары жерленген қасиетті пантеоны.

Үшкөз Мейрам – көз таңбалы үш Мейрам: Қуандық, Сүйіндік және Қаракесек -- Киммерлер. Киммерлер болатын.

Асқан ғұлама марқұм С.Қондыбай арғындардың Мейрамына қатысты деп жазатын Шетпедегі Үшкөзмейрам әулие, Шілкөзмейрам әулие, оның жанындағы Айрақта тауында жатқан Әләу-Мейрам қорымдарының атындағы Мейрам сөзі анық Арғынның Мейрам атасының аты десек, осындағы Үшкөз, Шілкөз және Әләу аттары нені білдіреді, кімнің аты деген сұрақтарға тоқталғанды жөн көрдік. Оларсыз, Серікбол ғұлама жазғандай, сол жерден Қозыбасы, Шу бойына кетіп хандық құратын елдің ұйтқысы Арғындардың Мейрам тайпасының құпиясы, олардың арғы тарихпен қатысы ашылмақ емес. Оның, әрине, қазақ хандығын құрған, немесе, одан арғы Алаш балалары заманынан әлде қайда әріге, бұдан бірнеше мың жылдар бұрынғы дәуірлерге апарары сөзсіз. Сондықтан, әңгімені әуелі Өзбек хан заманынан бастап, әрі қарай қуалай өрбітіп көрген жөн демекпіз.

... Сонау қилы замандарда Алтын Орда тағына Өзбек хан келіп, мұсылмандықты мемлекеттік дін ретінде қабылдағанда оны қолдауға, әрі саяси билік тартысына қатысуға астанаға жақын Еділ-Жайық маңына жиналған елдің ішінде Арғын тайпасы да бар еді. Сонау Мәскеу түбіндегі Қасым патшалығы мен Қырымнан бастап, Алтын Орда жайлаған жерлерде қалған топонимдер мен тастардағы таңбаларда арғын руларының аттары мен көз таңбаның көптеп кездесуі осыны көрсетеді. Қадырғали Жалайыридың Қасым патшасы Оразмұхаммедтің Майменесі, яғни сол қолы болып Арғын Шаш бек отырды деп жазып кеткені осыған дәлел.

Олар  Қырымның билеуші Арғын, Қыпшақ, Барын, Шырын атты төрт тайпасының бірі ретінде Қырым хандығының да ұйтқысы болды, қаншамасы XVIII ғасырдың соңында Россия әскері Қырым түбегін Түріктерден тартып алғанға шейін өмір сүрді. Кейін олардың негізгі бөлігі жеңілген түріктермен бірге көшіп кетіп, Түркияның «қырымлы» атты этносын құрды. Қырымда арғын тайпасының болғанын татар ғалымдарының сол көне замандардағы қорымдардағы ру таңбаларын зерттеген еңбектерінде анық көрінеді. Ең қызығы және қатты ойландырары да Қырымдағы тастарға ойылып басылған ру таңбаларың ішінде арғындыкіндей екі көз таңба ғана емес, үш көз таңбаның көп кездесуі болып табылады. (сурет: үшбұрыш түрінде орналастырылған үш дөңгелек таңба – үшкөз таңба)

Бұл ол таңбалардың Шыңғысхан империясынан көп бұрын  салынғанын көрсетіп, антикалық дәуірден хабар береді. Осы екі көздің үстіне үшінші көзді орналастырған «үшкөз» таңба Ақсақ Темір империясының да таңбасы болғаны да қызық [8]. Бұл, Шыңғыс тұқымына мінез көрсеткен («вызов жасаған») әйгілі Жиһангердің оларға түркі халқының сендерден де бұрын алып империясы болған, мен солардың ұлы патшасы Алып Ер Тоңғаның, яғни Афрасиабтың тағында отырмын деп қыр көрсеткені ме деп ойлаймын. Әз Тәукенің де Ташкентті алғаннан соң, Иран патшасына «мен  Афрасиабтың тағында отырмын» деп хат жазуы да осыдан болуы анық.

Ал, осы Арғындардың, негізінен Мейрам тобының, кейін Маңғыстау жеріне баруына келсек, ол да жайдан жай емес-ті. Маңғыстау түбегі де, кейін Россия патшалығы кезінде жер аударылғандар да, қашқан-пысқандар да жиналған Сібірдің ну ормандары сияқты Алтын Орда ханының билігіне наразы, саяси ықпалдан ығыстырылғанына көңілдері толмаған рулар мен сұлтандардың мекендейтін жері еді, әрі жерұйық іздеген, жеке ел болуды армандаған алғашқы протоқазақтар қалыптаса бастаған қауым болатын. Тіпті, қазақтар хандық құрып Шу бойына кетіп қалғаннан кейін, өмірі шапқыншылыққа айналып қиналған Мұхаммед Шейбани да бір жыл шағын әскерімен осы Маңғыстау өңірін паналаған-ды.

Жалпы бұл киелі өңір Бетпақ дала сияқты, атам заманнан бері талай көне тарихи оқиғаларға куә, тылсым құпиясы мен ерге берер қуаты мол жер болатын, оны тек еркіндікті аңсаған елдер мекендейтін жер еді. Оған кім көрінгеннің қолы да жете алмайтын. Өйткені, бұл өлкенің ниеті бөтеннің қолын жеткіздірмейтін елі бар еді, әр тауы мен төбесі, жоны мен сайы қараниеттінің жолын болдырмайтын тылсым күшке ие, ерекше қасиет дарыған жері бар еді.  Бұл деген адал жайлаған елдің көкірегіне күш құйып, еңсесін көтеретін бір қасиеті де бар құт мекен болатын. Ол туралы, әрине,  сонау ықылым замандардан да қалған әңгімелер толып жатыр...

Маңғыстау жеріндегі атаулар мен сол жерде көп тараған аңыз-жырлардағы Ақмая, Атасу, Манақа, Манашы, Ақтау, Қызылтау, Сарытау сияқты аттар қазіргі Мейрам арғынның Алтайы мекендеген Жаңаарқа ауданы жерінде де болуы қызық. С.Қондыбай: Жырдан «Атасу мен Манашы» деген сөз тіркесін келтіреді. Осы Атасу Маңғыстау жерінде жоқ атау. Ал, Шет аудандары жерінде Манақа, Жаңаарқада Құрманақа, Талдыманақа Атасу өзенімен қоса бәрі Сарысуға құяды.

Осындағы Атасу аты Сарыарқада (Жаңаарқа) бұдан 8-9 мың жылдар бұрынғы неолит дәуірінде бар атау екені анық. Осыдан 10-12 мың жылдар бұрынғы жабайы мал жүрген, одан кейін олардың соңынан жүріп, малды қолға үйретіп, көшпенді ғұмырдың негізін салған бабаларымыз, одан соң олардың әуелі мыс, жез, қола, темір өндіріп, әлемге таратқанда тартқан керуендерінің сусыз Бетпақ даладан өліп-өшіп өтіп, «өлдім» дегенде алдарынан шығатын суы мол, әрі тұщы, Бетпақтың Арқа жақ бетіне таяу жатқан Болаттауға шыққанда алыстан жарқырап жататын өзен еді бұл. Көні кеуіп, өзегі талып, Болаттауға әрең қыбырлап жеткен жан-жануарға әлі көретін күні, жарық-сәулесі барын, өмірдің нәрі су екенін тағы бір ұғындыратын өзенді бабаларымыз «судың атасы мұнда екен, бұл өзеннің аты Атасу» депті. Аңыздарда Асан Қайғы бабамыз да осылай айтты дейді. Бірақ, түбі өте көнеден келе жатқан сөз болса керек.

Сондықтан, Атасу сөзін Маңғыстау жеріндегі жыр-аңыздарға Өзбек хан тұсында барған Арғындар апарғаны сөзсіз. Онда, осы Мейрам аталықтар ұрпақтары жайлайтын Жаңаарқа ауданындағы Атасумен қатар ағатын Манақа (Құрманақа, Талдыманақа) өзендерінің аттарымен қоса Ақмая, Ақтау, Ортау, Қызылтау, Сарытау, Өгізтау аттары да сол Атасумен қоса барса керек. Осыған қарасақ, Үшкөз, Шілкөз және Әләу-Мейрам аттары да Арғындар тарихына қатысты атаулар екендігіне күман жоқ. Ал, арғын тарихының арғы жағы Ақғұн, Ғұн, Сақ, Скуз, Арғу, Аргос, аргиппей, аргиян, аримаспа елдерінің тарихына тікелей қатысты екеніне де талас жоқ.

Ал енді, Әбілқайыр заманына, қазақ хандығының құрылар алдындағы тартысқа қайта оралсақ, «Аспандай  арғын, жұлдыздай қыпшақ»  деген теңеуде арғын елінің басымдығы айқын көрінеді. І. Есенберлин ағамыздың Ақорданың ең белді тайпаларының бірі Арғынның қолы Қыпшақтан көп болмаса аз емес еді дегеніндегінің өзі, сол кезде, жайлаған жерінің алыптығынан бірнеше хандықтарда жүрген Арғын тайпасының барлық  руы емес, Маңғыстау маңында Бесмейрамның тек үш руы, Қуандық, Сүйіндік, Қаракесек қана болатын. Олар да тарихтың бір кезеңінде Үшкөзмейрам деп аталды.

Осыған қатысты тағы бір дерек Мәшһүр әулиенің кітабындағы «Тәтиді жоқтау» өлеңінде кездеседі [9, 5-том, 33-б.]: 

                     Бетіне жан келмеген,

                     Майқыменен таласқан,

                     Үш Мейрамның ұлында:

                     Қуандық пен Сүйіндік,

Жан жоқ бұған таласқан.

Ексе де елге бітер ме,

Мырзада мұндай жарасқан?!

Бұл жерде Мәшекең Үш Мейрам деп Қуандық, Сүйіндік және Қаракесекті айтып отыр. Оны «Майқыменен таласқан» деген жолдан да көруге болады, өйткені ол кісі Қаракесектің өте ірі Майқы атасын айтып отыр. Үш Мейрам атанатын себебі, бұл кезде Арғын Мейрамның Бегендік пен Шегендік тайпаларынан тек Қозған мен Қақсал сияқты бір-бір рудан ғана қалып, шежіреде аттары қатар аталғанмен де шағын ғана ру болғандықтан жаңағы үшеуімен күш салыстыра алмайды, дауыс та ала алмайды, ағайын арасы дауларда, барымта-таластарда күштерін де көрсетуге шамалары келмейді. Олар көбіне Қуандық пен Сүйіндіктің маңында болады. Сондықтан, санатқа ілігер, саны көп, қарамы мол, Арқаны тегіс жайлап шалқыған Қуандық, Сүйіндік, Қаракесек үшеуі Үш Мейрам деп те аталады. Бұл жерде тағы бір айта кететін дерек, Шортанбай ақын шығарған бұл жоқтаудағы Тәті, Арғын Алтай Сармантайдың он сегіз мың жылқы біткен атақты байы Алдажұман-Жұманның баласы. Мәшекеңе нағашы жұрт болып келеді. Ол адалдығымен, жақсылығымен дүйім халыққа сыйлы болыпты, содан ел деп көзі тірісінде-ақ оны Жақсы Тәті атап кеткен екен. Тағы бір қызығы, осы жоқтауда Тәтінің Қуандық бола тұра Сүйіндікке болыс болғанын айта келіп, осы Алтайдың ерекше үстемдік жасау мүмкіндігі бар ел екендігін көрсететін сияқты бір дерек береді [9, 5-том, 32-б.]:

Қара бір таудың жылғасы,

Халқының бағлан құлжасы,

Сүйіндіктің ағасы,

Алтыннан салған сырғасы,

Алаштан дұшпан сөз келсе,

Алдында жүрер жорғасы.

 Қара бір таудың өлкесі,

 Аты Алтайдың серкесі,

                              Жарлығы жалған болмаған,

                              Хан-қараның еркесі.

                              Толқын топқа барғанда,

                              Иығы асып сөйлеген,

                              Сүйіндіктің баласын,

                              Өз ұлындай билеген.

                              «Елім Алтай екен!» -  деп,

                              Ырқына зорлық қылмаған.

                              Ертегі өткен Асандай,

                              Елдің қамын ойлаған.

«Алтайдың серкесі» еді, «Елім Алтай екен» - деп ешкімге зорлық қылмады деп жырлайды. Ал, «Асан атадай елдің қамын ойлады» - деген тіркестерді бұрын кездестірмеген екенбіз. Сонда сүйегі Алтай болған адамдардың басқа тайпалардың алдында үстемдігі бар деп санағандай болып жазылғаны да Алтайдың қазақ хандығының Ордасын ұстағанын, содан бері «Арғын болсаң Алтай бол» деп құрметтелгенін тағы да көрсетеді. Ал, «көз» деген --- Арғынның таңбасының аты. Осы таңбаны Арғынның иемденуі оның абыздығына қатысты деп көп ғалымдар жазады. Біздіңше, осы абыздық функция сонау Күн ханның заманынан келе жатқан сияқты.

Әбілғазы ғұлама: Оғыздан кейін бірінші болып хан тағына үлкендік жолымен Күн хан отырды. Күн ханның таңбасы дөңгелек – күн бейнесі болмаса, Күн хан бола ма? Күн ханның алты баласы болды дейді. Алты Алашымыз сол болуы ғажап емес. Кейінгі замандарда  күн таңбасын алты бала, одан замандар өте, олардың балалары алғанда көп «күн таңбалар» шығады. Ал, күн аспанда біреу. Сондықтан, күн таңбаның аты көзге айналды. Бұл кезеңде, тәрізі, күнге табыну дәуірі өтіп, тәңіршілдік діні кірген болу керек. Соқыр сеніммен, қорқатын нәрсенің бәріне табынған сол бір заманда көкте жалғыз Жаратушы бар деген ұғымды тану -- адамзаттың табиғатты, космостық дүниетанымды жақын түсінуінің ең жоғарғы формасы болды. Ол танымның түркі жұртына келуі олардың өркениетінің шырқау биікке жеткенін көрсетеді.

Содан, күнге табыну дәстүрі қолданудан шығып қалып, неғұрлым тәңіршілдікке бет бұрған билеуші зиялы қауымның Күн культін жоюға ықпал ету заманы келген. Күн культін беретін дөңгелек таңба екеу болғанда көз бейнесін береді. Мысалы, Н.Аристов арғынның таңбасын «көз таңба» демейді, «екі көз» таңба деп атайды. Мысалы, адамның көзі екеу, екі дөңгелек. Ал, аримаспаның таңбасы – біреу, яғни шынында да жалғыз көз. Мысалы, Геродот, арим – жалғыз, спу – көз, яғни аримаспа деген – жалғыз көз, оларды маңдайында жалғыз көзі бар  дейді. Бұлар онда жалғыз дөңгелек таңбасы бар Күн хан тұқымдары болады. Олар оны туына, атына, арбасына, тіпті маңдайларына да салып алулары мүмкін болатын. Ал, үш дөңгелек таңба болса, онда ол Күн ханның үш баласының, үш рудың біріккен үш көз таңбасы болады. Олай болса, әрқайсында бір-бірден үш дөңгелек таңбасы бар үш рудан құрылған Мейрам – Үшкөзмейрам аталады.  

Маңғыстау географиясында, осы Арғынның Үшкөзі – Қуандық, Сүйіндік және Қаракесек (Болат) руларының болғаны туралы дерек болып Шетпе маңындағы  Үшкөзмейрам әулие, Шілкөзмейрам әулие және Бошан-Машай қорымдары, яғни осы үш рудың белгілі адамдары жерленген молалары қалды. Осы арғынның (мейрамның) үшкөзі кім деп ойланғанда, бірден ойға келгендері Қуандық пен Сүйіндік рулары болатын. Оған дәлел, Маңғыстау өлкесінен қазақ хандығын құрып Арқаға тартқан елдің басты рулары солар еді. Ал, Ақғұндар (эфталит) қырылған кезеңде қатты соққының тікелей астында болғандықтан адам саны қатты азайып кеткен Бегендік пен Шегендік тайпалары 16-17 ғасырларда 4-ші, 5-ші көз болып белсеніп шығуға шамалары келе қоймайтын.

Қуандықтың болғанын, одан кезінде Ақжол би бастаған, хандық құрылысымен Қасымдай, Хақназардай, Тәукедей, Әбілмәмбеттей бүкіл атақты хандардың аталықтары болған Алтай Сайдалы ұрпақтары шыққанынан көреміз. Ондай даңқты жылдардың басым көпшілігі осы жерде болған еді. Сонымен бірге, Айрақты тауының қойнауындағы жонда Әләу-Мейрам қорымында Әләудің жанында олардың бабалары Қасым ханның бас уәзірі, Мейрам аталық жерленгені де көп нәрсені білдіреді. Қасым ханның Мейрам аталықты әкеліп оның қасиетті бабалары бауырында жатқан Үшкөзмейрам, Шілкөзмейрам қорымдарының жанына, Айрақтының жонына жерлетуі Қазақ хандығын құрушы негізгі тайпа – Арғынның әлемге әйгілі Үшкөздердің (Скуз) ұрпақтары екендігін біліп қадырлегені болатын .

Ал, Сүйіндік руының болғандығын оның бір бөлігінің Адай руының ішіне кіріп, қалып қойғаны көрсетеді. Оны кезінде Инсебаев Т.А., Кажибеков Е.З. атты ғалымдар өздерінің «Тюркская ономастика» [24] кітабының «Некоторые предварительные результаты сопоставления и анализа названий родоплеменных групп адай и суюндук»  деген бөлімінде дәлелдеген еді. Сонымен, Айрақты жонында ғана емес, жалпы Маңғыстау жерінде мың жарым жыл бұрын осы өңірде дәуірлеген Үшкөздің екеуінің (Қуандық пен Сүйіндік) ізі бар екенін көріп отырмыз. 

Содан осы тақырыпты зерттеу барысында, осыдан төрт жыл бұрын «осы Үшкөздің үшінші көзі кім», ол арғынның қай руы, үшінші көзден бір белгі болуы тиіс қой» - деп ізденгенімізде, сол Шілкөзмейрам, Үшкөзмейрам, Әләу-Мейрам қорымдарына жақын маңнан Бошан-Машай қорымын таптым. Оған кезіндегі Бас Штабтың топокартасы мен спутниктік жолсілтегіш (ЖПС навигатор) арқылы қол жетті. Сөйтсек, оны жергілікті Шетпелік тұрғындар жақсы біледі екен. Шетпелік тарихшы, ардагер өлкетанушы Әділ Шамғоновтың айтуынша, бұл қорым аты Маңғыстау елінің ешбір руына жатпайтын елдің атасы екен. Бұны белгісіз рудың қорымы деп жергілікті Адай тайпасынан ешкім иеленбепті. Жергілікті карталарда Кеңес өкіметі кезінде сол маңда мал баққандар отырғандықтан Бошан қыстағы аталыпты. Ал, жанындағы қорымның аты Бошан-Машай екен. Кейін ел ұқсастық қуып, Бошан-Машан деп кетіпті. (Сурет)

Бошан деген ата -- Арғынның Қаз дауысты Қазыбектей ер шыққан, Қаракесек руының белді атасы, бес ұлды болып, Бес Бошан атанған, Ақорданың атақты батыры Ер Машайды туған мықты ел. Қаракесек шежіресінде Машайдың елден бөлек жайлап,  Ақорда астанасы маңына жорыққа кеткені айтылады. Тіпті олар Сырт Бошан деген атпен есте қалған. Оның ұрпақтарының да Адай ішінде қалып қоюы ықтимал. Машай батырдың  осы батыс өлкеде жерленгені туралы да шежіреде сөз қалған. Тек, дәл қайда жерленгені ұмытылған екен.

Енді, міне, әйгілі Машай батыр мен оның руластарының жерленген жері көзімізге оттай басылды. Жерлеу тәсілі сол Әләу-Мейрамдағы сияқты тастармен бір қатар дөңгелектеп қоршалған және осынысымен де бұл қорымның 1513 жылы жерленген Әләу мен Мейрамның заманына тақау екенін нақты көрсетеді. Бір шетінде олардан сәл биігірек, екі-үш қатар тастармен қоршалған, жеке тұрған мола бар екен. Оның бөлекшелеу салынғандығы қолбасшылары Машай батырдың жатқан жері екенін көрсетіп тұр. Ел қамы үшін шейіт болған қасиетті бабалардың қорымын алғаш тауып, бастарына дұға оқу жолы бізге түсіп, Аллаға шүкіршілік айттық.

Бұл жерде С.Қондыбай жазатын Үстірт аңыздарындағы белгісіз тұлға -- Ақша хан бейнесінің де құпиясы ашылады. Ол – қаракесектің Бошан руының атасы Ақша екеніне сөз жоқ. Болатқожа, дұрысы Болат руы (Қаракесек) екіге бөлінеді: Ақша және Түйте. Ақшаның (Ақшахан) Маңғыстау еліне белгісіз тұлға болатыны да осыдан. Алшын жұртындағы аңыздық «геройлар» белгісіз Ақша ханмен де, Мейрам хан деген біреумен де соғысады. Қатты егескен жау түрінде болмағанмен, басқа ел екені көрініп тұрады. 

Осы Үшкөз, Шілкөз, Әләу-Мейрам, Бошан-Машай қорымдары бәрі тек бір өлкеде, Айрақты тауын айнала, аралары әр ру бөлек отырардай қозыкөш, бір көш жерлерде орналасқан.  Осыған қарап қасиетті Айрақты тауының маңы Арғын Үшкөздердің киелі пантеоны болған екенін көреміз. Дұрысы, Өзбек хан тұсында бұл өлкеге қайта келген  Арғындар осы пантеонды іздеп келіп, түркімендерді ала алмай соғысып жатқан адайлармен қосылып тартып алған. Олар Алып Ер Тоңға бектері жерленген қасиетті қорымдарды еш уақыт ұмытпаған. Осы жаққа келерде де, баяғы ұлы бабаларымыз жатқан, даңқты жорықтардың куәсі болған жер деп келсе керек. Содан, мұнда келгеннен кейін Қуандық пен Сүйіндік қайтыс болғандарын Үшкөз бен Шілкөз Мейрам қорымдарына жерлеген. Ал, қаракесектер жеке қорым жасаған. Бұл б.з.б. әйгілі үшкөздер сапында олардың болмағандықтарын көрсетеді. Себебі, ол кезде үшкөздер құрамының негізгі тайпалары Бегендік, Қуандық, Сүйіндік болатын. Қаракесектер сол үшкөздер артынан қуып, біразын қосып алған киммерлерге жататын. Олардың біразы, Арғынға қосылса, қалғаны Алшынға кірді.

Ақшахан мен Мейрамхан тұлғалары, меніңше С.Қондыбай айтқандай 13-14 ғасырлар емес, одан арғы заманғы көне кейіпкерлер. Тек олардың әңгімелері Алтын Орда заманындағы жыршылардың айтуымен кейінгі жырларға қосылып кеткен. Мысалы, Мейрамхан мен Әләу-Мейрамдағы Мейрамды бір кісі деп ойлауға болмайды. Кейінгі Мейрам – қазақ ханы Қасымның аталығы, 1513 жылы қызылбастардың патшасы Шах Исмаилмен соғыста өлген. Бірақ, ол тайпасын, яғни шыққан тегін білдіру үшін сол бабасы Мейрамның атымен аталып кеткен. Бұл -- Мейрамнан шыққан, тегі Мейрам дегенді білдіреді. Сол сияқты, қаракесектердің көсемі Ақшахан мен сол бабаларының ізімен Маңғыстау өлкесіне барған қаракесектер Сырт Бошан атанған. Оған дәлел сол Айрақты тауынан шығысқа қарай, Әләу-Мейрам қорымынан шамалы жердегі Бошан-Машан қорымы. Ел Бошанға ұйқастырып Машан деп кеткені болмаса, негізі – Машай.

Ал, Мейрамхан мен Ақшахан заманы сонау киммерлер мен оларды ығыстырған скуздардың дәуіріне, яғни б.з. бұрынғы 7-8 ғасырларға барады. Мейрамхан – скуздардың (үшкөздердің) көсемі, ал, Ақшахан – киммерлердің (қаракесектердің) көсемі деп санау керек. Сондықтан, үшкөздердің қорымы Үшкөзмейрам, Шілкөзмейрам болса, киммерлердің қорымы қайда жатқаны белгісіз, іздеуге қажет мәселенің бірі болып табылады.

Ал, Қаракесек Бошан-Машан (Машай) қорымы болса, ол – бабалары киммерлерден екі мың жылдан кейін барған, сол киммер патшасы Ақша ханның ұрпақтарының бейіті. Кейін Мейрамдарға бағынып қосылғаннан кейін Мейрамның бесінші баласы болып қосылған олар енді, сол Арғын Мейрамның Қуандық, Сүйіндік руларымен бірігіп, Алтын Ордағы дін кіргізу «туымен» барған еді. Негізгі мақсаттары – Алтын Орда империясында көрнекті орын алып, көне Арғу елінің 7 ғасыр бойы бытырап кеткен руларының  бастарын қайта қосып, Алтын ордадай алып империяда өзінің лайықты орнын алу болатын. Тоқта ханнан қашып бала Өзбектің паналаған ортасы протоарғындардың G2 қанды бөлігі Бұтандардың ұрпақтары еді. Сондықтан да G1 қанды Қотан Арғындар Өзбек ханды таққа отырғызған қандас Бұтан бауырларын қолдап ұлы жорыққа шықты. Сонау Үшкөздерден соң бұлай бастары қосылатын жағдайы болмаған еді. Бұл мүмкіндікті  жіберіп алуға болмайтынын олар жақсы түсінді.

Б.з. бұрынғы 7-8 ғасырларда Үшкөз құрамы Бегендік, Қуандық, Сүйіндік руларынан тұрды. Бұл Одақтың ұйтқы тайпасы – Бегендік болатын, Үшкөз патшалары солардан сайланатын.  Европа, Азия және Африканы дірілдеткен бұл алып күшке бағынған бар түркі тайпалары тегіс өздерін осылай Үшкөз деп атайтын.

 Тек, кейін мың жылдан астам уақыттан соң, VI ғасырдың ортасында ақғұндар елі Түрік қағанаты мен Иранның бірлескен соққысынан қырғын тапқанда, олардың басшы руы Бегендіктер жан-жаққа тарап, түгелдей дерлік жойылып кетті. Басқа түркі тайпалары да өз жөндерін тапты. Көбі Түрік қағанаты әскерін толықтырды. Содан Бесмейрам тайпасының басшылық жолын Қуандықтар алды. Енді олардың Үшкөздер одағының үшіншісі болып Қаракесектер (киммер) келді. Олар бұрынғы өздерінің тайпасы арғындар құрамына енді кішілік жолмен кірді. Оны Қаракесектің Мейрам сопының күңінен туған деген аңыз көрсетеді. Осыдан Маңғыстауға барған Мейрам тайпасының Үшкөздерінің құрамы Қуандық, Сүйіндік, Қаракесек атты үш рудан тұрғанын түсінеміз. Кейінгі Кеңес заманында Шетпе аудан орталығы болып құрылғандықтан, ел көбейіп,  жергілікті адайлар да осы қорымдарған қайтқандарын жерлейтін болғандықтан, жаңағы зираттар қатты үлкейіп бұрынғы Үшкөздер қорымдарының көбін басып кеткен.  

Бұл оқиғадан жарты ғасырдан кейін тура сол маңға, Шетпеден 7-8 шақырым жерде киелі Айрақты тауының жон арқасында Қасым ханның Адай Сары Әділ Алау аталығы мен Арғын Алтай Мейрам аталығы қазақ хандығы мақсаты үшін шейіт болған Арғын мен Адай елдерінің ұлы достығының белгісі ретінде бір молаға жерленді. Ол арғын мен керейдің Әбілқайырдан бөлініп көшкен уақытынан 50 жыл кейін, қазақ хандығының Қасым хан тұсындағы кемеліне келіп, Сарайшықты алып, ұлы бабасы Шыңғыс ханның тағына отырғаннан  атағы шарықтап тұрған шағы болатын. Бұл мәселеге сәл кейінірек және кеңірек тоқталамыз.

Шетпедегі Үшкөзмейрам және Шілкөзмейрам әулие қорымдары сол тарихи замандардан қалған белгі еді. Сол бір даңқты жорық жолында қалған қасиетті қорымдарды кейінгі Үшкөзмейрамдар бұрынғы ата-баба жолымен іздеп келіп, қасиетті пантеонға жорықта қайтқан асыл ерлерін жерлеген-ді. Негізі, Үшкөздің таңбасы үш көз таңба болса, ал, Шілгөз  -- ортасында қарашығы бар көз, яғни Үшкөздердің патша руы сақалардың таңбасы болуға тиіс.

Осындай үшкөз таңба Маңғыстау жеріндегі Кенді баба қорымындағы қабірлердің үстіне салынған бесікшелердің бастарындағы қабырға тастарда бейнеленген екен.

Бұл Үшкөзмейрам және Шілкөзмейрам әулие қорымдары сол Афрасиаб заманында бұлардан бөлініп, Қара теңіздің солтүстігіндегі даланы жайлаған киммерлердің соңынан аттанған сапарындағы қорым болса керек. 28 жыл билеп төстеген Мидиядан Киаксардың опасыздығынан қуылған олар, қайтар жолы Қара теңіздің солтүстік жағалауында жергілікті амазонкалардың сатқындығынан құлдарынан қарсылық көреді. Киммерлердің соңынан келіп қоныстанған Үшкөз (сақа тілінде -- Үскөс) жауынгерлері жергілікті жаугер әйелдерге (амазонкалар) үйленіп, бала таптырып, Мидияға кеткендерінде, жаңа жерді алдық, ел қылдық, үй болдық деп кеткен-ді.

Сөйтсе, бұлардың Мидия мен Ассириядан 28 жыл бойы жіберіп тұрған құлдарын бай қылған ол әйелдерден басқа балалар да туып, олар жау пиғылды елге айнала бастапты. Скифтердің жауынгерлері амазонкаларға үйленіп, содан туды делінетін сармат деген халық осы болуы да әбден мүмкін. Осыдан ол құлдар жаңағы әйелдер мен балалардың және жергілікті, Үскөстерге қарсы жұртты соңына ертіп, бұрынғы қожаларын қабылдағылары келмепті. Содан, грек тарихшылары жазғандай, «қожайындары» олардың арқаларына қамшы ойнатып тәртіпке салғандарымен, ол жерге енді сенім тауып тұрақтай алмаған Үскөстердің басым бөлігі елге қайтқан. Ал, қайтар жолға келсек, ол Маңғыстаусыз болмақ емес-ті.

Сондықтан, жаңағы Үшкөз, Шілкөз деген атаулардың сол заманнан қалып, Мидия патшасы Киаксардың қолынан ажал құшқан ерлерді Үшкөздер осы Шетпедегі қорымдарға жерлесе, онда мұның ішінде атақты Алып Ер Тоңға да болуы ғажап емес. Егер олай болса, Мәді батыр тек Шілкөзге жерлененер еді, өйткені, ортасында нүкте белгісі – қарашығы бар «шілкөз» деп аталатын патша скифтердің дөңгелек таңбасы екенін жоғарыда айттық.

Бір қызығы, осындай таңбалар Маңғыстаудағы Кенді Баба мазарының жанындағы қорымда да кездесетінін, ол жерге өмірі кенге, темір-болатқа тікелей қатысты, әлемге аты киммериялық болат шығаруымен әйгілі болған Болат (Қаракесек) тайпасының ажал құшқандары жерленген деп болжам айтуға болады. Олар Қырым жеріне барардан бұрын бабаларын жерлеген бұл қорымға кейін Үшкөздерге Таяу Шығыс жерінде қайта қосылып, одан Мәді өлгеннен соң бәрі елге қайтқанда қызылбастар қолынан ажал құшқан көсемдерін әкеліп жерлеген болуға тиісті. Бұлай десек, Кенді Баба Қаракесек (Болат) тайпасының көне заманғы қасиетті пантеоны болып шығады.

Ал, Үшкөзмейрам қорымында қалған ерлер тұрақ тапса керек. Олардың денелерін сонау Шығыс Қазақстан жеріндегі Шілікті пантеонына апаруға мүмкіндік болмаған. Шамалары да келмеген. Бұған дәлелдің бірі -- М.Қашғаридың Афрасиаб бектері туралы сөздері. Оның бектер азып-тозып,  елге аттары болдырып әрең жетті дейтіні осыдан.

Осындағы Шілгөз және Үшкөз аттарына қосылған Мейрам атауы  Арғынның Мейрам сопы атасының аты екені белгілі. Оған бірақ, осы атау Шілкөз бен Үшкөзге басынан тіркелді ме, әлде, арғындар кейін Өзбек хан тұсында қайта барғанда қосақталды ма екен дегенді ойласақ, басынан-ақ осылай аталды-ау деген тұжырым бел ала береді. Оған сонау Аргиян, аргонавт, Аргос, Аргүл заманынан қалған скифтік (скуздық) топономикалық атаулардың арасындағы Мейрамлық, Мейрамкала, Мирмидон, Мермнада, Алас, Котанген, Аркадия атаулары себеп болады.

Осыған байлансты, «Шілкөзмейрамда Мәді, Үшбақай, Партатуа сияқты патшалар, ал, Үшкөзмейрамда Үшкөз мемлекетінің сарбаздары, бектері жатыр» -- деп айтуға болады. Ал, Қасым ханның аталықтары Алау мен Мейрамның да осы маңға жерленуі де бұл Шетпе жерінің әйгілі Үшкөз мемлекетінің Ұлылары жерленген қасиетті пантеоны болғанын көрсетеді. Бұл қорымдардың ел үшін ең қасиетті әулие қорымдарға айналулары осы себептен болуға тиіс.

Осыған байланысты, марқұм ғұлама Серікбол Қондыбайдың кітабынан үзінді келтіруді жөн көрдік [10]:

«Мейрамхан – арғындағы бес мейрамның атасы.

Әләу-Мейрамның құранды атауындағы екінші компонент – Майрам есімі. Осы Майрамды қазақтың арғын руындағы «бес мейрам» деп аталған ірі, ру құраушы ұйтқысына ат берген арғы ата бола алады деп топшылай аламыз ба? Ол үшін үлкенді-кішілі дәлелдемелерді ұсынып көрейік.

Біріншіден, Әләу-Мейрамның екі туысқаны делінетін Шілгөз, Үшкөз (Шетпе) есімдеріндегі «көз» ұғымы ойға бірден арғынның «көз таңбасын» сап еткізіп түсіре кетеді. Көне мифтік танымда Көз – күн белгісі, «күннің көзі», сондай-ақ даналық пен абыздықтың нышаны болып табылады. Алау немесе Алагата үйіндегі билік, абыздық сипаттың аңғарылуы да, Арғынның ресми түрде жалпы қазақтық үштік әлеуметтік-функциялық бөлінуде абыз, би («орта жүзге қалам беріп, дауға қой» немесе «кітап беріп, немесе қамшы беріп дауға қой») мәртебесіне ие болуы осы таңбаға ие болуымен астасып жатқан сияқты. Арғындық бес-мейрам бүкіл арғын елінің негізгі ұйытқысы болып саналады, яғни арғынның жалпықазақтық абыздық функциясы алғашында, яғни 15-16 ғасырларда арғын ішіндегі тек бес-мейрамның еншісінде болуы әбден мүмкін. Ал бес-мейрам тобын қалыптастырушылар өздерінің арғы атасы ретінде осы көзге қатысы бар Әләу-Майрамды есептеген де шығар.

Екіншіден, орта жүз бен кіші жүз арасындағы шежірелік сабақтастық ең алдымен әлім-арғын сабақтастығы арқылы көрінеді. Әлім мен Арғынның шежірелік кешеніндегі ұқсастықтарға қарап, олардың белгілі бір дәрежеде ортақ бастауларға ие екендігін көрсетеді. Осы жағдайда Әләу-Майрам есіміндегі алау (әлім) мен мейрам есімдерінің қатар тұруы осы туыстықты көрсететін сияқты.

Үшіншіден, алдыңғы әңгімелерімізде сөз қылғандай «әлі» мен «мейрам» сөзінің қатарласа жүруі оғыз-түрк дүниесіндегі тарихи топономдерден көрініс тапқан. Түрікпенстандағы Байрам-Әли мен Әзірбайжандағы Али-Байрамлы әлі (сонымен бірге мейрам тобының да) 14 ғасырдан кейінгі түрікпен бағытындағы даму кеңістігінде жатқан атаулар, осы қала аттары бастапқы этнонимге байланысты болуы мүмкін.»

Осы қасиетті Маңғыстау жұрты, бабалары сол даңқты үшкөздердің алапат жорықтарына белсенді қатысқан, Каспийден асып, Қара теңіз айналып, Мидияны, Ассирияны жаулағандардың бел ортасында жүрген жауынгер елдің бірі ғана емес, бірегейі еді. Сондықтан, олар даңқты бабаларының жорықтарын аңыз қылып балаларына айтатын, жорық жолдарын ұмытпай есте сақтайтын. Ол жолдардың қайда екені, Қиян даланың басқа тұсындағы елге қарағанда, Маңғыстауды қыстап, сол жолдардың ізімен жайлауға Еділ-Жайықты бойлап, Қырымға, Қара теңіздің маңындағы қоңыржай мекендерге дейін баратындары осы елдің көбірек есінде еді. Естерінен кетірмей сақтайтындықтарының мықты себебінің бірі, бұл елдің халқының ішкі рухани күшінің сол даңқты дәуірлерден бері азаймай сақталып, осы күнге дейін таусылмай отырғаны болатын.

Оған киелі Маңғыстау өлкесінің сүйген ұлдарына үнемі патриоттық рух беріп, еңселерін үнемі көтеріп тұратын қасиеті және осы халықтың өзінің тумысынан адалдық пен азаматтыққа бейімі, арын және елдің қамын бәрінен жоғары қойып, намысын еш уақытта бермейтін ер көңілі әсер ететін. Осы бір көне дәуір ескерткіштері -- Шілкөзмейрам әулие, Үшкөзмейрам әулие және Қасым хан тұсында сол қасиетті пантеон жерге әкелініп жерленген Әләу-Мейрам әулие  қорымдарын осы күнге дейін бастарына шырақшы қойып, қадірлеп отырғандықтары содан еді.

Олар Ресей патша өкіметі жайлауларынан айырып, көштеріне шек қойған заманға дейін сол мыңдаған жылдар бойы бабалары жүрген іздердің жартысына дейін барып жүрді. Мына қырды айналса, әр жағы бәлен деген жер, анау деген ел тұрады, оларды да бабаларымыз талай шапқан еді деп балаларына жыр қылып айтқандары шүбәсіз-ді. «Ұлымыз Ұрымда болды, қызымыз Қырымға қонды», «Барар жеріміз Балқан тау, ол да біздің көрген тау» деген бабалар сөздерін жастардың миларына құйғандары сөзсіз болатын, содан да ол сөздер осы күнге жетті.

Шынында да, сонау грек жеріне б.з. 2500-3000 жылдар бұрын барып, Аргос, Микен, Тиринс қалаларын салған, Арголида мемлекетін құрған бабаларымыздың, кейін олардың жолын ұмытпай, солардың ізімен дүркін-дүркін Қара теңіз айналып, Анатолы жері мен грек, Балқан елдерін жайлады. Кейін Қырымға дейін келген гректермен араласқан, б.з.б. VII ғасырларындағы ол үшкөздер сонау Мидия, Ассирия елдеріне дейін барып, қаншама жұртқа олжа салғанын антикалық авторлар жазып қалдырса, халқымыздың даналары осы ерлік пен даңқты жорық жолдары туралы естеліктерді ұрпақтан ұрпаққа аңыз қылып қалдырды.

Ел олардың аты аңызға айналған көсемі, сонау Ассирия, Парсы, Қызылбас, Кавказ, Кемер жұрттарын жаулаған қасиетті Мәди батырдың ел басына күн туып, бір тудың астына жинар кез туғанда тіріліп, жер астынан шығып, Үшкөздерін соңына ертіп алып ел құратынына сенетін, әрі үміттерін үзбей күтетін. Ел тастардағы бірге тұрған таңбаларын көріп, алақандарымен аялай сипап, көздеріне жас алып, әлемді тітіреткен даңқты замандарын еске түсірген бар ру жаңа табысқандай, бір анадан жаңа бірге туғандай болып, енді айрылмасқа серттесетін. Бұл қасиетті жердің осындай ерекшелігі бар еді, бұл жерде тек елдің басы қосылатын, өмірі жан-жаққа бытырап кетпейтін, ынтымағы жарасып енді тарамасқа баталасатын. Ол қазақ хандығын құрамыз, жеке ел боламыз деген қауымға да солай әсер етті, бабаларынан осы өңірдің тау-тасында, белес-сайында қалған рухани күш бойларына құйылып, батыл шешім жасауға белдерін будырды.

Енді киммерлер туралы тағы да айтсақ, негізі, олар Қаракесектер, мағынасы көмір дегенді білдіреді. Қазақта Қаракесектің негізгі аты – Болат. Бұлай аталу себебі, біздіңше, олар – болат қорыту тәсілін табушылар. Екінші аты  -- көмір. Себебі, барған жерінде көмір іздейді, көмірі бар жерде орнығады. Қаракесек деп Қуандықпен ара қатынасындағы жағдайларға байланысты айтады. М.Жүсіп жақсылап жазғандай, Болат өкпелеп, ағасы Қуандықтың алты баласын кесекпен атқылап ұрып жықты делінеді.

Бұл мәселенің интерпретациясы – металл атасы Алтай Қуандық болып жүргенде, олар Болат қорытудың тәсілін тауып, болаттың «лицензиясына» ие болған да, Қуандықты бұл нарықтан ығыстырып шыққан. Осыдан 5-6 мың жылдық мыс қорытқан пештерде (Орталық Қазақстан жерінде қалдықтары сақталған) ағаш қолданса, олар көмірді тапқан. Ал болат шығару үшін темірді тек көмірмен ғана балқытады, оған сай температураны ағаш бере алмайды. Содан осылай «кесекпен» атқылап, аға руы -- Қуандық елін інісі Болат жеңгеннен соң жұрт оларды Қаракесек деп атады. Ең қызығы Қырым жерінде Каркин, Каркинитида деген топоним кездеседі. Қарқабат аты осы атаудан да шығуы мүмкін. Тағы да бір қызығы – Қаракесек – көмірлердің аты Болат болса, киммерлер (Комир, Гомир) де болат қорытатын аты шыққан. Әлемде ең бағалы – Киммерлер болаты (Киммерийская сталь) деген керемет болған.

 

Мақаланың жалғасын мына жерден оқуға болады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір