Instagram.com
Украиналық белгілі "Орёл и решка" бағдарламасының кезекті түсірілімдерінің біріне Нью-Йоркте тұратын Қазақстан азаматы Данияр Кожан түсті.
Ол Нью-Йорктың пандемия кезіндегі тыныс-тіршілігі, ауруханалардағы жағдай, жалпы эпидемиологиялық ахуал туралы баян еткен.
Данияр Кожан Алматы қаласының тумасы. Қазақ гуманитарлық заң университетін "Құқықтану" мамандығы бойынша бітірген. Қазір Нью-Йоркте "Ballon Stoll Bader" заңгерлік компаниясының пиар-менеджері болып жұмыс істейді.
Оның сөзінше, түсірілімге қатысу ұсынысы "Орёл и решка" бағдарламасы редакциясының тарапынан болған.
– 12 сәуір күні Instagram парақшама "Орел и Решка" бағдарламасының редакциясынан хабарласты. Олар менің Нью-Йорктегі қызықты жазбаларымды көріпті. Мұндағы жағдай "өте қиын" дегенді естіп, қаланың қазіргі өмірін түсіріп жіберуді сұрады. Түсірілімде Нью-Йорктің танымал көшелерін, дәрігерлердің жұмысын, уақытша құрылған ауруханаларды көрсетуге тырыстым, – дейді Данияр.
Данияр бұған дейін қазақстандық телеарналарда журналист, продюсер болып жұмыс істеген. Өзінің айтуынша, саяхаттағанды бұрыннан жақсы көреді.
– Өзім саяхаттағанды жақсы көремін. Әзірге 15 мемлекетте болдым. Америкаға анам екеуміз келіп, штаттарды аралағанбыз. Осылайша, заңгерлік компаниядан ұсыныс түсіп, пиар-менеджер қызметіне қабылдандым, – деп атап өтті.
Данияр әйгілі боксшы Майк Тайсонмен сұхбаттасқан.
– Өмірімдегі маңызды материалдардың бірі – танымал боксшы Майк Тайсонмен болған эксклюзивті интервью дер едім. "Орел и Решка" бағдарламасын түсіргенде де өзім оператор, өзім монтажер болдым. Оның мәтінін жазуға қазақстандық журналист Анар Үмбетова көмектесті. Қазір Анар да Америкада тұрады. Нью-Йорк туралы шығарылымға өте жақсы лебіздер келіп жатыр. Бағдарламаның бас продюсері Елена Синельникова хабарласып, алғыс білдірді. Енді Нью-Йорк туралы келесі шығарылымды әзілеп жатырмыз. Онда халықтың коронавирус инфекциясынан жазылғанын көрсетерімізге үміттенемін, – дейді Нью-Йоркте жұмыс істейтін Қазақстан азаматы.
Данияр түскен сәт видеоның 4 минутынан басталады.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір