06 Қараша, 2020 Барлық аймақтар
Қыз алып қашу – салт па, қылмыс па?
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 125-бабына сәйкес ″Адам ұрлығы″ үшін 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы жаза қарастырылған.
Фото: Maria Koleshnikova (RFE/RL)
″Қорқыныш...Үрей...″
Мазалап жүрген проблемаларыңызды бір сәтке ұмытуға тырысыңыз. Жайланып отырып, көз алдыңызға елестетіңізші...
Бейтаныс адам біреуді аңдып жүр. Тасаға жасырынған арыстандай жемтігі жалғыз қалғанын сабырмен күтіп отыр. Қолайлы сәтте жемтігіне шап берді. Мұндайды күтпеген жәбірленуші тырп ете алмай, шабуылдаушының азуынан босана алмады. Шыбын жаны көзіне көрінді, қатты қиналды.
Бейтаныс адам жемтігін үйіне алып келді. Есігіне қара құлыпты іліп, бір бөлмеге қамап қойды. Жәбірленуші үйде адам бар екенін көреді. Олардан көмек болар деген үмітпен жалынып, жалбарынады. Алайда, олар қол ұшын созудан үзілді-кесілді бас тартты. Жәбірленушінің жүрегінде қорқыныш, болашаққа сенімсіздік. Қара қапастан аман-есен шыға ма, жоқ па білмейді.
Барлық арман, мақсатының, болашаққа жоспарының күл-талқаны шықты. Оның тағдыры енді сол бір қылмыскердің қолында. Біреуді баса көктеп ұрлап әкетіп, бас бостандығын шектеп, ол адам қаламайтын пасық әрекеттерді жасауға мәжбүрлейді. Оны өмір бойы қара қапаста ұстап, ойына келгенін жасайды. Оның өмірін түбегейлі өзгертеді. Психологиялық және физикалық зорлық көрсетеді. Алайда қылмыскердің қылмыс жасағанын бәрі білсе де ешкім жақ ашпайды, жәбірленушіге қол ұшын беру ешкімнің ойына кіріп шықпайды. Тіпті жәбірленушінің жақындары да оны қылмыскер деп санамайды. Тіпті оған жақын адамының өмірі мен тәнін қорлауға жол береді. Өздері соған куә болса да туғанын соған көнуге үгіттейді. Бәрі жабылып бір адамның өмірін быт-шыт етсе де бұл қылмысты жасаған адам да, оған көмектескендер де жазаланбады. Сондықтан жемтігі тар, қараңғы қапаста отырған кезде, өзі тайраңдап бостандықтың тәтті дәміне мастанып жүр.
Қазір қандай сезімдесіз? Қылмыскерді заң жүзінде жазалау ойыңызға бір сәт болса да келді ме? Егер жауап ″иә″ болса, онда неге мұндай қылмысқа жол беріп, тіпті ондай ауыр қылмыстың орын алуына көмектесіп жүрміз. ″Құдай-ау, не деп кеттің! Қандай қылмыс?! Қандай көмек?″ деген боларсыз, бәлкім бәрін басында-ақ түсінген шығарсыз. Ал егер әлі де ұқпаған болсаңыз айтайын. Жоғарыда сипаттаған қылмыс – көбіміз куә болған, тіпті оның іске асуына көмектескен, кейбіріміз өзіміз де сол пасық қадамға барған – ″Қыз алып қашу″ қылмысын айтамын. ″Еее, сол ма?″ деп қол сілтесеңіз, сізге таным көкжиегіңізді кеңейтіп, адам құқығымен жақынырақ танысуға кеңес беремін. Тіпті психологтың да көмегі қажет болуы мүмкін. Себебі жылдар бойы санасына ″Қыз алып қашу біздің салтымыз″ деген улы ойдан арылу үшін маманның көмегі қажет болуы әбден мүмкін.
″Бұл – салт-дәстүр, менің кінәм жоқ!″
БҰҰ-ның адам құқығы декларациясының отбасын құруға қатысты 16-бабында ер мен әйелдің құқығы тасқа таңба басқандай анық көрсетілген.
- Кәмелет жасқа толған әйел мен ер адам неке құру кезінде тең құқылы.
- Неке тек екі тараптың толық келісімімен, ешбір адам қысым көрсетпегенде ғана тіркеледі.
Қызды алып қашу арқылы бұл заңды белшесінен басып, адамның жар таңдау, отбасын ерікті түрде құру құқығынан айырып отырмыз. Жақында Шымкентте қыз алып қашу жағдайы тіркелді. Егер бойжеткен «болашақ жарынан» қашып құтылу үшін көп қабатты үйдің терезесінен секірмегенде бұл қылмыс әдеттегідей білінбей кетер ме еді? Себебі алып қашуды қылмыс деп емес, ата-баба салты деп қарағандықтан қылмыскерлер тиесілі жазадан құтылып кетіп жүр.
Қыз алып қашуға қатысты арнайы заң қарастырылмаған, оны ″Адам ұрлығы″ фактісі бойынша тіркейді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 125-бабына сәйкес ″Адам ұрлығы″ үшін 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы жаза қарастырылған.
Ал егер ұйымдасқан топ кәмелет жасқа толмаған немесе аяғы ауыр әйелдің денсаулығына зиян келтіруі мүмкін және өміріне қауіп төндіретін қару қолданса 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады және мүлкі тәркіленеді.
Қылмыстық топпен қызды қанау мақсатында алып қашып немесе оның арты өлімге әкелген болса, қылмыс жасаған адам 10 жылдан 15 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленуі мүмкін.
Ең қызығы адамды алып қашып артынша оны ерікті түрде босататын болса, қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Ол қыздың алып қашу кезінде бастан өткерген психологиялық жағдайы елеусіз қалғаны және көрсетілген психологиялық зақым үшін ешкім жазаланбайтыны қынжылтады.
″Менің де басымнан өткен, сен де көн!″
Иә, сізді де кезінде алып қашып сіз соған көнген шығарсыз. Бірақ бұл басқа адам да оған көнуі керек деген сөз емес. Сондықтан «Біз де осылай отбасын құрғанбыз, ештеңе жоқ» деген уәжіңіз орынсыз.
Иә, сізді де кезінде алып қашып уақыт өте келе таңдау құқығыңыздан айырған адамды сүйіп кеткен шығарсыз, бірақ бәрі бірдей ұрыны жақсы көріп кетпейді.
Иә, сізді де кезінде алып қашып сізді зорлықпен өзіне әйелдікке алған адаммен бақытты шығарсыз, бірақ бәрі бірдей бақытты болып кететініне ешкім кепіл бола алмайды.
Адам құқығы, өмірі, денсаулығы мен бас бостандығы бәрінен жоғары тұрады. Ол Конституциямызда да жазылған. Оған сай әр адам отбасын қалаған адаммен ерікті түрде құруға құқылы және бұл заңды орындамаған адам заң жүзінде тиісті жазасын алуы керек. Себебі бұл – Сіздің өміріңіз! Сіздің болашағаңыз! Сіздің бақытыңыз!
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір