02 Тамыз, 2020 Саясат
Фотоколлаж
Тергеу изоляторында қайтыс болған қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің анасы Гүлбараш Жолмұхамбетова Қамшы порталына ұлына арнап берілетін ас өтетін 8 тамыз жақындаған сайын белсенділерді ұстау, қамау жиілегенін хабарлады.
Оның сөзінше, алдымен Дулат Ағаділ көзі тірісінде бастаған үйді аяқтауға барын салып, істің басы-қасында жүрген белсенді Ербол Есхожин қамалған.
Ол 8 тамызда ас өтетіні туралы жазғаннан кейін 30 шілде күні Эталон құрылыс базарында ұсталған. Оны астанадағы митингіге қатысты деген айыппен 15 күнге абақтыға жапқан.
Сол күні Есхожинді босатуды талап етіп Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментіне барған белсенділер де қамалған.
Гүлбараш Жолмұхамбетова "талабымызды айтқызбастан, әй-шәйға қарамастан ұстай бастады" дейді.
– Сол күні 9 адам қамалды. Мені де сүйреді. Алысқан кезде қолымды ауыртып алдым. Көгерген іздер әлі бар. Телефонымды алып қойған еді, жұлысып жүріп, қайтарып алдым. Арамызда Серік Жахин деген адам тіпті талып қалды. Оны сол ессіз күйі көтеріп алып кетті. Екі адамға 83 мың теңгеге айыппұл салды. Не үшін салғанын білмеймін, – деді ол.
Әлеуметтік желіде белсенділер сол күні полиция департаментінің алдында Серік Жахин, Аня Шукеева, Бибігүл Тұяқова, Ғалия Тамабаева, Роза Мұсаева, Айбек Сәбитов, Алтын Леспаева, Жанат Нүркешев, Айтпай Қасымов секілді азаматтардың ұсталғанын хабарлаған.
Гүлбараш Жолмұхамбетова бұған дейін 300 адам жиналып ұлына құран оқыған кезде полиция төбеден дронмен түсіріп, сырттай бақылап тұрғанын айтты.
– Бұлар сонда өлген Дулаттан қорқа ма? Не көрінді сонша? "Неге жиналып алғансыңдар" десек, "қауіпсіздік үшін" дейді. Біз сонда молаға келіп соғыс ашамыз ба? Дулаттың асы алдында істеп отырғаны мынау. Билік Дулаттың асын өткізуге мейлінше кедергі келдіріп отыр, – дейді Ағаділдің анасы.
Бүгінде жанашыр жандардың асарлауының арқасында Ағаділ бастап кеткен үй құрылысының 90 пайызы аяқталған.
"Құрылысқа жергілікті әкімдіктен еш көмек болмады, бәрі халықтың арқасы, халқыма мыңда бір рахмет" деген марқұм анасы жұрттың жәрдемдесіп отырғанын, сондықтан тұрмыс тауқыметін тартып жатпағанын жеткізді.
Сондай-ақ Гүлбараш Жолмұхамбетова Ағаділді тергеу изоляторына алып келген сәттегі видеожазбаны ала алмай жүргенін атап өтті.
– Видеода Дулаттың камерада біресе жатып, біресе тұрып, мазасы кетіп тұрғаны көрінген. Кезекші полицей 3 рет кіріп, жатқан жерінен 3 рет тұрғызды. Бір сәтте әжетханаға апарып келген соң Дулат құлап жатып қалды. Ары қарай не болғаны видеоға түспеген. Таңғы 12 жарым жарым мен таңғы 6-ға дейінгі жазба жоқ. Камераның "памяты толып, жазылмай қалған" дейді бізге. Енді тым болмаса, 12 жарымға дейінгі видеоны берсін десек, бермей отыр, – дейді Жолмұхамбетова.
Қарт ана жақын күндері президент Тоқаевқа бейнеүндеу жолдап, 8 тамыз күнгі асқа келетіндерге кедергі жасамауға ықпал етуін талап ететінін айтты.
Ағаділдің анасы сондай-ақ италиядағы оппозиционер "Ержан Тұрғымбай тарапынан ешқандай көмек керек емес" деді.
– Тұрғымбай жанашыр болмай-ақ қойсын. Оның көмегі бізге керек емес. Өткенде өзі салып беріп жатқандай Дулаттың үйіне екі әжетхана қою керек еді деп ақылын айтып отыр. Керек емес. Бізге қалың қазағым көмектесіп жатыр. Соларға мың да бір рахмет" дейді ол.
Жолмұхамбетова "енді facebook-ке тікелей эфирге шығып, "өле-өлгенше, биліктің масқаралығын әшкерелеп өтем" деп бекініп отыр.
Дулат Ағаділ – әлеуметтік проблемалар және азаматтық құқықты сақтау мәселесін көтерген. Ол өткен жылы бірнеше мәрте әкімшілік жазаға тартылып, кемінде 60 тәулік қамауда отырған. Белсенді былтыр қарашаның ортасында әкімшілік қамауда отырған Целиноград аудандық тергеу изоляторынан қашып кеткен еді. Кейін ол әрекетінің себебін "заңсыз қудалауға қарсылығым" деп түсіндірген. Полиция екі күн бойы іздеген белсенді 15 қарашада өзі бас прокуратура алдына келген. Кейін ол "сот қаулысын орындамағаны үшін" тағы 6 тәулікке сотталған.
Белсенді 25 ақпан Нұр-Сұлтантағы тергеу изоляторында көз жұмған. Ресми дерек бойынша, өлімге жүрек талмасы себеп болған. Алайда марқұмның жақындары мен қоғам белсенділері мұнымен келіспейді. Марқұмды жуындырған кезде денесінде көгерген жерлер болған.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір