• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

10 Қараша, 10:00:08
Алматы
+12°

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Шытырманда" Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/layfstayl/debiet/abay_jolyi/63096/

Massaget.kz порталы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" роман-эпопеясының қысқаша мазмұнына doodle анимациялы видеосаммари дайындады. Видеожоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

Назарыңызға I томдағы "Шытырманда" тарауын ұсынамыз.

Шытырманда

Абай Қарқаралыдан қайтқан соң атқа мініп, ел аралаған жоқ. Жидебайдағы ауылда шешелерінің үйінде жатып, күндіз-түні кітап оқуға салынды. Оған осы уақытта жолдас болған — Ғабитхан. Қыс біткенше екеуі оқып-білгендерін үй ішіне әңгіме қып айтуды әдетке айналдырды. Көпшілік әсіресе Абайдың әңгімелерін телміре тыңдайтын. Немересінің кітапқа берген ықыласына Зере қатты қуанған. Кәмшат кеткелі жүдеу боп жүрген Айғыз да аратұра Абайды есту үшін үлкен үйге келіп тұратын. Ол келген кештерде Абай әңгімесін ерекше қылып баяндауға тырысатын.

Көктем болғанда үйдегі кітап тегіс оқылып, бар әңгіме айтылып бітті. Ғабитхан мен Абай енді маңайдағы молда сүрей, кәріден, шала сопылардан бірен-саран кітап тапқызып алысты. Ғабитхан, тіпті, Қарашоқыдағы Күнкенің аулына барып, екі қоржын басы кітап әкелді.

Бірақ бұл кітаптарды Абай оқып үлгермеді, өйткені ол әкесінің шақыртуымен жолға шығып кеткен болатын.
Құнанбай баласын Торғай руының Құлыншақ есімді беделді адамына арнайы сәлеммен аттандырды. Жанына Қарабасты қосып жіберді.

Бұл жолы Абай Қарабас атшабарды жаңа қырынан таныған еді. Ол ай-айдың атын, күн райын болжауға қатысты көп дерек, аңыз біледі екен.

Құлыншақ Абайды бала көргенмен, Құнанбай жібергенін ескеріп, үлкен кісідей күтіп алды. Үйде Манас деген баласы бар екен. Еңгезердей, балуан тұлғалы жас жігіт Құлыншақтың ел арасында "бес қасқа" деп аталып кеткен бес ұлының бірі.

Абай әкесінің айтқан сөздерін толық жеткізді. Ол жер мәселесі болатын. Құнанбай тобы Борсақ руының жерін алып, оны бөліске салғанда осы маңдағы Бетқұдық деген қонысқа Ақперді есімді кісі иелік етіпті. Сол аға сұлтанға "Мен күздігүні пішенін шауып алайын деп ем. Құлыншақ Бетқұдыққа қонбаса екен" деп өтініш айтыпты. Ал Құлыншақ осы жерге бұрыннан Борсақпен кезек қоныстанып жүр екен. Іштей қарсы болса да, ол мырзаның айтқанын орындауға келісті. Сөйтті де:

"Қайтпек керек? Ақперді! Ақперді! Ақпердіге Құдай бақ берді" - деп ащы мысқылмен күліп қойды. Абай оның сабырлы сықағына қызығып: "Бақ берген емей немене, Борсақтан қалған аз жерді, Менікі деп тап берді деңіз" - деді. Үй іші баланың бұл мінезіне ырза болып, тегіс күлді.

Содан Бетқұдық әңгімесін былай қойып, Құлыншақ Абайдан Кәмшат жайын сұрады. Өзінің естуі бойынша, кішкентайдың күтімі келісті емес екенін де айтты. Бірақ Абай бұл тақырыпты қозғағысы келмей әңгімені басқа жаққа бұруға тырысып, "бес қасқа" дегеннің мәнін сұрады. "Қасқа дегені - батыр дегені" дей келе, Құлыншақ Құнанбайға Борсақ пен Бөкеншіге қарсы әрекет еткенде көмектескенін, сонда да жер олжа қылмағанын, соған өкпелеп жүргенін білдірді.

Абай Қарашоқыға келіп, әкесіне Құлыншақтың көнгенін айтса да, оның өкпесін айтқан жоқ. Қарабас бөлек жерде аға сұлтанға Абайдың үлкендермен тең сөйлескенін, сөзге ысылып қалғанын жеткізді. Осының ертеңінде Құнанбай баласын тағы жұмсады. Алған бағыт Сүйіндік аулы еді.

Бұл уақытта өз қыстауынан айырылған Сүйіндіктер Түйеөркеш деген жерге қоныстанған. Қазір тамда емес, киіз үйде отыр екен. Ол ауылға Абайлар ел орынға отыра келді. Сүйіндік пен бәйбішесі, екі ұлы Асылбек пен Әділбек — бәрі де қонақтарды жылы қарсы алды. Бұл үйге әсіресе өзгеше көктем нұрын енгізген бір жан бар. Ол Сүйіндіктің қызы - Тоғжан.

Абай Сүйіндікке әкесі жіберген сәлемді бірден айтқан жоқ. Әңгімені алыстан бастап, үлкендерше сөйлеп, жер-су атаулары жайында білетінімен бөлісті. Әсіресе, үй ішіне оның Шыңғыс хан туралы айтып берген деректері қызық көрінген. Сонымен қатар, бала сөз арасында Сүйіндікке де сұрақ қойып отырды. Оның білгісі келгені Сүйіндік пен Құнанбай арасының суысқан тұсына байланысты еді. Абай ел айтып жүрген әңгімелердің ақиқатына жету үшін, екі тараптың да пікірін естіген дұрыс деп есептейтін. Сүйіндік баланың сұрақтарын ыңғайсыз деп білсе де, жауап беруден басқа амалы болмады. Бұл кеште Абай өзі үшін көп жаңалық ашты. Бірақ оның бар ойы даулы мәселелерде емес, Тоғжанда еді. Қызды ойлаған сайын кеудесі мол сезімге толып, тоқтаусыз құбылып, бойына тоңазығандай бір діріл пайда болып, Абай таңға дейін көз ілмеді. Осы уақытта ол "Ақ етің аппақ екен атқан таңдай" деп, алғашқы ғашығына арналған тұңғыш жолын да шығарды.

Ертесінде таңғы шайға Тоғжан келген жоқ. Абай әкесі тапсырған алық-берік жөніндегі сәлемді Сүйіндікке жеткізгеннен кейін кетуге ыңғайланды. Қалғысы келген, бірақ оған сылтау да, себеп те табылмады. Үйден шығар уақытта Сүйіндік пен бәйбішесі Зере мен Ұлжанға сәлем жолдай отырып, әңгіме ағымын Кәмшатқа бұрды. Олар Кәмшатты аяйтынын, Бөжейдің әйелі қатыбас екенін, кішкентай қызға дұрыс күтім көрсетпей жүргенін айтты. Абай бұл сөздерді бір емес, екі үйден естігенін ескеріп, Жидебайға бара сала шешелеріме Кәмшат жайын жеткіземін деп ұйғарды.

Түйеөркештен Қарашоқы арасындағы жолда Абай мен Қарабасқа Ербол есімді жас жігіт жолықты. Ол да Сүйіндік ауылының адамы екен. Барар жері - Көлқайнар. Аса көңілді жігіт Абаймен тез тіл табысып кетті. Екеуі аңшылық, аңға салатын құс төңірегінде біразға дейін әңгіме айтып, жолайрыққа жеткенде қимай қоштасты.

Абайлар Қарашоқыға жеткенде Күнкенің үлкен үйінде мол жиын барын байқады. Қарабас бұл жиынның алыс ел емес, осы маңның өз адамдары екенін айтты. Абай Кәмшатты Бөжейге берумен бәрі бітті, тынды деп ойлаушы еді, онысы қате екен. Жаулық әлі де жалғасып жатқан тәрізді. Оны үйге кіріп, әңгіме тыңдағанда түсінді: Құнанбай елді бір нәрсеге қамдап, серттесу үшін шақырған сияқты. Абай әкесі шаруаларын бітіргенде оған Сүйіндік жайында есеп беріп, Жидебайға қайтсам деп ойлаған еді. Бірақ ол ойы жүзеге аспады. Құнанбай "Шешеңнің қасынан шықпайтын қуыршақ ойнайтын қыз ба едің?" деді. Абай "Биыл құс мол екен. Жидебайға барып қаршыға салайын деп ем" - деп ақталды. Әкесі түсіністік танытса да, оны жібермей, тағы бір шаруа тапсырды.

Бұл жолы Абай Бөжейге тізе қосып, жаулықты мықты ұстап жүрген Жігітек руының беделдісі Байдалыға аттанды. Жанында сол Қарабас бар. Құлыншақ пен Сүйіндік сияқты емес, Байдалы бұларға жылы шырай бермеді. Қонақтар отыра сала оған Құнанбайдың сәлемін айтты. Аға сұлтан былтыр өзі Қарашоқыдан көшірген Бөкенші мен Борсаққа Жігітек жерінің жапсарынан жайлау берген болатын. Сол ретте осы Байдалының Қаршығалы, Қопа деген қоныстарына "Сүйіндік пен Сүгірдің ауылдары қоса қонсын" депті. Байдалы бұл сөзді есіткенде қабағын қатты түйді де үнсіз отырып, "Құп болсын! Не деуші едім" деді. Жақтырмаса да езбеді. Абай қымыз ішіп болып, енді жүргісі келгендей ажар білдіргенде Байдалы оны тоқтатып, "Әкеңе сәлемім бар, соны жеткіз" деп, Құнанбайдың соңғы уақыттағы істерін қатты сынға алды. Оның кешірімі, мейірімі жоқ деді. Сөз арасында Көкшеден шыққан Қаратайдың айтқан сөздерін мысал ретінде келтіріп, бұл өзінің ғана емес, Сүйіндік, Бөжейлердің де ашуы екенін түсіндіргендей болды.

Абай Байдалының үйінен шығысымен, жол бойында ұзақ аялдағысы келмей, Қарабасқа жарысайық деп, екеуі Қарашоқыға жеткенше шауып барды. Құнанбай мен Майбасар ауыл сыртындағы төбеде отыр екен. Абай оларды көре сала, атынан түсіп, әкесіне жақындады. Құнанбай баласының көңілін бірден таныды да, "Неден ширықтың, балам" деп жөн сұрады. Абай Байдалының сәлемін толық жеткізді. Аға сұлтан оның сөздерін алғашында аса салқын тыңдауға тырысса да ашуланғанын жасыра алмады. Бала бір жауап күткен. Құнанбай соны сезіп, "Өз топшылауым бойынша, адамның қай мінезі қасиетті болса, сол мінезі міні де болады. Адам пенде ғой. Пенденің жоқ жітігі толған ба?" дейді. Абай бұл жауапты оң көргенімен, көңіліндегі түйінін аяқтата алмап еді. Құнанбай оған қабат-қабат шыңдай көрінді.

Осы әңгімеден кейін Абай Жидебайға аттанып, шешелеріне Кәмшат туралы естіген әңгімелерін жеткізді. Бұл - ел жайлауға көшетін қарбалас шақ еді. Шешелері "Шыңғыс тауға жеткеннен кейін Бөжейдің аулына өзің барып, Кәмшаттың жағдайын көріп қайтасың. Содан кейін әкеңмен шындап сөйлесеміз" деген байлауға тоқтады.

Сол уәде бойынша, араға уақыт салып Абай қасына Ғабитханды ертіп, Саркөл деген көлдің басында жатқан Бөжей аулына келді. Кәмшат расымен ауырып жатыр екен. Бөжейдің бәйбішесі мен екі қызы "Басқа бала сап-сау, жалғыз осы бала бақырға бір жаман іш ауру тиіп, толас таппай қойғаны" деп өздерін ақтамақ болды. Ғабитхан Кәмшаттың жағдайын көріп, жылап жіберді. Абай бір сәт бауырын құшақтап, зар жылап, үй ішін ұрысып кетуді де ойлаған. Бірақ ол мінезі Кәмшат үшін пайда емес екенін түсініп, іші өртеніп, қатты ызаланып, бәйбіше ұсынған қымызды ішпестен өз аулына аттанды.

Абай ауылға келе салып, үлкендерге көргенінің бәрін айтты. Түсіне ашу, көзіне жас толған Айғыз жылай бастап еді, Құнанбай оны сол қолын көтеріп тыйып тастады. Ұлжан да үндемей отыра алмады. Бірақ күйеуі "Жә, бірің бастап, бірің қостамай" деп оның да сөзін тоқтатты. Үй ішінде аға сұлтанға қатты сөйлеген тек қарт ана Зере болды. Ол ашуланып, Құнанбайдың өзіне зекіп, жүзіне аса суық қараған. Шешесінің ажарын сезген баласы жуаси түсті. Айтқан сөздерін тыңдап, өзара келіскен байлау солай деп ақталды. Осы сәтте әңгімеге Абай араласып, бұл байлауды айтқан адамдарды кінәлады. Құнанбай ұлының сөзіне де құлақ асып, "Мен баламды бала етсін деп бердім. Осыны қатын-қалаш, ауыл-аймағына түсіндіре алмаған Бөжейге сын" деп сөзін аяқтады.

Үйдегі жиыннан кейін Құнанбай Бөжей аулына Жұмабайды жіберді. Бөжей оны суық қарсы алып, "Шашыраған ұрығына сұрау салмай, мазамды алмай тек жүрсін" деп қайтарып жіберді. Бұл жауаптан Құнанбай да, Абай да қатты түңілген еді. Арада аз күн өткен соң Бөжей аулынан жаман хабар келді. Кәмшат өліпті. Және таңертең өлген баланы, сол күні түс ауа қойып та бітіріпті. Хабарды Құнанбай аулы бір қойшыдан естіген. Енді үй іші тегіс Бөжейдің бұл мінезіне аса қатты ренжіді.

Ренішті жеткізіп Бөжей аулына енді Ызғұтты мен Жақып деген кісілер барды. Бөжей жалғыз емес, жанында Байдалы мен Түсіп бар, үшеуі бірігіп отырып "Құнанбай сыныққа сылтау іздемесін. Қаршадай қыз өлді деп ас береміз бе?" деп жауап қайтарды. Бұл алдағы жазды не қылса да үлкен ылаңның, зор бәленің жазы етуге айналған сөздер еді. Ызғұтты мен Жақып жөнелісімен Бөжейлер өздеріне қараған бар ағайынды баталасуға шақырады. Құнанбай да өз тобын дайындауға кіріседі.

Бірақ ел жайлауға жеткенде тағы бір жаман хабар келді. Бөжей қайтыс болыпты. Бұл хабарды естігенде Құнанбайдың жүзі сұрланып, аңтарылып қалды. Зере зор күйінішпен күрсініп, кесек-кесек жас ыршытты. Абайдың екі өкпесі аузына тығылғандай боп, тынысы бітіп, жүрегі қатты соғып кетті.

Әдетте қаншалық араз болса да "торқалы той, топырақты өлім" дегенге келгенде араздық ұмытыла тұратын. Соны есепке алып Ырғызбай ауылдары арнайы хабаршының келгенін күткен. Жаназаға деп саба, сойыс, үй қамдап, өз жолымен барудың жайын да ойластырып қойған. Бірақ ешкім келмеді. Бұл жайтқа Зере мен Ұлжан аса дағдарса, Құнанбай қатты қиналып, ақыр аяғы ызаға кетті. "Өліге шара жоқ. Ал осының істеп отырған Байсал мен Байдалыда кінә көп" деп ойлады ол. Расында, Бөжей қайтқан күні хабарды кімге беріп, кімге бермеуді Байдалы өзі атаған. Сол ретте Құнанбай ауылдарын қатардан әдейі шығарып тастаған-ды.

Ағайыны Бөжейдің өз үйіне салмақ түсірген жоқ. Қажет шығынның бәрін көтерді. Сүйегін жайлауға емес, қыстауының үстіне апарып, Тоқпамбетке қойды. Оның жаназасын шығаруға қалың Тобықтының ғана емес, көршілес Керей, Матайдың, тіпті, сонау Қарқаралыдағы Шор мен Бошанның да адамдары келді. Бөжейдей жұрт жоқтаған жанға топырақ салмай қалған жалғыз Құнанбай айналасы болды.

Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/layfstayl/debiet/abay_jolyi/63096/

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір