Фото: ШҚО ақпарат орталығы
Жазғы демалыс кезінде оқу мекемелері балаларға жаңа форматта білім беруге дайындалды. Көмекші материалдардың әзірленгені туралы ақпарат ШҚО әкімінің қатысуымен өткен білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз конференциясында белгілі болды.
ШҚО білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова жаңа оқу жылында оқушылардың саны өткен жылмен салыстырғанда бір жарым мыңға артып, 189 мың баладан асқанын атап өтті. Олардың жартысы қашықтықтан сабақ оқиды.
Онлайн сабақты сапалы жүргізу үшін білім ортасы құрылып, компьютермен қамтамасыз ету және интернетке қосу мәселелері шешілуде.
Оқу жылы басталмас бұрын облыстағы мұғалімдер педагогикалық шеберлік орталығында 40 сағаттық асинхрондалған онлайн курстан өтті. Курс барысында цифрлық платформаны қолдануды меңгеріп қайтты.
Бұдан бөлек, педагогтарға көмек ретінде 1200 сабақтан тұратын цифрлық білім контенті әзірленді.
"Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығының облыстық филиалы педагогтармен бірге 8-9 сынып оқушыларына арналған геометрия, физика, биология, орыс тілі және әдебиеті пәндері бойынша 304 бейнесабақты әзірледі.
Ағымдағы кезеңде Өскемен мен Семей қалаларындағы мектептерде 82 педагогтің қатысуымен 272 сабақ шығарылды.
Қашықтықтан білім беру мақсатында облыста үш мың астам сабақтың бейне кітапханасы жасалды. Ал педагогтарға арналған екі мыңнан астам вебинар ұйымдастырылды.
Шағын комплектілі 373 мектепте штаттық режимде 41 986 бала білім алады. Оқу екі ауысымда ұйымдастырылады. Ауысым кезінде жарты сағаттық үзіліс болып, әрбір сабақтан соң дезинфекциялау жұмыстары жүргізіледі. Мектептерде бетперде (маска) кию режимі сақталып, медициналық бақылау күшейтіледі.
Аймақ басшысы Даниал Ахметов балалардың денсаулығын сақтау үшін мектептердегі қауіпсіздік
шараларын қатаң сақтауды тапсырды. Сондай-ақ дезинфекциялық және санитарлық қауіпсіздік құралдарымен қамтамасыз етуді, тепловизорлар мен санитайзерлер, кіреберістегі қорғаныс кілемшелерін және бетпердемен (маска), бактерицидті шамдармен қамтуды бақылауға алуды жүктеді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір