29 Шілде, 2020 Әлеумет
Фото шаштараздың жеке мұрағатынан алынды
31 жастағы Алматы тұрғыны Шынболат Әбдікәрімовтің мамандығы – шаштараз. Ол бұл салаға келместен бұрын балықшы, құрылысшы болған, асханада істеген. Түрлі жұмыстың басын шалған ол осыдан сегіз жыл бұрын, яғни 2012 жылы өзінің оң жамбасына келетін мамандық – шаштараз екенін түсінген.
"РОБИНЗОН КРУЗО БОЛАСЫҢ"
– 1989 жылы Өзбекстанда туғанмын. "Известия" деген ауылда тұрдық. 2008 жылы Жетісай жаққа Абай ауылына көштік. Отбасымда әке-шешем, екі ағам, бес әпкем, бір қарындасым бар. 9-сыныптан кейін еш жерде оқыған емеспін. Ол кезде оқитын жағдай да жоқ, – деп бастады шаштараз әңгімесін.
Өзінің айтуынша, мектептен кейін бірден жұмысқа араласқан. Басында сыныптастарымен Шардара су қоймасында балық аулап сатты. Негізінен сазан ұстайтын. Ең үлкен олжасы – 15 келілік сазан. Балық аулау барысында қызықты да қатерлі талай жағдайға тап болған.
– Бірнеше күнге аралға кететінбіз. Сол жерде ау салып, балық ұстаймыз. Екі үш күн сайын тапсырыс берушіге ұстағанымызды өткізіп, ас-су алдырамыз. Кейде кенеттен жел тұрып, су көтеріледі. Биіктігі 1-2 метрге дейін жететін толқын пайда болады. Жел кейде ұзамай тына қалса, енді бірде өршеленіп, бірнеше күн тоқтамайды. Сондай сәттерде қиын. Сыртқы әлеммен байланыс үзіліп, аралда жападан жалғыз қаласың. Ол кезде телефон дегенің жоқ. Азық-түлік таусылып, макаронды суға қайнатып ішкен кездер көп болды ғой. Кәдімгі Робинзон Крузо боласың. Енді бірде жаға мен арал арасында жүзіп бара жатқанда жел соғады. Қайық аударыла жаздағанда жағаға жеткенше иманыңды үйіріп барасың. Басында қорыққаннан бұтқа жіберіп қойған кездер де болған (күлді). Кейінірек әкем "бір күні суға кетіп өлесің" деп балыққа шығармай қойды, – дейді ол.
Осылай балық аулаумен қоштасқан Шынболат 2010 жылы Алматыға келді. Қаланың қым-қуыт тіршілігіне біте қайнасып кетуде құдашаларының көп көмегі тиді. Бірге пәтер жалдап, қара нанды бөліп жеп, әпке-іні секілді араласып кетті.
АСХАНАДАН АСТАНАҒА ДЕЙІН
– Алматыдағы ең алғашқы жұмыс орным – КазГУ-дың тамақтану комбинатындағы асхана. Құдашамның құрбысы мен оның інісі үшеуміз істедік. Басында бәрі жап-жақсы басталған. Үшінші айда мені түнгі ауысымға ауыстырды. Ұйқының дұрыс болмағаны қиын екен. Күндізгі ауысымға ауысқым келетінін айтқанымда, бастықтың оң қолы рұхсат бермеді. "Істесең, түнде істе, істемесең жұмыстан шық" деп жекіді. Мен "олай болса, шығам" дедім. Бастығымыз жақсы кісі еді. Кететінімді естіп, қалуға үгіттеді. Күндізгіге ауыстыратынын айтты, бірақ мен екі сөйлегім келмей, жұмыстан шығып кеттім.
Кейін "стройкада" істедік. Евроремонт жасауды үйрендім. Прайм плазаның (қазіргі Азия парк сауда үйі – ред.) құрылысы жүріп жатқан. Соның үш қабатының еденін кафельдеп шықтық. АДК сауда үйінің құрылысында бутиктардың ішін әрледік, – деген Шынболат біраз уақыт елордада құрылыста істеп қайтқан.
– 2011 жылдың қысында астанаға бардық. Қаланың шыға берісінде тігінен Қостанайға, оңға қарай Көкшетауға баратын жолда көпір бар. Соны 5-6 ай бойы біз салдық. Кейін 4-5 ай Алексеевка ауданында тұрғызылған 360 үйдің блогын қойдық. Табысымыз тәп-тәуір еді. 250 мың теңгеге дейін алып жүрдік. Бірақ астананың аязы мен адамдары ұнамады. Басыма екі бас киімді қабаттап киіп алатынмын. Соның өзінде құлағым үсе жаздайтын. Оңтүстіктен барғаннан кейін бе маған қиынға соқты. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қайта біз барған жылы қыс жылы болыпты. Ол жақтың қысы ғана емес, адамдары да суық па деймін. Бізде амандық сұрасқанда "ассалаумағалейкумнан" бастап, үй іші, бала-шаға бәрін қалдырмай сұрайды ғой. Ол жақта "қал-қалай" дейді, бітті. Қызық. Сонымен жұмыс біткен соң Алматыға қайттық, – дейді Шынболат.
Кейіпкеріміз Алматыда келген соң көп аялдамай Жаркентке, темір жол вокзалы жанынан салынған 4 қабатты қонақ үй құрылысына жұмысқа кетті. Ол жақта екі жарым ай істеп, 85 мың теңге тауыпты. Сөзінше, ақыларын бригадирі жеп қойған. Ол адамның Алматыда қайда тұратынын, не істейтінін білгенімен, тәжікелесіп жатқысы келмей, "ұяты білсін" деп ақысын толық сұрамастан үндемей Алматыға қайтыпты.
ШАШТАРАЗ БОЛУЫНА АҒАСЫ СЕБЕПКЕР
Бұл жолы Шынболатқа Алматыдан жұмыс оңай табыла қойған жоқ. Күндік жұмыстармен күнелтіп, тұрақты жұмыс іздеумен болды. Сөйтіп жүргенде үш ай өте шығады. Осы үш айда Тастақта шаштараз болып істейтін немере ағасы "ауылда қайшы, тарақпен аздап шаш алатының бар еді ғой. Менің қасыма кел, өзім үйретем" деп талай шақырды. Шынболат бастапқыда жүрексініп, ұсыныстан бас тартып жүрді. Тұрақты жұмыстан хабар болмағандықтан төртінші ай дегенде ағасының жанына барды. Бұл 2012 жылдың жазы болатын.
Шынболат шаш қиюды бірден үйреніп, қысқа уақыттың ішінде ерлер шашын қиятын шебер болып шыға келді. Ағасымен 5-6 ай істегеннен кейін, жиенінің шақыруымен Саяхаттың маңынан ашылған салонға ауысты.
Бірақ әкесі Шынболаттың шаштараз болуын құптамай, ауылға қайтарып алды. Сөйтсе, әке арманы үлкен қалада жүрген баласының аяғына тұсау салып, үйлендіру екен. Шынболат сол барғаннан ауылда 9 ай болып, үйленіп, қалаға келіншегімен келді. Қазір бір ұлы, екі қызы бар. Кенжесі жақында бірге толады.
Қалаға келген сәтінде үйреншікті Саяхатында жаңа салон ашылып жатты. Шынболат – 6 жылдан бері сол жерде белгілі шаштараз. Карантинге дейін күніне орта есеппен 20-25, карантин енгізілгелі 16-17 адамның шашын қияды. Өзінің есебінше, 8 жыл ішінде шамамен 38 мыңға жуық адамның шашын алыпты.
"Палуанға оң-терісі бірдей" дегендей қандай шаш болмасын, қандай шаш үлгісі болмасын Шынболат үшін сөз емес. Тек бір орында отырмайтындықтан балалар шашын алу біраз қиындау. Қалғаны – жарты сағаттық шаруа. О баста қиынға соққан "площадка" үлгісін қазір шебер меңгерген.
Жаңа шығып жатқан шаш үлгілерін әр шаштараз әрқалай үйренеді. Біреу арнайы курс оқыса, біреуі видеоға қарап меңгереді. Шынболат біреудің алғанын сырттай бақылап, бір көріп алса болғаны. Өзі мұны "өнер ұрлау деп атаймыз" дейді.
ҚАЙШЫ, ТАРАҚ СҰРАУ – КӘСІБИ МАМАНҒА ЖАТ ҚЫЛЫҚ
Әр шаштараз құрал-сайманды өзі алады. Оны ешкімге бермейді. Онымен шаштан басқа ештеңе қимайды. Бір-бірінен "қайшы-тарағыңды бере тұршы" деп сұрамайды да. Сұрау – кәсіби маманға жат қылық.
Келушілерінің көбі – жастар. Арасында "ненің жарасатыны саған көбірек мәлім ғой" дегендей айна алдына үнсіз отыра салатындар да кездеседі.
Сөзінше, жастардың дені соңғы жылдары екі шетін қысқа етіп, төбе шашты бір жаққа қарай қайырып, қайырылған тұсты сыздырып алатын болған. Мұндай шаш үлгісі "андеркат" деп аталады екен. "Карантинде екінің бірі "под машинку" алғызды. Бірақ артынан жараспайды екен, өспей жатыр деп өкінеді" дейді Шынболат.
Шаштаразды шеберлінен бұрын айтқан әңгімесі үшін таңдайтын клиенттер де бар болып шықты. Шынболат алдындағы адам өзі әңгіме бастамаса, бірінші болып сөзге тартпайды.
– Адам әртүрлі ғой. Бізге келгенде олардың көңіл-күйі де әртүрлі болуы мүмкін. Біреу шаршап тұрады, енді біреу әлдекіммен ренжісіп келеді. Біреу проблемасымен бас қатырып тұруы мүмкін. Сондықтан өзімнің әңгімеммен клиентті мезі еткім келмейді. Өзі сөйлесе, әңгімеслесе кетем. Оның үстіне жұмыс кезінде ұсақ шаштардың ауызға кіріп кетпеу жағын да ойлайсың. Клиенттің шашын жуып жатқанда басын қысып, уқалап жіберетінім бар. Бұл – өзіндік "фишкам". Мұны көп адам ұнатады. "Бір серігіп қалдым" деп риза болып жатады. "Қытығым келеді" деп жақтыра бермейтіндер де табылады. Негізінен алдын ала сұрап аламын. Мұндай майда-шүйде нәрсенің өзі келушіні риза етуі мүмкін. Риза клиент келесіде өзі ғана келмей, танысын да ерте келуі мүмкін, – дейді ол.
Шаштараз жұмысына шаш алдырушылардың барлығының бірдей көңілі тола бермейтіні тағы бар. Мұндай сәттер шаштараздың көңіл-күйіне, оның жұмысқа деген ынтасына да қатты әсер етеді. Көңілінің қошы жоқ адамның мазасы болмай, жұмысы да жүрмейді. Осындайда Шынболат келесі клиенттің көңілінен барынша шығып, соның ризашылығын алуға тырысады. Кейінгі келушінің алғысын алса, жұмысқа құлшынысы қайта ашылады.
"АУЫЛДАҒЫ ТАНЫСТАРЫМА 300 МЫҢ ТЕҢГЕ ҮЛКЕН ҚАРАЖАТ БОЛЫП КӨРІНЕДІ"
Қыста адам азаятыны болмаса, шаштараз – қашан да сұранысқа ие мамандық. Шынболат бұл кәсіпке көбіне ер адам епті келеді деп санайды. Шаш қиып үйрену мерзімі әркімде әрқалай. Біреу екі-үш күнде алып кетуі мүмкін. 5-6 ай бойы үйренетіндер де бар. Шаш алғанда ерлердің шашын қию қиындау. Өйткені майда жұмысы көп.
Шаштараздардың табысы әртүрлі. Шынболат сауда үйлерінде істейтін шаштараздар көбірек алатынын, өзінің айына 300 мың теңгедей табатынын айтты.
– Орысшаға шорқақпын. Сондықтан сауда үйлерінде істей алмайтын сияқтымын. Оның үстіне ол жақтың "мастерлерін" қарасаң, денесіне сурет салып алған, киім киістері де біздікінен бөлек. Басқаша адамдар сияқты. Біз ондай ортаға үйренбегенбіз ғой. Әйтпесе, солар шашты біздей-ақ алады. Кейбірінен асып түспесек, кем емеспіз. Айына шамамен 300 мың теңгедей табам. Кейде азырақ, кейде көбірек. Ауылдағы таныстарыма 300 мың теңге үлкен қаражат болып көрінеді. Бірақ Алматыда шығын көп екенін олар қайдан білсін. Пәтерақы мен балалардың балабақшасының өзіне айына 100 мың теңге кетеді. Азық-түлік, киім-кешек аласың. Кредит төлейсің. Өлім-жітім, той-томалақ бар. Карантинде табыс азайып кетті. Көктемдегі карантинде тіпті бәрін жауып, ауылда жаттық, – дейді ол.
Шынболат "Алматыда уақытша жүрмін" дейді.
– Балалар мектепке барғанға дейін, болмаса ес кіргенге шейін Алматыда жүре тұратын шығармын. Бірақ мұнда тұрақтап қалмаймын. Өйткені Алматыда бір туысым жоқ. Араласпасаң, жат боласаң. Ата-анам, ағаларым да, апаларым да Шымкент жақта. Мен де түбі кетем, – дейді шаштараз.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір