• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 20:56:33
Алматы
+12°

Қазақстанның экс-президенті, биліктегі NurOtan партиясының және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін 80 жасқа толды. Елді 30 жылға жуық уақыт басқарған тұңғыш президент туралы қоғамда пікір әрқилы. Қамшы тілшісі журналист, тарихшы, қоғам қайраткерлерінен тұңғыш президенттің билігіне берілер тарихи баға туралы сұрап, пікірлерін білді.

Сейтқазы Матаев, журналист, Назарбаевтың 1991-1993 жылдардағы баспасөз хатшысы: Назарбаевты жанында жүргендер мақтап, "сіз мықтысыз, сіз жақсысыз" деп ақиқаттан алшақтата берді

Сейтқазы Матаев, журналист, Назарбаевтың 1991-1993 жылдардағы баспасөз хатшысы

Ол кісі (Назарбаев – ред.) басында демократ болды. 1996 жылғы президент сайлауына бару да жоспарланып отырған. Тіпті Түркменбасшы Сапармұрат Ниязов 1994 жылы референдуммен өкілеттілігін ұзартқанда Назарбаев "мұнысы несі" дегендей күле қараған. Алайда оның жанында жүрген адамдар, шетелдік, ресейлік политтехнологтар оны сайлауға бармауға, референдум арқылы өкілеттілігін ұзартуға көндірді. 1995 жылғы референдумнан кейін оның бағыты өзгеріп, билікте отыруға әрекет жасай бастады. Екі мерзіммен шектелмей, бірінен кейін бірі мерзімінен бұрын өткен сайлау арқылы президенттік орынтағын соза түсті.

 

Бұл жолда ол өзіне кедергі келтіргендерді, қарсы шыққандарды шеттететін немесе шетелге ауыстырып жіберетін. Сондықтан оның қасында жүргендер билігін, жиған байлығын сақтап қалу үшін Назарбаевты мақтап, "сіз мықтысыз, сіз жақсысыз" деп ақиқаттан алшақтата берді.

 

1996 жылы мені қайтадан қызметке шақырған. Мен ол кісімен келіспейтін тұстарымды айтып, бас тарттым. Елде бір адамның пікірінен басқа да пікір болуы керек екенін жеткізгенімде айтқанымды ұнатпай қалды. 90 жылдардағы қиын-қыстау кезде Назарбаевтай адам керек болған да шығар. Бірақ оның билікте қалуы тым созылып кетті.

Хангелді Әбжанов, тарихшы, профессор: Назарбаев билікте 2000 жылға дейін отырып, сонымен тоқтауы керек еді

Хангелді Әбжанов, тарихшы, профессор

Тәуелсіз елдің тұңғыш президенті болу – екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Бұл – әрі бақыт, әрі үлкен жауапкершілік. Қазақстан Назарбаев басшылығында болған 30 жылда тұрақты, шайқалуы, төгілуі жоқ сын жолынан өтті. Мұны бір ғана адамның еңбегі демеймін. Жалғыз ағаш орман бола алмайтынындай, бір адам бүкіл халықтың миссиясын атқара алмайды. Қайта бұл жерде мәселе біздің халықтың сабырлығы, басшыға құлақ қоятыны, жақсылықтан үлкен үміт күтетіні көп рөл ойнады. Тарихта тұлғаның рөлі деген бар, халықтың рөлі деген бар. Бұл екіжақты процесс. Бұлар бірін-бірі толықтырады. Мәселен, астана халықтың жұмылуымен, халықтың қолымен салынды. Ал оған тұлғаның бастамашылдығы, ақылдығы себеп болды.

 

Қалай десе де Назарбаев тарихта тәуелсіз Қазақстанның сәулетшісі болып қалады. Оның артына қалдырған мұрасы негізінен құптауға тұтарлық, бірақ шаң жұқтырмайтындай, үздіктің үздігі деп насихаттайтындай емес.

 

Назарбаевтың артықшылығы – Қазақстандағы халықтардың негізгі бөлігінің денінің қасиетін бойына сіңіруі, ерекшелігін білуі. Ол әртүрлі өркениеттің, мәдениеттің құндылықтарын бойына жинай алған адам. Ал оны ақылмен, сабырмен ұстағанда осындай әдемі нәтиже берді.

Алайда 30 жылдық мерзім кем-кетіксіз өтті деуден аулақпын. Бір адам қанша жерден ақылды, қанша жерден ғұлама болса да, қоғам алдында тұрған міндетті шеше алмайды. Ол өзіне тиесіліні межелі жерге дейін апара алса, соның өзі – олжа.

Нұрсұлтан Әбішұлының тұсында мемлекеттік тіл мәртебесін көтере алмадық. Қазақ тілін білмей-ақ әкім, министр, генерал болып жүргендер көп. Бұл  – нонсенс қой. Бірде-бір елде басқа тілмен бастық бола алмайсың.

Нұрекең сондай-ақ 30 жылда жемқорлықты жеңе алмады. Бұл да біздің бір қасіретіміз.

"Қазақстан – халықтар достығының лабараториясы" деп жатамыз, бірақ Қазақстанда идеология түзілмеді. Қазақстан идеологиясы деген бас-аяғы жинақталған танымал, өзімізге де, өзгеге де ортақ құндылық қалыптаспады. Қазақстан 99 елдің музыкасын тыңдайтын, 99 елдің газет-журналын оқитын, кейде өзінікін ысырып қоятын, басқаға басымдық беретін ел болып шықты. Бұл да адамды қуанта қоймайды.

Соңғы кездері эмоцияға берілгеннен бе, әлде бәлкім шаршағандықтан "екі сиыр алып, отбасыңды бақ", "бала табарда бізбен ақылдасып па едің" деген сияқты басы артық сөздер айтып қоятын болып жүр. Бұл енді Елбасы айтатын сөз емес.

 

Меніңше, Назарбаев билікте 2000 жылға дейін отырып, сонымен тоқтауы керек еді. Сол кезде тоқтағанда, бізде басқаша ахуал қалыптасар ма еді. Ол алғашқы 10 жылын жақсы атқарды, одан кейінгі уақытының бәрі табысты бола берді деп айта алмаймын. Оны Назарбаевтың өзіне тікелей айтқандар да болды. Серікболсын Әбділдин айтты, Әкежан Қажыгелдин де, Алтынбек Сәрсенбаев та, Заманбек Нұрқаділов те айтты. Бірақ ол уақытта президенттік институт дес бермей, құбыжыққа айналып кеткен еді.

 

Оның үстіне дербес билікке ие адамды көпшілік қол шапалақтап, мақтай беретіні бар. Адам билікте көп отырған сайын оның кері жағы да болады.

Бейбіт Қойшыбай, тарихшы: Назарбаевтың үлкен қателігі – тарихи шешім қабылдай алмауы

Бейбіт Қойшыбай, тарихшы

Кеңес одағы ыдыраған уақытта алдымызда таңдау тұрды. Сол кезде біз ғана емес, Орта Азиядағы бес мемлекет ұлт мүддесіне жауап беретін жолды таңдауы керек еді. Олар олай істеудің орнына ТМД-ға өтіп, қайтадан бастарын қамытқа тықты.

Одақтағы жетекші ел Ресей көріп отырғанымыздай ойына келгенді істеп келеді, соғыс ашқысы келсе, аша салады, бір мемлекеттің жерін басып алғысы келсе, ол үшін оны да істеу қиын емес.

 

Кеңес одағынан әрең құтылғанда Ресейдің қарамағына түсіп қалмау жағын ойлау керек еді. Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қателігі – осындай тарихи шешім қабылдай алмауы деп ойлаймын. Мұндай қателікті Орта Азиядағы өзге елдердің басшылары да жіберді.

 

Олар сол сәтте өзара бірігіп, одақтас түркі елдерінің берік, дербес одақтастығын құрғанда, одан кейін барып славян елдерімен қарым-қатынас жасағанда әлдеқайда тең дәрежелі болар еді. 1990 жылдары ол мүмкін болатын. Бәрінің мүмкіндігі, даму деңгейлері шамалас тұғын. Осы 80 жылдық үлкен той қарсаңында осындай мәселелерді қайта қарап, кем-кетік тұстарды түзетуге жұмыс жасалғаны жөн еді. Кремльдің империяшыл пиғылын көріп отырмыз. Сондықтан Орта Азия елдері ықпалдасып, серіктесіп ұлттық мәселелерін қорғаса, Ресейге төтеп беріп, өздерін қорғай алар еді.

Марат Тоқашбаев, публицист-жазушы: Назарбаевтың биліктегі алғашқы 4-5 жылы ғана халыққа тиімді болды

Марат Тоқашбаев, публицист-жазушы

Өз басымның Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа деген сенімім мен құрметім шексіз болатын. Ол кісіні үнемі Түркияны жаңа арнаға бұрған, жаңа биікке көтерген Ататүрік сияқты "қазақтың әкесі болады", "қазақтың атасы болады" деп күтетінбіз. Алайда оның биліктегі алғашқы 4-5 жылы ғана халыққа тиімді болды. Жалақы, зейнетақы берілмеген қиын кезде үкіметтің жұмысын сол мәселелерді шешуге жұмылдыра білді.

 

Жалпы мен ол кісінің қазақ мемлекеттігіне сіңірген екі еңбегі бар деп санаймын. Алғашқысы – Қазақстанның көрші елдермен шекарасын айқындап, бүге-шүгесіне дейін дау туматындай етіп делимитация жасауы. Сол арқылы ел іргесін бекітуі. Екіншісі, қазақ елінің кіндігін Алматыдан Сарыарқаның төріне ауыстыруы.

 

Қазақстанды халықаралық деңгейде тынытуға атсалысуы, Семей полигонын жабуы, Қазақстанның қолындағы ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы сияқты нәрселер мемлекет басшысы ретіндегі мойнына алған шаруалар болатын. Соның ішінде Қазақстан ядролық қаруды бермегені дұрыс болар еді. "Біз ядролық қаруды бермейік" деп талай жаздық, айттық. Егер біздің қолымызда ядролық қару болғанда көп мемлекеттер, Ресейдің өзі бізбен санасып әрекет етуге мәжбүр болар еді.

Ал бүгінде еліміз енген кедендік, экономикалық одақтардан Қазақстанға келген пәлендей пайда болған жоқ. Азаматтармыз шетелден көлік алғысы келсе, өте сапалы, жақсы германиялық, жапондық көліктерді емес, Ресейдің сапасыз, екі-үш жыл айдағаннан кейін сынып қалатын көліктеріне тәуелді болып қалды. Халық әлі күнге дейін осыдан 20, 30 жыл бұрын шыққан көліктерді айдауға мәжбүр. Бұл елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының көрсеткіші ғой.

 

Бұл тұрғыда Қазақстанда 90 жылдарда айтылған "Катар сияқты, Сингапур сияқты ел боламыз" деген уәделердің бірі орындалмады. Тәуелсіздіктен бергі 30 жылда экономиканы әртараптандыру әлі дұрыс жүзеге аспады. Қазақстан әлі мұнайды сатқаннан түсетін пайданың арқасында ғана жан бағып отыр.

 

Қазақстан конституцияда көрсетілгендей демократиялық елге айнала алмады. Қазақстан авторитарлық жолға түсіп кетті.

Шынайы конституциялық жолмен алып қарағанда Нұрсұлтан Назарбаевтың қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып отырғанының өзі легитимді емес. Өйткені жаңа президент сайланған кезде барлық құрылымдар оған ант беруге тиіс. Бізде олай болмады. Назарбаев, барлық күш құрылымдары Тоқаевқа ант берген жоқ. Бұл елдегі авторитарлық жүйенің ары қарай өмір сүруіне қызмет етіп жатыр.

Меніңше, осы 80 жылдықта Назарбаевты мақтау, мадақтау ғана емес, оның барлық қызметін саралауға, бағалауға арналған комиссия құруға болады. Сол арқылы оның шынайы бағасын беру қажет. Мәселен, 90 жылдары елдің ауыл шаруашылығы тікелей Назарбаевтың нұсқауымен қиратылғанына куәмін. Біз бұл салада сол 1990 жылғы деңгейге жете алмай келе жатырмыз. 1990 жылы Қазақстанда 36 млн қой болса, қазір 18 млн ғана. Ел арасында көптеген жер учаскелерінің шетелдіктерге заңсыз сатылып, жалға беріліп кеткені туралы небір деректер айтылады. Сондықтан Қазақстан Үкіметінің соңғы 30 жылдағы жұмысына криминалдық тұрғыдан да тексеру жүргізу керек деп есептеймін.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір