• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 17:28:56
Алматы
+12°

Елде карантин режимі енгізілгелі жұмыссыз қалған азаматтар саны көбейді. "Карантинде табыссыз қалдық" деген жеке кәсіпкерлер, асабалар, даяшылар билікке наразылығын білдіріп, күнкөріс қиындап кеткеніне қынжылып жүр. "Қамшы" тілшісі карантинде табысынан айрылғандармен сөйлесіп, қалай күн көріп жатқандарын білді. 

"ТОЙҒА ШЫҒЫП, НӘПАҚАСЫН ТАУЫП ЖҮРГЕН АСАБАЛАРДЫ ТОЛЫҚ ҚОЛДАЙМЫН"

Қарағанды қаласының беделді асабасы Мейірбек Байшагиров карантинге қарамастан тойға шығып, нәпәқасын тауып жүрген әріптестерін толық қолдайтынын жасырмады. Айтуынша, өзі де мамыр айында карантин талаптары жеңілдетілген кезде той жүргізген. 

– 2013-тен бері той саласында қызмет атқарып келемін. Елде енгізілген карантин баршамызға кері әсерін тигізді. Әрине, менің асабалықтан басқа жұмысым болғандықтан карантинде қатты қиналдым деп айта алмаймын. Ал карантин уақытында тойға шығып, нәпәқасын тауып жүрген әріптестерімді толық қолдаймын. Өйткені оның ішінде өзім де бармын. Той иелерінен көптеген ұсыныс түскен соң мамырда аптасына  2-3 рет тойға шығып тұрдым. Біз барынша санитарлық талаптарды сақтап жүрсек, еш қиындық туындамайды. Осы уақытқа дейін үстімнен "карантин режимін, санитарлық талаптарды сақтамады" деген арыз түспеді. Бұрындары қылмыс жасасақ қорқатын едік, ал қазір той жасауға қорқатын болдық, – дейді ол. 

Асаба "той жасау тыйылсын" деген бастаманы да қолдамайды. 

Сурет Мейірбек Байшагировтың жеке мұрағатынан

– Шыны керек қазір елдің бәрі тойға тисіп кетті. Бәрінің айтатыны бір сылтау – мейрамханаларда қауіпсіздік шаралары сақталмайды. Негізінде олай емес. Ойлап қараңыздаршы, қазір базарларда адам қаптап жүр. Бір автобустың өзінде мыңдаған адам отырады. Ол жерде санитарлық талап сақталып жүр ме? Оның үстіне қазір адамдардың көбі өздеріндегі, елдегі проблеманы тойға әкеп тіреп қояды. Билік басындағылардың бәрі тойға қарсылығын білдіріп, шектеу шараларын қатаңдатты. Бұл – дұрыс емес, – дейді асаба. 

Сұхбат барасында Мейірбек карантинде қалай табыс тауып жүргені туралы айтып берді. Сөзінше, оны асабалықтан басқа тұрақты жұмысы асырапты. 

– Өзім Қарағандыдағы "Болашақ" академиясы жастар комитетінің төрағасымын. Одан бөлек әлеуметтік желі арқылы да табыс табамын. Өздеріңіз білесіздер, жарнама – ешқашан өлмейтін дүние. Бұрын әлеуметтік желі адамды асырай алады дегенге сенбеуші едім. Қазір соған көзім толықтай жетіп жатыр. Табысымның бір бөлігі әлеуметтік желіден, – дейді ол. 

"ҮШ АЙ КАРАНТИНДЕ 1 МИЛЛИОНҒА ЖУЫҚ АҚШАДАН АЙЫРЫЛЫП ҚАЛДЫМ"

Жеке кәсіпкер Нұрдаулет Балғабекұлы карантинде кішігірім асханасының жабылып қалғанын және миллионға жуық табысынан айырылғанын айтып күйінді. 

– Өзім жеке кәсіпкермін. Қарағандыда кішігірім асханам бар. Карантинде тамақтану орындарын жабылып, менің де жұмысым тоқтады. Үш ай ішінде 1 миллионға жуық ақшадан айырылдым. Енді жақсы жаңалық келіп қалар деген үмітпен 2 тамызды күтіп отырмын. Қазір жеміс-жидек сатып күнкөріс қамын жасап жатырмыз. Мамырда төтенше жағдай режимі аяталған соң асханамыз бар-жоғы бір апта ғана жұмыс істеді. Кейін тағы да карантин режимін енгізіп, шектеу қойып тастады. Бір өкініштісі, үкімет бізді жауып тастап, кішігірім жазғы кафелердің әрі қарай жұмысын жалғастыруына рұқсат берді. Бұл – дұрыс емес. Заң барлығына ортақ болуы керек. Олар сияқты біздің де жұмысшыларымыз бар. Олар қазір жұмыссыз қалды. Олардың да асырап отырған бала-шағасы, айма-ай төлеп отырған несиесі бар. Бірақ не болса да үкіметтің айтқан үкіміне көнуден басқа амал жоқ, – дейді кәсіпкер.

"КАРАНТИН – ҚОСЫМША ТАБЫС ТАУЫП ЖҮРГЕН СТУДЕНТТЕРГЕ КЕРІ ӘСЕРІН ТИГІЗДІ"

ҚазҰУ студенті Шапағат Сейдалы сабақтан тыс уақытта даяшы болып жұмыс істейді. Айтуынша, карантин басталғалы табыссыз қалған. Ол "30 адамға дейін банкет ұйымдастыруға рұқсат берген дұрыс" деп есептейді.

Сурет Шапағат Сейдалының жеке мұрағатынан

– Алматының жақсы бір мейрамханасыда даяшы болып жұмыс жасап жүріп, кейіннен аспаздың көмекшілігіне ауыстым. Елде карантин басталғалы жұмыссыз қалдым. Жалпы карантин мен сияқты қосымша табыс тауып жүрген студенттерге де кері әсерін тигізді. 11 мамырда, төтенше жағдай режимі аяқталған соң кішігірім тамақтанатын орындар ашылып, 20-30 адамға дейін банкеттер ұйымдастыруға рұқсат берілген болатын. Сол кезде азын-аулақ жұмыс болып тұрды. Бірақ шілденің 5-нен бастап қайтадан карантин режимін енгізіліп, той жасауға тыйым салынды. Үкімет рұқсат бермегенімен, тойды үйлерінде жасап жатқан адамдар қаншама?! Олар қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Менің ойымша, тым болмаса 30 адамға дейін банкет ұйымдастыруға рұқсат берген дұрыс сияқты. Өйткені мейрамханаларда барлық сантитарлық талаптар сақталады. Бір жағынан кей адамдарға жұмыс табылады. Мәселен, ақылы бөлімде оқып, оқуының ақшасын өзі тауып жүрген студенттер бар. Егер осылай жалғаса беретін болса, сондай студенттерге қиын болайын деп тұр, – дейді Шапағат.

Оның пікірінше, мыңдаған адам жиналатын базарлардың емес, 30-40 адам жиналатын кафелердің жұмысын тоқтатқаны әділетсіз.

– Қазір мейрамхана, кафелердің жұмысын тоқтатқанымен, базарлардың жұмыс істеп жатқаны белгілі. Базарда мыңдаған адам топтасып жүреді. Оның бірінде маска бар, бірінде маска жоқ. Былай айтқанда базарларда қауіпсіздік шаралары сақталмайды. Оның жанында мейрамханадағы шағын шаралар ештеңе емес. Тым болмағанда 30 адамға дейін мерекелік шаралар, тойлар, жиындар өткізуге рұқсат берсе екен. Мыңдаған адам жиналатын базарлар, жүздеген адам жиналатын автобустар жұмыс істеп тұрғанда, 30-40 адам жиналатын кафелердің жұмысы тоқтатылғаны әділ емес, – дейді ол.

Нұрсұлу Темірханқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір