• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 19:07:11
+12°

Торғын Жолдасбекқызы – жазушы, "Араша", "Кеш қалма" кітаптарының авторы. Автор Қамшы тілшісіне жақында баспадан шыққан "Кеш қалма" кітабы жайлы әңгімелеп берді.

Жазушы романды оқығандар өз өміріне анализ жасайтынын айтты.

– "Кеш қалма" романының он шақты негізгі кейіпкері бар. 10 түрлі тағдыр. 10 түрлі сезім. 10 түрлі күй, мінез. Бір ғана мәселеге 10 түрлі көзқарас. Әр адам солардың бірінен өзін табады. Сол кейіпкермен танысу арқылы өзіне, өз өміріне анализ жасайды. Мұны осыдан төрт жыл бұрын шығарманы парақшамда 25 бөлімге бөліп жариялаған кезде байқадым. Роман әркімге әрқалай әсер еткен. Бірі "шығарма қайтпас қайсарлық жайлы, басыма не түссе де, жеңілмеуім керек екенін ұқтым" дейді. Іле-шала екіншісі, "иә, өмірмен арпалысып, бақыттан кеш қалғанша, бір сәт жеңіле білген жөн екен" деп жатады. Бірі "махаббаттың дәмін таттым" десе, "екіншісі қызғаныштан өртендім" дейді. Ал кей пікірді оқып, белгілі бір ситуацияға өзімнің бір жақты ғана қарап келгенімді ұғамын, – деді ол.

Оның айтуынша, кітаптың алғашқы нұсқасында қате көп болыпты.

– Төрт жыл бұрын романды жазған соң редакторға асығыс тексеруге жібердім. Редактор шығармамды алған соң, екі айдай жұмысқа кірісе алмай жүрді. Күте алмай, кері қайтарып алдым. Сол кезде ол кісі жай ғана "негізі, кітабыңның қатесі көп" деп қалды. Сол үшін алғашқы редакторыма алғысым шексіз. Қазақ "басы қатты болса, аяғы тәтті болады" демей ме? Соңғы жыл шығармамды қайта-қайта оқып, сол қателерді тауып, түзеумен болдым, – дейді қаламгер.

Автор кітапты жазу барысында ерекше күйде болғанын жеткізді.

– "Кеш қалманы" тек тірі қалу үшін, бойымдағы қорқыныш, өкініш пен үрейден арылу үшін жаза бастадым. Бірде жылап, бірде күліп, бірде қаным қайнап, бірде сұп-суық боп өзгердім. Сол сезімді кітаптың өн бойында қайта сүріп өттім. Осы сәттің бәрінде өзімнің тірі екенімді білдім. Сол сезімді оқырманым да татса екен деген ой болды.

Біраз жыл бұрын бар жиған қаражатыммен кітап шығармақ болып, соңында шығынға ұшырағанмын. Қайта мені қолдаған жақындар болды. Ал оқырмандарым "сен жаз, біз оқимыз" дейтін. Осындай алтын оқырманы бар мен де, "Араша" мен "Кеш қалма" да бақытты. Сондай-ақ "Кеш қалманың" шығуына үлкен үлес қосқан – құрбым Әйкерім Нұқпаева. Баспаға қатысты бар шаруаны өз мойнына алып, кітаптың ішкі-сыртқы дизайнын құрып жүрген де осы қыз, – дейді ол.

Автор алғашқы кітабы өз шығынын артығымен жапқанын, "Кеш қалма" кітабынан да үміті зор екенін айтты.

– Алты жылдан бері әлеуметтік желілерде әңгімелерімді тегін бөлістім. Ал бір жыл бұрын қаражатымды жинастырып, достарымның көмегімен "Араша" кітабы шықты. Қаламым наныма айналғалы бір жыл ғана болды. Алғашқы кітабымның ақшасы өз шығынын жапты. Түркияның екі қаласына екі жақынымды саяхатқа жіберсем деген арманым орындалды. Сондай-ақ "Кеш қалманы" шығаратын қаражаттың жартысына жуығын жинап қоюыма жетті. "Кеш қалма" кітабынан да үмітім зор. Жоспарым да жоқ емес, – деді жазушы.

Оқи отырыңыз:

♦ Торғын Жолдасбекқызы: Адам арбада отырса да мүмкіндігі шектелмейді

 

Құндызай Өтеген

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір